Соңғы оншақты күн бойы жаһан жұртының назары тағы да Сирияға ауды. Шам өңірінде бұлғақтың басталғанына он үш жылдан асқанымен, соңғы кездері аймақта біршама тыныштық орнағандай көрінген. Бірақ 27 қарашадан кейін өңірдегі жағдай күрт өзгерді. Башар Асадқа қарсы әрекет етіп жүрген қарулы топтар шабуылға шықты. Қазір бұл елде соғыс өрті өршіп тұр.
Шам өлкесіндегі шаңды жорық
991
оқылды

Жалпы, 2011 жылдан бері ежелгі Шам өлкесі түрлі қарулы топтар  шоғырланған,  ірі  дер­жавалардың мүдделері қақтығыс­қан аймаққа айналған болатын. Бұл елдің  аймағында  діни хали­фат құруды  мақсат еткен атышулы ДАИШ тобы да, ресейлік «Вагнер» жеке әскери компаниясының жасақтары да,  түрік прокси күш­тері де,  күрд жасақтары да,  Башар Асадтың ресми қарсылас­тары саналған қарулы оппозиция да ұрыс салғаны бар. Қазақстан Сириядағы  қырық­пышақ болып қырқысқан топтарға кездесу алаңын ұсынып, «Астана процесі» де өткен-ді. 2017 жылдың қаң­тарында Астанада Ресей, Иран, Түркия, АҚШ пен БҰҰ, Сирия­дағы бірнеше топтың өкілдері қатысқан  кездесу өткен. Сирия  мәселесіне арналған 22-ші кездесу биыл 11 қарашада Астана­да өт­кен-ді. Арадан екі апта уақыт өт­кенде қарулы қақтығыстар қайта өршіді. 

«Құрама оппозиция» шабуыл бастады

Соңғы  мәліметтерге қара­ғанда, Асад  режиміне оппозиция­дағы күштер 27 қарашада ша­буылға шыққан. Ұрысты радикал ұстанымдағы «Хаят тахрир аш-Шам» тобы бастады да, оған аймақтағы өзге күштер қосылып кетті. Сөйтіп, Алеппо,  Тел-Рифат, Хама тәрізді  қала­лар­ды алып, Хомс  қаласына қалай жылжып бара жатыр. Сирия ар­миясы шегінген кезде көптеген қару-жарақты тастап кеткені белгілі болды. Соның нәтижесіне қарулы  оппозиция Ми-8 тікұша­ғын, L-39, «Миг-23  ұшақтарын, Т-90А, Т-72М танктерін, «Панцир С1» зениттік зымыран кешенін, «Смерч» дүркіндетіп ататын реак­тивті кешенін қолға түсірген. Ұрыс­қа «Хаят тахрир аш Шам», «Ахрар аш-Шам», «Харакат Нур ад дин Зинки», «Файлак әш Шам», «Джәйш Идлиб әл Нур», «Джәйш ал Наср», «Сукур аш Шамал», «Джайш әл Ахрар», «Си­рия ұлттық армиясы», «Ахрар Шаркие», «Джайш ул-шарике», «Фатик сұлтан Мехмед бригада­сы», «Мухтассир Биллах бригада­сы», «Сұлтан Мұрат бригадасы», «Хамза бригадасы», «Джабхат ул-Шамие», «Джейш ул-Наср», «9 дивизия» қатарлы топтар  қаты­сып жатыр. Бұлар әдетте оппо­зиция саналатын  күштерді құ­райды. Ал Башар Асадты Иран ресми қолдайтынын аңғартса, Ирактан еріктілер аттанаған. «Хез­болла» тобы да Асадқа жақтас болатынын мәлімдеп үлгерді. Ресей­дің Си­рия­дағы әскери ұшақ­­­тары  оппо­зициялық күш­терді бірнеше мәр­те бомбалады. Израиль әуекүштері аймаққа енбек болған Иран ұшақ­тарын кері қайтуға мәжбүрледі. АҚШұшақтары Ираннан келе жатқан конвойды бөледі. Түркия болса, прокси күштерін қол­дай­тынын байқатты. Әрі Түркияның ұлттық барлау ұйымы­ның  арнайы жасағы Сирия же­ріне енгені жайлы мәлімет тарады. Қысқасы, Сирия бірнеше күн ішінде «қай­нап» шыға келді. 

Мүдделер шайқасы

Негізі, Сириядағы ресми би­лік пен оппозиция саналатын күштердің арасындағы соғыстың  қайта өршуіне  Таяу Шығыстағы  өзге оқиғалар  ықпал еткен сияқ­ты. Көптеген сарапшы бірінші кезекте Иран-Израиль теке­тіресінің әсері болғанын айтады. Тегеран мен Тель-Авивтің 2024 жылдың сәуірінен бері бір-біріне қыр көрсетіп, бірнеше мәрте әскери қақтығысқа баруы ай­мақтағы күштердің ара салмағын өзгертіп жібергенге ұқсайды. Иранның Сирия жеріне  назар аударатын мүмкіндігі азайды. Башар Асадты жақтайтын «Хез­болла» тобына да Израиль  бір­неше мәрте соққы берді. Көптеген жетекшілері  өлтірілді. Сирияда ДАИШ  террорлық тобына және  өзге қарулы жасақтарға қарсы  соғысқан ресейлік жеке әскери компаниялар да  жоқ. Айталық, бұрын Сирияда соғысқан «Ваг­нер» жасағы ол аймақтан кеткен. Яғни, өңірдегі күштердің ара салмағы өзгерді. Түркия маман­дары  жаз бойы Сирия жеріндегі оқиғаларды жіті бақылағанын айтады. Әрі ресми Анкара түрлі арна арқылы Башар Асадқа бірқатар ұсыныс айтқаны да анықталып жатыр. Тіпті, Башар Асад пен Режеп Тайып Ердоған­ның кездесуі мүмкін екені де ақ­парат  құралдарында талқыланған болатын. Шамасы Дамаск мұндай ұсынысты құп көрмегенге ұқ­сайды. Кездесу болған жоқ. Ақыр соңында  ұрыс қайта өршіді.

Осы тұста «Сирия оппозиция­сы» деп жалпы аталғанымен соғысып жатқан топтардың сан түрлі екенін атап өту керек. Біздің пайымдауымызша, Шам өлкесін­дегі қарулы  топтарды бірнеше ұстаным тұрғысынан қарастыруға болады. Біріншісі – Түркия және АҚШ қолдайтын күштер. Олар­дың  құрамына «Сирия ұлттық армиясы», күрдтердің «Сирия демократия­лық күштері», «Халық қорғаныс жасақтары» қатарлы топтар кіреді. «Сирия ұлттық армиясын»  Түр­кия жақтаса, күрд жасақтарын АҚШ қолдайды. Бұлар Асадқа қарсы ұрыс салғаны­мен, өзара келіспейтін тұстары да көп. Түр­кия өзінің прокси күш­тері арқылы күрд қарулы топтары­ның күшей­генін тежеуге мүдделі. Өйткені оларды сепаратизмді жақтаушы күштер ретінде көреді. Екінші топ –  діни радикал күш­тер. 27 қара­шада Асад армиясына қарсы шабуыл бастаған «Хаят Тахрир аш-Шам» ұйымы радикал күш­тердің ең ірілерінің бірі. Бұл ұйым 2011 жылы құрылған. Ол кезде «Джабхат ан-Нусра» деп аталатын әрі «Әл Қаида» ұйымы­ның бөлім­шесі саналатын еді. Тіпті, бұл ұйымды құрғандардың бірі Әбу­бәкір әл-Бағдади деп есептеледі. Ол атышулы ДАИШ  ұйымын құрушылардың бірі болатын. Қазір «Хаят Тахрир аш-Шам» төңірегіне ұсақ радикал топтар жинала бастағаны айтыла­ды. Олардың барлығы дерлік әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Қазақстанда да  тыйым салынған террористік ұйымдар­дың тізіміне енгізілген. Бір атап өтер жағдай,  осы радикал топтар­дың өзімен ішінара келісіп, олар­ды аймақтық жанжалдарда пайда­ланатын мемлекеттер бар. 

Сирия билігіне қарсы соғысып жүрген осынау топтар әзірге  бір мақсат үшін топтасқандай көрін­генімен, түбі өзара қырқысуы мүм­кін. Оның алғышарттары қазір­ден-ақ көріне бастады. Алеп­по  қаласын алған кезде қарулы топтар шаһарды кімдердің бас­қаратыны жөнінде қатқыл мәлім­демелер жариялаған. Дегенмен бір-біріне қару кезене қойған жоқ. Ал аймақтағы  ықпалын сақтап қалу үшін Батыс елдері де, Түркия да, Иран мен Ресей де  прокси топтардың барлығын пайдалана беретін сыңайлы. Демек, Шам өлкесінде жуық арада бейбітшілік орнай қоятынына сенім аз. Ол жерде мүдделер қақтығысы бар.

Радикализм қаупі бар ма?

Сирия жеріндегі соғыстың жаңа деңгейге көтерілуі Таяу Шы­ғысқа, Еуропа мен Орталық Азия­ға жанама түрде болса да әсер етуі ықтимал. Соғыс салдарынан босқындар саны артуы мүмкін. Әрине, олар  бірден Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға  ағылады деуден аулақпыз, бірақ Еуропаға ұмтылатыны сөзсіз. Ал Орталық Азияға экстремистік идеология қауіп төндіреді. Шы­ғыс­танушы Жанат Момынқұлов қазір Сирияда әрекет етіп жүрген радикал топтар идеологиясын біршама өзгерткенін айтады.  «Сирия­дағы дағдарыстың өршуі, тепе-теңдіктің бұзылуы және «Әл Каидамен» байланысы бар ради­кал, джихадшыл топтардың  қай­тадан сахнаға шығуы Таяу Шы­ғыс­тағы елеулі оқиғалардың бірі. Идлиб төңірегінде жиналған бұл топтардың өкілдері Түркияның, басқа елдердің қолдауымен Аста­на келіссөздеріне де келіп жүрді. Осы келіссөздер «Хаят Тахрир аш-Шам» сияқты  ұйымдардың realpolitik-ке, яғни шынайы сая­сатқа бейімделуіне ықпал еткен тәрізді. Олар да келіссөз жүргізуді, олар да конвинционал­ды әскер жасақтауды меңгеріп, сырттан қару алып, соғысқа  барынша  даярлануға тырысқан сияқты. Олар соғысты Израиль Иранды әлсіреткенінен кейін бастады. Бұл топтар  бұрынғы радикал  көз­қарас­тарын жасырып, сырттай болса да жұмсарып, өзге топтар­мен қақтығыспай инклю­зив­ті имидж жасап жатыр. Қыс­қаша айт­қанда, бұлар ақпараттық кеңіс­тікте  ребрендинг жасады. Бірақ кейбір сарапшылар  ради­кализмнің жаңа толқыны тууы мүмкін екенін айтады. Айталық,  электронды салада пайда болуы ықтимал деген пікір бар», – дейді сарапшы. 

Дегенмен біздің пайым­дауы­мызша, Сириядағы оқиғалар діни радикализмнің өршуіне ықпал етуі мүмкін. Өйткені экстремистік көзқарастағы топтар  біршама әлсірегендей көрінгені­мен, әлі де бар. Әрі Қазақстанды да нысана ретінде бағалайтындар кездеседі. Айталық, Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  қабыл­дауында болған ҰҚК төра­ғасы Ермек Сағымбаев  ұлттық қауіпсіздік органдары биыл 4 терактінің алдын алғанын айтқан еді. Терроризм мен экс­тремизмге  қатысы бар 84 адам сот­талып, 44 адам ұсталған. Лан­кестік сипат­тағы қылмыс жасады деген күдік­пен іздеуде жүрген 6 азамат Сирия мен Түркиядан  экс­традиция­ланған. Терроризм мен экстре­мизмге қатысы бар 824  шетел азаматының Қазақстанға кіруіне жол берілмеген. Заңсыз айна­лымда жүрген 505 атыс қа­руы, 5 дана қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, 45 жарыл­ғыш топтама, 15 мыңнан астам оқ-дәрі тәр­кіленіпті. Бұл деректер экстре­мистік пиғылдағы топтар мен азаматтардың кез келген сәтте ел тыныштығын бұзуы мүм­кін екенін  байқатады. Ал Сирия жерінде  әрекет етіп жүрген ради­кал ұйымдар күшейсе өзге аймақ­тардағы экстремистік топтарға моралдық тұрғыда ықпал етуі мүм­кін. Сириямен  тікелей байла­ны­сы болмаса да,  экс­тремистік  идеологияны  жақтайтындар қа­тары өсуі ғажап емес. Шам өлке­сін­дегі оқиғалардың жанама қаупі де осында. 

Айтпақшы, Сирия мен Из­раиль  арасындағы даулы жер саналатын Голан жоталарында Қазақстан бітімгерлері жұмыс істеп жүр. Аймақтағы атыс-шабыс жайлы ақпараттарды естігенде, Қазақстан жауынгерлерінің хал-күйіне де алаңдайтынымыз анық. Дегенмен Голан жоталары ұрыс болып жатқан жерлерден біршама алыс. Сондықтан ол өңірде қарулы қақтығыс бола қоймайтын сияқты. Шығыстанушы Жанат Момынқұлов та осындай пікірде екен.

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, 

шығыстанушы:

«Голан жоталарына тікелей қауіп төнбейді  деп ойлаймын. Бірақ Түркия қолдап отырған оппозиция,  радикалдар Дамаскіні алатын болса, Израильге  де қауіп төнуі ықтимал. Мұндай жағдайда Израиль күштері Голан жота­ларынан өтіп, Сирия аумағы есебінен буфер аймағын құруы мүмкін. Жалпы, Голан жота­ларында халықаралық контингент бар. Әрі Израиль де ол аймақты қадағалап отыр. Сондықтан бітім­герлерге тікелей қауіп төнеді деп ойламаймын»

 

Түйін: 

Қысқасы, қазақ Шам өлкесі деп атаған аймақтағы жағдай күрт өзгерді. Соғыс алыста болып жатқандай көрінгенімен, ол жақта қан төгіліп жатыр. БҰҰ  жарғылары мен қарарларын ескермейтін күштер де бар. Ал Қазақстан –  жаһанда бейбітшілік салтанат құрғанын жақтайтын мемлекет. Дау-дамайдың халықаралық құқықтық нормалар аясында шешілгенін құп көреді. 

Амангелді ҚҰРМЕТ