Грузияда наразылық акциясы жалғасты. Басталғанына аптадан асқан шерулер өткен түнде алғаш рет күштік құрылымдардың жаппай ұрып-соғуынсыз, аяусыз басып-жаншуын­сыз бейбіт аяқталды.
Гүрзі жұдырық Грузияның досы емес
529
оқылды

Түнде тараған халық таң азанда қайтадан алаңды толтырды. Бұған дейінгі тактика бойынша кеш түсе, арнайы жасақтар мыңдаған адам нөпірін әй-шәйға қаратпай, Парламенттен аулақтатып, Руставели даңғылына «құятын» ұсақ көшелер мен орамдарға тықсыратын. Сөйтіп, шағын топтарға ажыратып, бөліп тастау­шы еді. Бұл ТМД-ның бір пұшпағындағы жағдайдың тыныштана бастағанын білдіре ме?

Олай деп айтуға ерте. Елдің Ішкі істер министрлігі тұтқын­даулар жалғасатынын білдірді: «Заң бұзғандардың бәрі көше камералары арқылы ертелі-кеш анықталады. Ағымдағы іздеу іс-шаралары аясында агрессивті топтар жасап жатқан барлық қыл­мыстық әрекет тергеледі. Айып­тылар Грузия ҚК-нің 187 және 353-баптарымен тиісті жазасын алады» деп сес көрсетті ведомство өз мәлімдемесінде. Соңғы бап 7 жылға дейін абақтыға жабуды қарастырады. 

Осы кезге дейін полицейлер көшеде, үйде, жұмыс орнында қолына кісен салып, алып кеткен демонстранттардың саны 350-ден асты. Айып әртүрлі: суатқыш ма­шинаны өртеу, Парламент ғима­ратын жарып жіберуге талаптану, Молотов коктейлін жасап әкелу, күштік құрылым қызметкерлерін шабуылдау, топ болып зорлық-зомбылық жасауға қатысу немесе оны ұйымдастырып, басшылық ету, билікке қарсы күш қолдануға жұртшылық алдында үндеу... 

Бет-жүзі, түр-тұлғасы анық­тал­ғанын тұтқындау үшін оппо­зициялық партиялардың кеңсе­леріне, азаматтық белсенділердің үйлеріне рейдтер жүріп жатыр. Жергілікті сарапшылар полиция кісендеп әкетуі үшін тінту кезінде пиротехника, маска-респиратор, жаңбырдан қорғайтын полиэстер плащ  не бояулар табылса жеткі­лікті екенін ескертіп, ондайдан тез арылуға кеңес береді. Шеру ортасынан түсірілген видеоларды да смартфоннан өшіріп тастаған жөн. 

Бірақ күш құрылымындағылар құлтемір емес, адам. Ішкі істер министрлігінің биік лауазымды тұлғалары жүйкесі шыдамай, өз еркімен отставкаға кету туралы арыз жаза бастады. Соның ішінде шерушілерді қуып таратуға жұ­мыл­дырылған жасақтарды басқа­ратын және олардың іс-қимылын жоспарлайтын ІІМ Жедел жос­парлау басқармасының басшысы Ираклий Шаишмелашвилидің өтініш жазғаны қоғамды дүр сілкіндірді. Ол отставкасы туралы ары­зын министрдің алдына ақы­рын қойып, тып-тыныш тайып тұрған жоқ. Онысын Facebook-те жариялады. Онымен шектелмей, өз постының соңына Грузия мен Еуроодақтың туларын бейнеледі, яғни шерушілер жағына шық­қанын аңғартты. 

Айта кету керек, басталғанына он күнге таяп қалған наразылық акциялары билік басындағы «Грузин арманы» партиясының Еуропалық одаққа мүше болу келіссөздерін 2028 жылға дейін тоқтатып тастау туралы шешімі­нен кейін басталды. Содан бері ІІМ-нің бірнеше ірі шендісі от­став­каға кеткенін мәлімдеді. Оп­по­зиция мұны «жүйенің күйрей бастауының» нышанына жорыды. 

Грузиялық ақпарат құралдары ондаған ІІМ шендісі ың-шыңсыз кетіп қалғанын айтады. Мәселен, Батуми жағалау күзетінің теңіз қауіпсіздігі басқармасының экс-бастығы Гоча Беридзе Шаиш­ме­лашвилимен бірге оның 4 орын­басары, арнайы мақсаттағы жа­сақ­тың 16 тәжірибелі нұсқау­шысы, психологиялық даярлық қызметінің бастығы мен 12 қыз­меткері, суатқыштар оператор­ларының бүкіл командасы (16 маман) отставкаға кеткенін жария етті. 

Содан болар, кейінгі кезде суатқыштар күннің ызғарында шерушілерді мұзға қатырмай, үнсіз тұр. Бір қызығы, соның алдында көшедегі бейнекамералар суатқыштың бірі қысыммен атқыланған суды арнайы жасақ жауынгерлеріне бұрғанын тіркеді. Сонда сарапшылар мұны алас-күлесте оператор қателескен болар деп болжаған. 

TV Pirveli арнасы Консти­туциялық соттың бүкіл аппараты (судьяларсыз), Әділет минис­трлігі, прокуратураның бір бөлігі шерушілерді қолдап шыққанын жеткізді. 

Грузияда болатын бұрынғы халық толқулары ел астанасымен шектелуші еді. Бұл жолы жаппай бас көтерулер Тбилиси, Батуми, Гори, Зугдиди, Кутаиси және басқа қалаларын қамтыды. Нара­зылық білдірушілерді бизнес қолдады. Ондаған мың адамды транспаранттармен, Грузия-Еуроодақ туларымен, басқа ке­рек-жарақпен қамтамасыз етуді, тегін тамақтандыруды, тасымал­дауды, жараланғанына медицина­лық көмек көрсетуді өз мойнына алды. 

Қалай болғанда, бұл халық на­разылығының немен аяқтала­тыны белгісіз. Тіпті, ол басылып қалғанның өзінде алда қайта бұрқ етуі мүмкін. Өйткені қазақтың «асыққан сайтан ісі» деген дана­лығына бас ұрмаған «Грузин ар­маны» дегбірсіздік танытып, Президент сайлауын биылғы 14 желтоқсанға шұғыл белгіледі. Грузия премьер-министрі Ирак­лий Кобахидзе ел тарихындағы тікелей халық сайлаған соңғы Президент Саломе Зурабиш­вилиден дереу отставкаға кетуін талап етті. Түсіндіре кетер жайт, билеуші партия жаңартқан жаңа заңнама бойынша енді Грузия президентін халық сайламайды, оны парламенттік сайлауда жең­ген билеуші партия өзі таңдап алады. 

«Грузин арманы» партиясы келесі президент – футболшы Михаил Кавелашвили болатынын жариялады. Сонысымен де жұрт­тың ашуын туғызды. Ел оның тіпті жоғары білімінің жоғын, ал саясатта нағыз «дымбілмес» еке­нін бетіне басты. Билік райынан қайтар емес. 

Грузия билігінің кейінгі кезде­гі түсініксіз тірлігін бірқатар ха­лықаралық саясаттанушы «саяси суицидке» теңейді. Негізсіз емес­тей. 2024 жылғы 26 қазанда өткен парламенттік сайлауда ресейшіл «Грузин арманы» партиясы айқын басымдықпен жеңді. Ол бір пала­талы Парламенттегі 150 орынның 89-ын қанжығалады. Яғни, ол ешкіммен ынтымақтаспай, кез келген заңды өз бетінше, басым дауыспен қабылдай береді. 

Ресеймен жауласпай, бейбіт дамуды, алыс-берісті өрістетуді ұсынған партияның ұстанымы, әсіресе ауылдық елді мекендерде тұратын сайлаушыларға ұнапты. Мұның сыртында «Грузин ар­маны» сайлауалды бағдар­лама­сында еуроинтеграцияға тіпті де қарсы емесін, бірақ «Еуропалық отбасына» босағадан орын алатын кедей туыс ретінде емес, эко­номика­лық дамыған, беделді, сыйлы мүшесі ретінде кіруді ұсынды. Ұраны да: «Еуропаға – ар-абыроймен!» болды.  

Алайда сайлауда жеңгеннен кейін саяси күш халықты билікке қарсы қойған арандатушылық істерге кірісіп, грузиндердің төбе шашын тік тұрғызған мәлімдеме­лер жасай бастады. 

Мысалы, 2012 жылы «Грузин арманы» («Картули оцнэба») партиясының негізін қалаған, қазіргі Грузияның бейресми «Ұлт көшбасшысы» саналатын олигарх Бидзина Иванишвили отарлағаны үшін абхаздар мен осетиндерден барлық грузиннің тізерлеп ке­шірім сұрауға тиіс екенін мәлім­деді. 2008 жылғы 8 тамыздағы Ресеймен соғыста Оңтүстік Осе­тия мен Абхазиядан айырылып қалып, жерінің тұтастығы мен егемендігінің бұзылуынан әлі күнге жүрегі жаралы болып жүр­ген жұртшылық бұған не жыла­рын, не күлерін білмеді. Бұған қоса, билеуші партия өкілдерінің 2008 жылғы Ресеймен соғыста Отанын қорғаған грузин қаһар­ман­дарының ісін қарап, қылмысы болса, сотқа дейін жеткізу туралы уәдесі елді тіксінтті.  

Би-Би-Си сарапшылары Гру­зия билігінің неге екені белгісіз, қоғамды өзімен қақтығысқа са­налы түрде арандатып отырғанына назар аудартты. Мысалы, 26 қа­зан­дағы парламенттік сайлаудан кейін Германия, Украина, Балтық елдері, Ирландия мен Польшаның еуропалық істер комитеттерінің төрағалары бірлескен мәлімдеме жасап, Еуропалық одақты Гру­зиядағы сайлаудың нәтижелерін мойындамауға шақырды. Еуро­одақ оған бармады. ЕО төрағасы Венгрияның премьері Виктор Орбанның сапар жасап, «Грузин арманын» жеңісімен және пози­тивті, еркін әрі демократиялық сайлау өткізуімен жеке құт­тық­тады.

Осыдан кейін «Грузин арма­ны» дау-жанжалдан аулақ болып, бетегеден биік, жусаннан аласа күй кешуге, бейбітсүйгіштік танытуға тиіс еді. Мүлдем кері­сінше жасады. Мысалы, парла­менттік сайлауда жеңілгенін мойындамағанымен, еншісіне мойынсұна бастаған оппозиция сайлаушыларды сатып алу, бюллетеньдерді бума-бумасымен салу, жүйелі манипуляциялар жасау белең алған бірлі-жарым сайлау учаскесіндегі дауыс санау қорытындыларын жоюды, кей­бірінде бюллетеньдерді қайта санауды сұрады. 

Айтпақшы, 2020 жылғы пар­ламенттік сайлауда да ұқсас айыптаулар болған. Бірақ сонда жеңген «Грузин арманы» қазіргідей қоғамды қаққа жаруға тырыспай, байыпты қимылдап, қарсыластарымен бітімге келуге тырысты. Өйткені ол өзін «ел игі­лігіне, экономиканы ілгерілетуге ең­бек ететін прагматик менед­жерлер партиясы» деп ұсынды. Бейбітшілік, тұрақтылық пен тыныштықты басты құндылығы са­найтын партия ретінде кез кел­ген диалогке ашық екенін көр­сетті. Сонда бұл стратегия өзін ақтады. Грузия Еуропамен, Ресей­мен қатынасын жақсартты. 

Бұл жолы «Грузин арманы» сайлауға қатысты дау-шарғының тігісін жатқызып, татуласу жолын іздеу орнына ашық тайталас-конфронтацияға барды. Оппо­зициямен келіссөз жүргізуден,  тіпті сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты. Парламентке өткен өзге 4 партия мандаттарын алмай қойса, депутаттық корпус оларсыз жұмысын бастайтынын жария­лады. Бірде-бір сайлау учаскесінде дауыс қайта саналмайтынын шорт кесті. Наразы партиялардың сұраған сыпайы ұсынысын қарастырып, бірлесе шешім іздеу орнына билеуші партия олармен арадағы кез келген араздық пен алауыздықтың шоғын үрлеп, өртке айналдыруға барын салды.   

Саяси технология тұрғысынан алғанда, «Грузин арманы» сайлау­дан соң өз абыройын түсіруге, қоғамды поляри­зация­лауға, қақ­ты­ғыстарды өршітуге бүкіл күшін шоғырландырды. Оның тап­сыруы­мен Консти­туциялық сот оппозицияның ай­нал­дырған 2 талап арызын қабыл­дамады. Оның бірін Президент енгізгенін де елемеді.

Ол аз болғандай, Тбилиси басты инвестор санатындағы Еуроодақ пен АҚШ-ты қорлай бастады. Оның соңы «Грузин арманының» Еуропалық одаққа кіру туралы келіссөздерді 2028 жылға дейін тоқтатып тастауына, сондай-ақ ЕО-ның барлық бюд­жеттік грантынан бас тартуына соқтырды. Грузиялық заңгерлер Еуропадан аулақтау шешімінің Конституцияға қайшы келетінін айтқанына да пысқырмады. 

Осы арқылы билік Грузия мен Батыстың арасына сына қақты. Кеше АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Американың Грузия билігіне қарсы жаңа санк­циялар енгізетінін жариялады. Ұжымдық Еуропа да осы үлгіге жүгінбек. 

Politico сарапшылары Грузия билігінің бұл қисынсыз тірлігінің түпкі мақсаты мен астарын іздеді. Тоқтамы көңілсіз: «елдің тізгінін уысында ұстаған олигарх Ивани­швили бостандық сүйгіш грузин қоғамының рухы мен ерік-жігерін тізеге салып, күйретіп, елде төл диктатурасын түпкілікті орнатуға тырысып жатқан жоқ па?» деген сұрақ туындайды.

Ал Грузия халқына Еуропаға апарар жол керек. Бұл елге сапар­лаған қазақстандықтар байқаған болар: ірі қалаларда жастар орысша білмейді, ағылшынша біршама жақсы сөйлейді. Олар жоғары табыс іздеп Еуропаға барады. Дүкендерде грузин және ағылшын тілінде қызмет көр­сетіледі. Сондықтан саясаттану­шы Гела Васадзенің айтуынша, билік еліне жағымды болғысы келсе, онда елдің ашынысын және түсінбестігін туғызған бас­тамаларына бас тартып, еуро­интеграция даңғылына оралғаны жөн. Грузияны тығырықтан гүрзі жұдырық емес, бәтуалы бітім ғана шығара алады.

Елдос СЕНБАЙ