Іс-шара соңында барлық қатысушылар арнайы медальдармен, ынталандыру сыйлықтарымен және дипломдармен марапатталды.
Инклюзивті спорт фестивалінің жеңімпаздары марапатталды
544
оқылды

Бүгін елордада ерекше форматта өткен «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық бала қатысты, олардың ішінде 66-сы ерекше қажеттілігі бар балалар.  

«Тең мүмкіндіктер» фестивалі «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның бочча федерациясы, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, Спортты дамыту дирекциясы және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылды.  

Марапаттау рәсімінде партия Хатшысы Шолпан Каринова бұл фестивальдің республикалық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылғанына баса назар аударды. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында ерекше білімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.  

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жүктеген тапсырмаларының бірінде қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту қажеттігін айтқан болатын. Бұл ретте партиямыздың сайлауалды бағдарламасында көзделген міндеттердің барлығы кезең-кезеңімен мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асырылып келеді. Бүгінгі фестиваль – осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстың тағы бір нәтижесі. Бұл жарыста жеңілгендер жоқ деп есептеймін. Өйткені 2 мыңнан астам баланың арасынан іріктелген ең мықты, ең жігерлі қатысушылар осында бас қосты. Фестиваль алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, көптеген талантты балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттырады деп сенемін», – деді ол.  

Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі және спорт орталығының басшысы Арман Ташетов те жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті.  

«Бұл шара – ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жарыс тек спорттық сайыс қана емес, ол – жеңіске деген жігер мен достықтың мерекесі, тәжірибе алмасу алаңы. Еліміздің 16 өңірінен келген 195 батыл да өр мінезді спортшы спортты дамытуға үлес қосқан жарқын үлгі ретінде есте қалады», – деді ол.  

Өз кезегінде жарысқа қатысушылар мұндай фестивальдердің әрдайым ерекше жігер сыйлап, спортқа деген сүйіспеншілікті оятатынын айтты.  

«Бұл фестиваль біз үшін үлкен мүмкіндіктердің есігін ашты. Мұндай шаралар бізге жігер береді, жаңа белестерді бағындыруға шабыттандырады. Осындай қолдау көрсеткендерге алғысымыз шексіз», – деді жарысқа қатысушы Абылай Әмірханов.  

Шара соңында барлық қатысушылар арнайы медальдармен, ынталандыру сыйлықтарымен және дипломдармен марапатталды.  

 «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі – ерекше қажеттілігі бар балалардың спортқа қызығушылығын арттыруға және олардың әлеуетін ашуға бағытталған маңызды қадам. Мұндай ауқымды шаралар қоғамда салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға зор ықпал етеді.