«Атамұра» баспасы – қазақ мәдениетінің, тарихының және білімінің айнасы.
Ұрпаққа сый: «Атамұраның» рухани жауһарлары
753
оқылды

«Атамұраның» оқулық шығаруына қандай құқы бар, дереу тыйым салынсын» дегендер де болған. Алайда аяққа тұсау, қолға бұғау болғысы келгендердің ойлағаны болған жоқ».

  Рақымғали ҚҰЛ-МҰХАММЕД

«Атамұра» баспасы – қазақ мәдениетінің, тарихының және білімінің айнасы. Бұл баспа өзінің ұлттық сипаттағы шығармаларымен ғана емес, сондай-ақ әрбір басылым арқылы оқырманға терең ой мен рухани азық сыйлай алуымен ерекшеленеді. Оған оқырмандардың өзі-ақ көз жеткізе алады. «Атамұра» баспасы – тәуелсіздікпен қанаттасып өскен рухани алып, жас мемлекеттің серігі. Еңбегінің арқасында шағын кәсіпорыннан 20-ға жуық мекемені қамтып, үлкен корпорацияға айналды. Әмбебап басылым, Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы, ұлттық мұраның ұлықтаушысы. Баспаның басты мақсаты – халқымыздың байырғы құндылықтарын дәріптеу. Қазақ халқының ертегілері, аңыздары мен батырлар жырлары секілді асыл қазыналары осы баспа арқылы қайта жаңғыртылды десек, асыра айтқандығымыз емес. Мұндай туындылар жас буынды ұлттық рухты тәрбиелеуге, патриоттық сезімді оятуға және тарихқа құрметпен қарауға жетелейді. Сонымен қатар «Атамұра» баспасы ұлы ақындар мен қабырғалы жазушылардың шығармаларын халыққа ұсыну арқылы бабамыздың өткенін бүгінгі күнге жеткізуге ерекше үлес қосуда. Баспаның ерекше жетістіктерінің бірі – ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы аясында жарық көрген «Абай» тұлғалық энциклопедиясы. Бұл – Орта Азия тарихында жеке тұлғаға арналған бірегей басылымдардың бірі.  

Әдебиеттегі жаңа серпін – негізінде баспа мектеп оқулықтарын шығаруға бейімделген. Мектептегі оқушылар үшін ғаламат дүниелер жасап, көсегесін көгертіп жүрген баспа. «Атамұра» баспасынан жарық көрген көркем әдебиет шығармаларының әрбірі, тәпсірлеп жазылған, терең мазмұнымен, шұрайлы тілімен және ұлттық болмысқа негізделген идеяларымен ерекшеленеді. Баспаны бір сөзбен әдебиет демеушісі десе де болады. Оқырманды өзіне баурап алатын бұл туындылар арқылы қазақ әдебиеті қайта жаңғырып, жаңа тыныс алуына даңғыл жол ашты. Сондай-ақ әдебиет ордасы «Ақмола» және «Маңғыстау» секілді әмбебап энциклопедиялар шығарып, еліміздің әр өңірінің табиғатын, экономикасын, мәдениеті мен тарихын бейнелейтін танымдық басылымдарымен танылды. Бұл басылымдар түрлі түсті суреттермен және фотоиллюстрациялармен ерекше көркемделіп шыққан болатын. 

«Атамұра» дегенде бала кезден оқып келе жатқан, алғашқы кітаптарымыздың яки әдебиетімізді шығарушы баспа еске түседі. Кітап соңында шығарушы баспа «Атамұра» деп тайға таңба басқандай жазылып тұратын. 1997–2004 жылдар аралығында жалпы мектепке баспа-корпорациясы 1-7-сыныптарына арналған 300-ден астам атаудан тұратын оқулық, 600-дей атаудан тұратын оқу-әдістемелік құралдарын жалпы саны 47,7 миллион данамен басып шығарған болатын. Бұл нені білдіреді? Әрине, әлі ойы толыспаған балаларға бағдаршам болғандығын көрсетеді.

Білім саласындағы тың қадамдары биік белестерді бағындырып, толағай табыстарға жеткізіп келеді. Әсіресе, Қазақ тілі мен әдебиет пәндеріне арналған оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулықтары жоғары бағаланады. Бұл оқулықтар оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, тіліміздің байлығын тереңірек меңгеруге ықпал етеді. Бір айта кететін мағлұмат, баспаның басты бағыттарының бірі – жаңа буын оқулықтарын шығару. Ұрпаққа ұлағатты ұйытқы болған баспаның ерекше тұсы – осы. 

Ғылыми әдебиетке келер болсақ, «Атамұра кітапханасы» сериясымен 2002–2005 жылдары 70 ақын-жазушының шығармалары жарық көрді. Ағын көштің алдын Ұлы Абайдың «Қалың елім, қазағым» атты өлеңдер жинағы бастаған болатын. Әйгілі жазушы Пауло Коэльоның «Заһир» романы қазақ оқырмандарына осы баспа арқылы жол тартты.

«Алғашқы құрылған жылдары бұл кәсіпорынның болашағына күмәнмен қарағандардың саны аз болған жоқ. Өйткені бұл кәсіпорын жас мемлекетіміздің кітап бизнесіндегі алғашқы қарлығаштарының бірі еді», – деген екен Рақымғали ҚҰЛ-МҰХАММЕД «Айқын» газетінің тілшісі Ермахан Шайхыұлына берген сұхбатында. Шынында, қазіргі алып баспаның алғашқы кезеңінде небәрі 5-6 адам еңбек еткен. Ал қазір еліміздің алпауыт баспаларының біріне айналды.

«Атамұра» баспасы – ұлттық руханияттың алтын діңгегі. Бұл баспадан шыққан әрбір кітап тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді байытуға, ұрпаққа өнеге қалдыруға қызмет етті. Әр басылымы – білімнің қайнар көзі ғана емес, халқымыздың асыл армандары мен үміттерінің бейнесі. Бұл баспа өз басылымдары арқылы ұлттық рухты нығайтып, Қазақ тілінің мәртебесін асқақтатуға ерекше үлес қосуда.

Кітап – тек білім ғана емес, рухани байлықтың сарқылмас бұлағы. «Жақсы кітап – жан азығы» деген сөз – осы баспаның еңбегіне лайықты баға іспетті. «Атамұра» баспасының еңбегі ел тарихындағы ұлы белестердің айнасы ретінде әлі талай ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Осындай рухани байлықты жасап, ұлттың мәдени дамуына үлес қосқан баспаның еңбегі ұмытылмайды, керісінше, жылдар өткен сайын оның құндылығы арта береді.

Әли ҚАСЫМБАЙ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 

                    Журналистика факультетінің 4-курс студенті

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.