Көшеней жыраудың дауысын естігенде бүгінде «рух» деп жүргеннің не нәрсе екенін еміс-еміс шырамыта бастағандай боласыз.
Көшеней жырау кім еді?
Фото: автордыкі
1,849
оқылды

Өткен аптада әлеуметтік желіге бір деректі фильмнің үзіндісін жарияладық. Сол үзіндіде Көшеней Рүстембекұлы (1946-1973) бейнеленген. Жарияланған кезден бастап видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен таралды. Жақсы пікірлер жазылды. Кейін түсіндік, бұл Көшеней жыраудың сақталған аз видеосының бірі екен. Мүмкін тіпті жалғыз видео да болуы мүмкін.

Бұрын Көшеней жыраудың есімін жиі еститінбіз. Дегенмен өмірі мен шығармашылығына үңілдік деп айта алмаймыз. Бұл жолы реті келген соң, жырау жайлы оқиық деп ғаламтордағы біраз ақпаратты шолып шықтық. Десе дегендей екен. Егер Көшекең болмаса, бүгінгі жыраулық өнер мүлдем басқа болар еді. Сондықтан өзіміз білгенді өзгелер де білсін деген ниетпен жастай кетсе де артынан мол із қалдырған жырау жайлы жазуға бекіндік. 

Суретті Көшенейдің ұлы Арнұр салған. 

Өнер қонған жырау

Көшенейдің атасы – даңқы Жиенбай жырау (1864-1929). Әкесі Рүстембек те (1905-1966) жырау атанып, Жиенбайдың, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Омар сынды өнерпаздардан тәлім алған. Бидас Рүстембекұлы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында келесідей айтады: «Анамның айтуынша, атам Жиенбай бірнеше ай жүріп, сонау Түрікменстан өңірінен «Көрұғлы» дастанын алып келіпті. Жиенбай атамыз ескіше сауатты, білімді, оқыған адам. Дастанды өз қолымен көшіріп жазып алған. «Үлкен үйде тамақтанып болған соң, отау үйге барып баласына жаттатып отыратын» дейді анам. Сонда әкем Рүстембек бір аптаның ішінде «Көрұғлыны» жаттап алып, көпшіліктің алдына шығып айтып кеткен».

Сонымен қатар ел арасында шығыстанушы ғалым, профессор Өтеген Күмісбаев айтты деген мынадай сөз қалған екен: «Рүстембек жыр айтқанда көмекейінде бүркіттің басындай бірдеме ойнап жүріп, жүйткіп жөнелетін. Қайран, қасиетті елімнің қыран жыраулары-ай!».

Жыраудың иесі

Бүгінгі материалист қоғамда метафизикалық құбылыстар жайлы айту қиын. Екінің бірі сенбейді. Сендіру де қиын. Дегенмен біреу сенбеді деп, бір мәдениетті жоққа шығарамыз ба?! Сондықтан арнайы тоқталып өтейік.

Әрбір жыраудың өз иесі болады. Бұл әдетте жануар кейпінде келеді екен. Мысалға атақты Жамбылдың қызыл жолбарысы жайлы естімеген адам кемде-кем шығар. Бүгінгі заманның даңқты жырауы Алмас Алматовтың да өз иесі жайлы айтқанын құлағымызбен естігенбіз. Сол сияқты Көшеней жайлы інісі Бидас ағаның мына бір әңгімесі бар. 

Бидас Рүстембекұлы: «Әлі есімде, Көшеней ағамның жыршылықты жаңа бастаған кезі. Екеуіміз бір бөлмеде жатамыз, түннің бір уағы. Қатты айқайдан шошып ояндым, сөйтсем Көшенейдің даусы. Орнынан тұрып кетіпті, қасына бардым. Сөйткенше мына жақтағы бөлмеден анамыз келді: «Әй, Көшенейжан, біртүрлі дауыс шықты ғой, сенбісің?» деді. «Иә, апа, түсімде бір әйдік сарыала жолбарыс арқамнан ала түсті. Содан шошып ояндым» деді. Анамыз: «Құдай берді! Сені жырау атаңның жолбарысы тістеді, енді сенің өнерің өрлейді» деп қуанды. Шынымен, сол күннен бастап Көшекеңнің өлеңі де, даусы да шарықтап кетті».

Көшенейдің дауысы дегенде есімізде ұстазымыздың бір мақаласы еске түседі. Сол Сырдың топырағынан түлеп, бүгінде атақты жыршыға айналған Берік Жүсіповке арналған мақаласы бар. Мақаланың аты «Жырау». Сол мақаладағы Көшеней жайлы пікірін ұсынайық: «70-жылдары Көшеней мен Шәмшат апамыздың теледидардан өткізген бір хабары есімде қалыпты. Жыр-сұхбаттың кезінде Көшенейдің тыңдаушы талғамымен санасатын, оның ығын білетін тамаша артист екені байқалды. Сол алғашқы хабарында өлкелік жыр дәстүрінің көлденең жұрт түсіне бермейтін қыр-сырына аса көп бойламай, алты алаштың көңілінен әлі кете қоймаған ортақ жыр үлгілерін ғана толғап, ара-арасында Сыр сүлейлерінің шығармаларын сыналап қиыстырған еді. Көшенейдің даусы темірдей қатқыл болғанымен, оның теңдессіз шеберлігі қатты әсер етті. Байқап отырсам, Беріктің өнері, Көшенейдің жырынан тамыр тартады екен. Әндегі бояу, колоратураға құлағы үйренген адам, басқа өнерден де ең әуелі бояу іздейді. Көшенейдің даусын естігенде бүгінде «рух» деп жүргеннің не нәрсе екенін еміс-еміс шырамыта бастағандай боласыз”.

Жұмбақ өлім

Көшеней жырау 27 жасында Мәскеу қаласында дүниеден өткен екен. Бұл 1973 жыл. Мәскеуде жүрген себебі Мардан Байділдаев бастаған ғалымдар оқысын, білсін деп Көшенейді М.Горький атындағы Әдебиет институтына жіберсе керек. Сонда жүріп, жергілікті фольклортанушылардың таптырмас қазынасына айналады. Әсіресе тегі Көроғлы дейтін әзербайжан ғалымды таңғалдырып, «Көроғлы» жырын айтып берсе керек. Сол бір кеш уақыт туралы “Сыр бойы” газетіне Хұсейін Жүсіпұлының жақсы естелігі жарияланған. 

Осы кештен шыққанда Көшеней жырауды көлік қағып кетеді. Бидас Рүстембекұлының сөзіне назар аударайық: «Әдейі қастандық жасалды ма деген күдік бар. Кейін Мәскеуге Көшеней Рүстембековтің өлімін анықтап беру жөнінде арнайы сауал жолдадық. «Қастандық жасалмаған. Өзі кінәлі, рұқсат етілмеген жерден өткен» деген жауап алдық. Жүйткіп келе жатқан электричканың алдынан қасындағыларды құтқарған, соңғысын лақтыра бергенде өзін іліп алып кеткен дейді… Дереу жедел жәрдем шақырып, С.Боткин атындағы ауруханаға апарады. Операция залына жетпей үзіліп кетіпті. 1973 жылы 7 наурыз күні 27 жасында дүние салды. Сүйегі Қармақшыда, Ақжар деген ауылда. Ата-бабамыз, әке-шешемізбен қатар жатыр».

Құрметті оқырман, аз ғұмырын кешсе де артынан мол мұра қалдырған Көшеней жырау жайлы біздің айтпағымыз осы еді. Жазбамыздың басында сөз еткен бейнебаян мынау:

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі