Бүгінде әлем елдері «жасыл экономикаға» айрықша көңіл бөліп отыр. Болашақтың қуат көзі саналатын баламалы электр көздері қазірдің өзінде өз өміршеңдігін дәлелдей бастады.
Жасыл жоба жанданды
592
оқылды

Еліміз де «жасыл экономиканы» дамытуға ерекше екпін беруде. Міне, осындай игі жобаның бірі – Жамбыл облысы Шу ауданында жанданып, өңір экономикасына өріс қосты.

Жалпы, Шу ауданында орналасқан «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында оннан аса жоба жүзеге асырылады деп көзделген. Қазір бір­неше жоба қолға алынып, құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Енді, міне олардың қатарына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компания­сының бірлескен жел электр стан­сасының құрал-жабдықтарын шы­ғаратын зауыт жобасы қосылып отыр. Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құраса, құрылыс жұмыстарының басы қараша айында басталған. Осылайша, бірнеше кезеңді қамтитын құрылыс 2026 жылы аяқ­талады деп күтілуде. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжанса, кәсіпорынға бөлінген жер аумағы 24 гектарды құрып отыр.

Негізі, Жамбыл облысында күн, жел және су электр стансаларын салуға бар жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде инвесторларды лек-легімен тартуда. 

Жалпы, еліміз бойынша бүгінде барлығы 2 525 мегават қуатты құрайтын 132 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұрса, Жамбылда қуаты 571 мегаватты құрайтын 22 нысан іске қосылған. Атап айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 175,65 мегаваттық 9 жел және 251,25 мегеват­тық 6 күн электр станалары халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Нәтиже­сінде, Жамбыл өңірі жаңартылатын энергия көздерін өндіру бойынша республикада көш бастап тұр. Ал «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында жанданып жатқан SANY Renewable Energy компаниясының жобасы бұл бағыттағы белесімізді тағы биіктете түсетіні анық. Мұны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те баса айтып отыр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және Үкіметтің қолдауымен өңірде бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынып, ірі өндіріс орындары ашылуда. Соның бірі – SANY ком­пания­сының жел генераторларын құрастыратын зауыт құрылысының басталуы. Бұл жоба – облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін көрсетіп, тұрақты дамуы мен эко­логиялық таза технологияларды пай­далану негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр. Жам­был өңірі елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында көшбасшы болып табылады. Бүгінде облыста жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жоба іске асты. Ал соңғы үш жылда Сарысу ауданында жалпы қуаты 200 мегаватты құрайтын «Жаңатас» және «Шоқпар» жел электр стансалары секілді ірі жобалар іске қосылды. Әр жоба тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына оң серпін берері сөзсіз. Бұл жетістіктер инвесторларды қолдау және аймақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған ұзақмерзімді стра­тегияның нәтижесі. Сонымен қатар «Жібек жолы» арнайы экономикалық ай­мағында іске асырылып жатқан жаңа жобаларға инвестициялық преферен­цияларына толық көлемінде қолдау көрсетіледі. Олар корпор­ативтік табыс, жер, мүлік салығынан және шетелден құрал-жабдықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвес­торлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын. Жобаны іске асыруға қолдау көрсеткені үшін «Самұрық-Қазына» қорының және SANY ком­паниясының басшылығына алғы­сымды білдіремін!, – дейді облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы.

Ал SANY Renewable Energy компаниясының атқарушы президенті Чжоу Фугүй болса, олар ұсынған жоба­ның Орталық Азияда баламасы жоқ екенін баса айтуда. Зауыт құры­лысы тол­ықтай аяқталғанда мұнда шығары­латын құрал-жабдықтарды өзге өңірлермен қатар, басқа мем­лекеттерге де экспорттауға мүмкіндік тумақ.

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов та жобаның еліміз үшін маңы­зы жоғары екенін айтады.

«Екі компания бірлескен жоба – Орталық Азияда алғашқы қолға алынып отырған зауыт. Мұнда 2 гегаватты құр­айтын жел электр стан­саларының турбиналары мен құрал-жабдықтары шығарылып, ел көле­міндегі жел электр құрылысына пай­­даланылатын болады. Жоба жүзеге асырылған сәтте 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл өз кез­егінде жаңа мүмкіндіктерге жол аш­­пақ», – дейді басқарма төрағасы.

Міне, осылайша Орталық Азияда теңдесі жоқ жоба Жамбыл жерінде жанданып отыр. Бұл «жасыл эко­номика» бағытына жасалған ауқымды қадам екені анық. Енді оның жемісін көру уақыт еншісіндегі нәрсе.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы