Қазіргі таңда учаскедегі көлік қарқындылығы тәулігіне 18 мың автокөлікті құраса, ал жаз мезгілінде 25 мыңға дейін өсуі мүмкін.
«Қарағанды-Балқаш» жолының құрылысы аяқталды
355
оқылды

Республикалық маңызы бар «Қарағанды-Балқаш» автомобиль жолының (1492,4-1855 шақырым аралығы) қайта жаңарту учаскесінде ресми түрде көлік қозғалысы ашылды. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында 363 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Балқаш» учаскесінде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Аталмыш учаске «Орталық-Оңтүстік» (Астана-Қарағанды-Алматы) көлік дәлізінің маңызды стратегиялық бөлігінің бірі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

ҚазАвтоЖолдың мәліметінше, қайта жаңарту аясында жол ІІІ санаттан І-б техникалық санатқа ауыстырылып, бөлінетін қоршауы бар төрт жолақты қозғалысты қамтамасыз етіп, жүргізушілерге қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасады. Жоба құрылысы барысында мынадай нысандар салынды:

  • 11 көпір;
  • ауылшаруашылығы техникасына арналған 32 жолөтпе;
  • 3 көлік жол айрығы;
  • теміржол арқылы өтетін бір жолөтпе. 

Жолаушыларға қолайлы болуы үшін 18 демалыс алаңы, 24 аялдама, сондай-ақ 1452 жарық орнатылды. Қазіргі таңда учаскедегі көлік қарқындылығы тәулігіне 18 мың автокөлікті құраса, ал жаз мезгілінде 25 мыңға дейін өсуі мүмкін.

«Орталық-Оңтүстік» дәлізі еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстырып, сондай-ақ Ресей, Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы маңызды транзиттік бағыттардың бірі болмақ. Дәлізді жаңғырту жұмыстары еліміздің көлік әлеуетінің дамуына, адам тасымалының көбеюіне және аймақтағы Балқаш көлі секілді туристік нысандарының дамуына септігін тигізбек. 

Жобаны жүзеге асыру аясында 4 млн тоннаға жуық асфальтбетон қоспасы төселді, оның 610 мың тоннасы биыл. Бұдан бөлек, ұлттық компания Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғаз, Ақшатау-Ағадыр-Ортау, Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы және Бастау-Ақтау-Теміртау секілді республикалық автожолдардың орташа жөндеу (123 шақырым) жұмыстарын аяқтады. 

2025 жылы Қарағанды мен Ұлытау облыстарын байланыстыратын, жалпы ұзындығы 513 шақырым құрайтын «Қарағанды-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту бойынша жұмыстар жоспарлануда. Жобаның барлық кезеңінде сапаны бақылауды күшейту үшін ЕРСМ механизмі қолданылатын болады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылға жоспарланған. 

Бұдан басқа, жалпы ұзындығы 412 шақырымды құрайтын «Жезқазған-Қызылорда» автожолының қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы Қызылорда облысы бойынша негізгі жұмыстар аяқталып, 150 шақырымда қозғалыс берілді. Аймақ бойынша негізгі жұмыстарды 2025 жылы аяқталмақ. Ал Ұлытау облысы бойынша дайындық жұмыстары басталды, оның ішінде техникаларды мобилизациялау және өндіріс базаларын құру.