Қазақстан құрамасы Бокстан Азия чемпионатының алғаш­қы күнінен бастап 5 медальды қоржынға салды. Байрақты бәсекеде спортшыларымыз жалпы есепте көш басында келе жатыр.
Азияға сенім көп
273
оқылды

Турнир басталмай тұрып Қазақстан құрамасы бірнеше медальды қамтамасыз етті. Ерлерде Бекзат Нұрдәулетов жартылай финалды бастайды. Осы кезеңде ол украиндық Даниил Жасанмен  (86 келі) кездеседі. Айбек Оралбай да (+92 келі) жарыс жолын жартылай финалдан бастайды. Ол өзбекстандық Жахонгир Зокировпен жұдырықтасады. 

Әйелдер арасында Наталья Богданова (70 келі) мен Гүлсая Ержан (81 келі) турнирді жартылай финалдан бастаса, 81 келіден жоғары салмақта Елдана Талипова финалға автоматты түрде жолдама алып, онда Алтина Сотымбоева (Өзбекстан) мен Марина Ловчинская (Украина) арасындағы жеңімпазды күтеді.

Естеріңізде болса, спортшы жартылай финалда жеңілген жағдайда қола медальды қанағат тұтады. 

Чемпионаттың екінші күні шаршы алаңда Қазақстанның атынан екі боксшы өнер көрсетті. 57 келіге дейінгі салмақта  Оразбек Асылқұлов малайзиялық Зульхайлан Мохамадпен қолғап түйістіріп, сенімді түрде жеңіске жетті. Нәтижесінде, ширек финалға жолдама алды. Сондай-ақ 60 келіге дейінгі салмақта Бейбарыс Жексен өзбекстандық Дильшод Абдумуродовты төрешілердің шешімі бойынша жеңді.

Айта кетейік, 67 келіге дейінгі салмақта Дулат Бекбауов та ширек финалға өткен еді. Қазақстандық боксшы тайбэйлік Ванг Чиуанға қарсы жекпе-жек өткізіп, нәтижесінде төрешілердің шешімі бойынша Дулат 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Жарыстың үшінші күні Ұлжан Сәрсенбек Украина боксшысынан басым түсті. 57 келіде жұдырықтасатын жерлесіміз 1/8 финалда Украина спортшысы Карина Вовктан айласын асырды.

Құрама сапындағы әрбір боксшы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Бұл тізімде әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Олимпиада ойындарының қатысушылары бар.

Қазақстан ерлер құрамасында 13 спортшы өнер көрсетеді: Санжар Тәшкенбай (48 келі), Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Бейбарыс Жексен (60 келі), Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Ерасыл Жапеков (80 келі), Бекзат Нұрдәулетов (86 келі), Сағындық Тоғамбай (92 келі) және Айбек Оралбай (92 келі).

Сондай-ақ қыздар құрамасы да толық құрамда барды: Әйгерім Саттыбаева (48 келі), Алуа Балқыбекова (50 келі), Жазира Орақбаева (52 келі), Сымбат Әлиасқар (54 келі), Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Милана Сафронова (66 келі), Наталья Богданова (70 келі), Диана Мағауияева (75 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) және Елдана Талипова (81 келі). Бір өкініштісі, Алуа Балқыбекова сырқаттауына байланысты жекпе-жекке шығудан бас тартты.

Біршама уақыт кәсіби мансабын дамытуға көңіл бөлген Абылайхан Жүсіпов пен Бекзат Нұрдәулетов қайтадан ұлттық құрамаға оралды. Олар барлық маңызды жиыннан өтіп, Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған турнирде өз шеберліктерін дәлелдеді.

Маңызды өзгерістердің бірі  Айбек Оралбайдың ауыр салмақ дәрежесіне өтуі болды. Бас бапкер Қайрат Сәтжановтың айтуынша, бұл өзгеріс Оралбайдың дайындық деңгейіне айтарлықтай әсер етпеген.

– Шымкенттегі турнирде ол 92 келіден жоғары салмақта өнер көрсетті. Төрт жекпе-жек өткізді. Өзін өте жақсы қырынан көрсетті. Қарсыластарынан жылдамырақ, аяқпен жұмыс істеуде басым екенін байқауға болады. Сондықтан ол бұл салмаққа толық бейімделді деп айта аламын, – деді бас бапкер.

Болжам бойынша, Оралбай чемпио­наттағы ең маңызды жекпе-жектердің бірін өткізуі мүмкін. Азияда ауыр салмақта мықты боксшылар көп емес, сондықтан ақтық сында Айбек пен Өзбекстан спортшысы Жахонгир Зокиров кездесуі ықтимал. Айта кетейік, Зокиров жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының бес дүркін жеңімпазы.

Жалпы, Өзбекстанның Азия чемпионатына іріктелген құрамы күткендегідей болмады. Бапкерлер штабы жастарға сенім артып отыр. Олар жақында ғана өз елінің намысын жастар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарда қорғаған еді. Бұл жағдайда әлем чемпионы Миразизбек Мирзахалилов (57 келі) пен Мадияр Саидрахимовты (92 келі) атап өтуге болады.

Құрамда бірнеше жаңа спортшының есімі аталған. Алайда бұл ақпарат Өзбекстанның алтын алу мүмкіндігі төмен екенін білдірмейді. Әрине, қағаз жүзінде біздің команда әлдеқайда мықты әрі тәжірибелі көрінеді. Бірақ бокста кез келген жағдай болуы мүмкін.

Қарсыластарды төмен бағаламау керек, себебі олардың жеңіске деген құлшынысы әлі де жоғары әрі қауіпті.

Басқа құрамалар қандай қарсылық көрсете алатынын айту қиын. Барлық команданың құрамы әлі жарияланған жоқ, сондықтан турнирлік кестені талдау оңай емес. Дәстүрлі түрде Қытай, Үндістан, Таиланд, Филиппин, Моңғолия және Оңтүстік Корея құрамалары жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін. Қырғызстан сапынан 2024 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Мунарбек Сейітбек уулу (57 келі) өнер көрсетеді. Тайбэй мен Тәжікстанның боксшылары да қауіпті.

Айтпақшы, жапон құрамасының көптеген көшбасшысы бұл турнирге қатыспайды. Олар Азия чемпионатымен бір мезгілде Англияда өтетін World Boxing ұйымдастырған Әлем кубогына аттанды. Алайда жарысқа Украина боксшылары қатысады. Дегенмен олардың қатарында Париж Олимпиадасының финалында Нұрбек Оралбайды жеңген Александр Хижняк жоқ екенін атап өткен жөн.

Өткен Азия чемпионатында Қазақстан үш алтын, алты күміс және үш қола медаль жеңіп алған еді. Алтындар саны бойынша біз тек Өзбекстанға (бес алтын)  жол бердік. Бұл жылы чемпионатта кеткен есені қайтаруға тамаша мүмкіндік бар. Қайрат Сәтжановтың алға қойған мақсаты – көп алтын медаль ұтып, командалық есепте жеңіске жету. Сонымен қатар олимпиададағы олқылықтың орнын толтыру да маңызды міндеттердің бірі.

2024 жылғы Азия чемпионаты 30 қа­ра­шадан 12 желтоқсанға дейін өтеді. Бас­тапқыда құрлықтық чемпионат Иорда­нияның Амман қаласында өтуі керек еді, бірақ кейін қауіпсіздік мәселелеріне байланысты орны ауыстырылды. 

Әсет ҚАЛИ