Қазақстанда 6 желтоқсан Прокуратура күнін атап өтеді.
Бас прокурор: 4 миллиард теңге алимент өндірілді
504
оқылды

1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының жоғары қадағалау органының жүйесі бекітілген еді. Осыған орай Бас прокурор Берік Асылов сұхбат берді. 

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, қадағалау қызметінің ауқымы қоғамдық мүдделер саласында да артты. 

«Бұл ретте біз азаматтардың әлеуметтік, экономикалық және қылмыстық салаға байланысты емес өзге де құқықтарын қорғау үшін жұмыс атқарамыз. Әсіресе, көмекке мұқтаж балалар, егде адамдар және құқықтарын өздігімен қорғай алмайтын адамдардың мүдделерін қорғаймыз.

Еңбек қатынастары саласы – біздің ерекше назарымызда. Осы жылы прокуратура актісі бойынша 122 мың жұмыскердің құқығы қорғалды, 278 млн теңге сомаға еңбекақы өндіріліп алынды. Сондай-ақ меншік туралы заңнаманың, қаржы заңнамасының, салық, кеден, бюджеттік қатынастар, табиғат қорғау заңнамаларының сақталуына қадағалау жүргіземіз. Көлік саласында 640 млн-нан аса сомаға мемлекет мүддесі қорғалды.

Қадағалау аясына әкімшілік құқықбұзушылық, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік әділеті, азаматтық істер бойынша сот шешімдерінің орындалуы жөніндегі істер кіреді. Қадағалау құралдары адамдардың өміріне және денсаулығына, елдің қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайларда да жұмылдырылады.

Әлеуметтік-экономикалық салада құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде осылайша жүйелі қадағалау қалыптасқан. Биыл прокуратура актілері бойынша 287 мыңнан аса адамның конституциялық құқығы қалпына келді, 1,5 млн-ға жуық жасөспірім қорғалды, оның ішінде алимент бойынша 4 млрд теңге өндіріліп алынды»,– деді Берік Асылов Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында.

Бұған дейін  Көлік полицейлері жыл басынан бері 80 мыңнан астам құқық бұзушыны анықтағанын жазған болатынбыз.