Жақында ғана «Кедергісіз келешек» жобасының аясында тағдырдың тауқыметін тартса да, мойымай, үнемі алға ұмтылып, өзінің ынта-жігерімен көпке үлгі болған мүмкіндігі шектеулі жандарға «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды. Он жетінші рет өткізіліп отырған шара Қазақстан мүгедектер конфедерациясының ұйымдастыруымен өтті. Ал оған қолдау білдірген «AMANAT» партиясы еді.
Марафоншы Нұрлан Сыздықов: «Өмірдің өзін бағалау керек»
803
оқылды

І топ мүгедектігіне қарамастан 21 шақырымды өткерген марафоншы Нұрлан Сыздықов «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша марапатталды. Бүгінде Қостанайдың тумасы – Астанадағы Паралимпиада орталығында менеджер, Астана әлеуметтік технология қоғамында фандрайзер және Алматы ауданы әкімнің инклюзив жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі.

 Марафонға отбасымен қатысатын Нұрлан

 «Марафон – менің хоббиім» деген 31 жастағы Нұрлан қалада өтетін барлық марафонға қатысып қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі жандардан топ құрып, бірге жеңіске жетіп, түрлі жарыстарды ұйымдастырып жүр.

– Бұл марапат – төрт жылдық тынымсыз еңбегімнің жемісі. Жеткен жетістігімді марқұм анам көрсе, қуанышы қойнына сыймас еді. Біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандарды шет қалмай, елеп-ескерген барша жанға алғысым шексіз. Осы іспен айналыса бастағанымда оның не керегі бар, ертең еңбегіңді ешкім бағаламайды дегендер болды. Келіншегім де «жұмысты тастап, арасында марафонның шаруаларымен шауып жүресің, қажеті не?» дейтін. Алайда марафонға хобби ретінде қарадым. Сый-сияпат немесе марапат үшін жүгірмедім. Жарысқа өтінім қабылдап жатқанын естігенімде қатысуға бел будым. Кім білер, бағым болса бірдеңе бұйырар деп шештім, – дейді Нұрлан Сыздықов.

Айтуынша, 10 шақырымдық марафонға қатысу үшін 11 мың адам өтініш білдірген. Соның бар-жоғы 8 ғана адам іріктелген. «Сегіздің бірі – мен. Сырткөзге жеңіл дүние боп көрінер, десек те дені сау адамның өзіне 10 шақырымды жүріп өту оңай емес. Марафонға бойым үйренгені соншалық жарысқа дайындықсыз-ақ қатыса беремін. Маған спорттың өзі ұнайды. Екіншіден жарыс алдындағы қобалжу, бой серпіліп, қан жүгіру, әрбір қатысушыға ұмытылмас күй сыйлайды емес пе?! Мәселен, өткенде Алматыдағы 12 мемлекеттен жиналған марафонға 4-5 мыңдай адам қатысты. Дініңе, тіліңе, ұлтыңа қарамастан жұртпен қатар тұрып, ешкімге дес бермей, соңына жетудің өзі үлкен жеңіс. Көңіл күйіңді көтеріп салады», – деді марафоншы.

Оның белсенді марафоншы болғаны соншалық қала ішінде өтетін еш жарысты өткізбейді. Жақында Астанада өткен түнгі марафонға отбасымен бірге қатысқан.

– Келіншегім «енді түнде де жүгіресің бе» дегеніне құлақ аспадым, отбасымызбен қатыстық. Бұл – балаларымның төртінші марафоны. Шыны керек, қазір олар да жүгірудің қызығына кіріп кеткен. Әсіресе, медаль алғандағы қуанышын көрсеңіз, көз тояды. Оның үстіне әкімдік өткізетін жаппай жүгіруде лотереяға 5 велосипед пен Iphone 15 PRO ойнатылды. Біреуі – ұялы телефон, екіншісі велосипед үшін қатысты, бұйырмады. Мәселе сыйлықта емес, оған қатысуында. Үйде бос жатып, телефонға телміргенше, ұлдарымның жүгіргенін дұрыс көремін, – дейді ол.

  Марафон – қызығушылықтан басталған кәсіп

 Нұрлан Сыздықовтың айтуынша, ол алғаш марафонға 2016 жылы қатысқан. Талдықорғанның қала күніне орай спартакиада ұйымдастырылып, Алматы облысы атынан 30 шақты бала шыққан.

– Бәріміз – арбаға таңылғанбыз. Бір жыл бұрын ғана жол апатына түсіп, аяқасты арбаға байландым. Іштей «бұларың маған шаң ілестірмей кетеді-ау» деп ойладым. Сол кезде екінші орын алып, әкеме мақтанғанымды көрсеңіз ғой. Өзімді сол көңіл күйден айырғым келмеді. Әкемнің «құрысын, арбаңды таста! Өз аяғыңа тұрып, жүргенге не жетсін» деп ұрысқанын да елемедім. Осыдан бастап марафонды тастамадым. Пешенемізге жазғаны осы шығар, көнбеске амал жоқ. Алла мені жүру бақытынан айырса да, өмірге балта шабудың қажеті жоқ. Өмірдің өзін бағалауымыз керек. Атқан әр таңымыз, әр күніміз өзі бақыт, – деді «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының жеңімпазы.

Жол апатына түскен 22 жастағы жігітті емдеуге әке-шешесі бар күшін салған. Сөйтіп Нұрланды әкесі Қостанайдан Талдықорғанға «Асар» оңалту орталығына әкелген. Себебі бұл жақта ем Астанадан әлдеқайда арзан еді.  

– Біздің басты мақсат – марафонды соңына дейін жеткізу, мәреге жету. Бәрімізді ұстап тұрған біртұтастық. Бізде қатардан озып кету, қалып қою жоқ. Бәріміз бір қалыпта, бір-бірімізден қалыспаймыз. Қажетінде көмек беретін әрбірінің артында көмекші еріп жүреді. Арасында мен ғана жалғызбын. Құдай сақтасын, әзірге күш-қуатым жетеді, – дейді ол.  

Оның айтуынша, марафонға қатысатын арба – күнделікті қолданыстағы арбадан өзгеше. «Жүйрік арбаның» құны – 2-3 миллион теңге. Ондай қаржыны көпшіліктің қалтасы көтермейді. Жәй арбамен ұзақ жүру мүмкін емес. Онымен марафонға қатысса, денсаулығына кесірі тиюі ықтимал.

«Әрине, қатарымыздың көбейгенін қалаймыз. Оған ниет білдіретін жан көп. Жарысқа қатысатын арнайы арбаның болмауынан қатарға қосыла алмай жатыр. Өткендегі марафонға 12 жастағы Азамат деген жасөспірім қатысты. Мәреге жеткендегі баланың қуанышын көрген анасы жылап жіберді. Мұның өзі үлкен бақыт. Осы сезімді мен ғана емес, өзге де жандар сезінсе деп тіледім. Соңғы 8-9 жыл осы салада жүргендіктен мүгедектігі бар жандардың көптігі қатты байқалады. Арасында 30 жыл бойы үйден шықпағаны бар. Олар үшін бұл – өмір сүруге деген үміт. Мұнымен өмірдің тоқтап қалмайтынын сөзбен емес, іспен көрсеткім келді. Өзімнен гөрі, өзгеге пайдам тигенін қаладым, – дейді Нұрлан Сыздықов.

2022 жылы үш адаммен шыққан команданың қазір 7 қатысушысы бар. Киетін арнайы формаға дейін дайындалады. Былтыр көк болса, биыл – сары.  Марафон алдында 2-3 апта дайындық жүріп, әрбір сенбі мен жексенбі сайын 2-3 сағаттан жаттығады. Марафоншы жарыс жарияланған күннен әр қатысушының арбасын толыққанды тексеріп, жөндетеді. Арбаның майын майлап, тегін жөндеп беретін «Дос» мүгедектер қоғамы екен.

«Мысалы, он шақырымды өту үшін мүмкіндігі шектеулі жан арбада он сағат отыруы тиіс. Қысқа шақырымға асықпай жүргенде 57-59 минутта жетеміз. Осыған адам шыдай алуы керек. Ондай кезде ауа райы да әсер етеді. Марафонда 18-25 жасқа дейін, 26-35 жас аралығы, 36-45 жас және 46-дан зейнеткерлікке дейінгі жас деп төрт топқа топтастырылады. Артынан 300, 200, 150 мың теңгеден ерлер мен қыздар бөлек марапатталады. Мүгедек жандардан кем дегенде 5 адам шығады, соның әрқайсысына 100 мыңнан бөлсе, үлкен көмек. Адамға мотивация ғана емес,  арманына жетуіне мүмкіндік алады», –деді ол.

Алдағы уақытта ол Қазақстан бойынша инклюзия арасында ауқымды марафон өткізбек. Наурызда тіркеу басталып, шілде айына дейін насихаттаса, қатысушылардың көбейетініне сенімді.

 «Ел қатарлы автобусқа отырып, жұмысқа бару – арман еді»

 Нұрлан – мамандығы бойынша заңгер. Бірақ жұмысты күзеттен бастаған екен. Айтуынша, базардың күзетін басқарған. Кейін BI Group-та істеген. Жол апатына түскен соң да бастығы оны қолдап келген. Ол кісімен әлі күнге дейін араласып, сыйласады. Тіпті, Нұрланның ауылда қалмай, қалаға көшуіне итермелеген.

– «Нұрлан, сен жүрмесең де басың істейтін баласың. Сенің қолыңнан бәрі келетініне сенемін. Ауылда қалма, қалаға бар» деп қоймаған. Ол кісі жұмыс тауып беремін десе де қорқақтадым. Арбаға таңылғаныма қарамастан жұмысқа шықтым. Әуелде үйдегілерге тіс жармадым. Ол кезде Қостанай жақтамыз, ауылда тұрамыз. Ұмытпасам, 2018 жыл. Мүгедектік алу үшін комиссиядан өтуім керек. Әкеме «мені апарып тастап кет, өзім өткіземін» деп 3-4 күннен кейін қайтқаным бар. Әрине, «өзің әрең жүргенде, жұмыстың не керегі бар» деп ұрысты. Десе де, олар мені бетімнен қақпады. Керісінше, маған қиын болмасын деп бір айдан ауысып қасымда жүрді. Сол кездегі арманым – ел қатарлы аялдамаға шығып, автобусқа отырып, кептелісте тұрып, жұмысқа бару, – деген ол – бүгінде мүгедек жандардың белсендісі, жанашыры.  

Паралимпиада орталығында әкімші жұмысынан босағанда Астана әлеуметтік технология қоғамына барады. Қайырымдылық қорларды тарта отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыруға тырысады.

– Уақытым өте тығыз. Жылдың соңы, қазір – бюджетті жоспарлау кезеңі. Алдымызда жаңа жыл келе жатыр. Мерекені біз де ел қатарлы өткізгіміз келеді. Әзірге мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық ретінде өткізіп беруге екі мейрамханамен келіссөз жүргізілуде. Оның бірі – «Серый» мейрамханасының иесі, оның бізге қолдау көрсетіп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Жаңажылдық дастарханды өзі көтеріп, уақытын белгілеп береді. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында 13 жасқа толмаған 27 балам бар. Соларды әкімнің шыршасына апару үшін әр баланы тұрғылықты мекенжайы бойынша 6 ауданға бөлуім тиіс, – дейді Нұрлан Сыздықов.

Уақыттың тапшылығына қарамастан бір жыл бойы Астанадағы жүргізушілерді даярлайтын орталықта автобус жүргізушілеріне сабақ берген. Бір сөзбен айтқанда, оларға мүгедектігі бар жандарға қалай көмектесу керегін үйреткен. Ал әкімнің шаттан тыс кеңесшісі болу – өзі бір бөлек әңгіме.

 Құқығын білмейтін мүмкіндігі шектеулі жандар көп

 Оның айтуынша, әкімдік біраз шаруаны еңсеріп тастаған. Қаладағы мүгедек жандарға арналған көтергіштердің ескісін жаңартып, қажетті жерлерге қойылған.

– Елордадағы Рысқұлбеков көшесінде тұратын Валентина деген келіншек көтергіш қойып беруді өтінді. Баласын кішкентайында пандуспен алып жүре берген. Қазір 12-13 жасқа келген жасөспірімді көтеріп-шығару қиындаған. Әкімдік көтергішті орнатып, мәселені шешіп берді. Шыны керек, көп нәрседе қолымыз қысқалық етеді. Мәселені шеше алмасам да, әкімге кіріп, жағдайды естіртемін. Қолымнан келсе, аянбаймын. Алматы ауданының бұрынғы әкімі Мақсат Саматұлы қолымды қаққан емес, әрдайым бізге есігі ашық болатын, –  дейді әкімнің штаттан тыс кеңесшісі.

Десе де оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жанның басым бөлігі өз құқығын біле бермейді. Салдарынан игілігіне жарата алмай жатқаны қанша?!

«Оларға мемлекет тарапынан қандай мүмкіндіктер берілгенін ежіктеп оқытып, үйрететін курс ашу керек. Мысалы «әлеумет егов» деген портал бар. Сол арқылы үлкендерге арналған жөргек, арбасы тіпті дем алатын санаторийге дейін тапсырыс беріп, тегін пайдаланады. І топтағы мүгедектер ай сайын денсаулығы бойынша құжат тапсырып, есеп береді. Сондай кезде қаншама адам бір флешканы ұстап алып, таң атпастан жүреді. Оған бармай-ақ үйде тапсыруға мүмкіндіктері бола тұра кезекте тұрады. Осыны дұрыс пайдалануды көрсетуіміз тиіс.

Оның үстіне ІІ топтағы мүгедектерге жағдай қиындағалы тұр. 1 қаңтар айынан бастап, оларға тегін берілетін «инватакси» тоқтатылмақ.  Әлеуметтік мәселені қарайтын министр заңға мұндай өзгерісті неге кірігізіп жатқанын түсінбедім. Ертең олардың күні не болады? Жүріп-тұруы тегін болғанның өзі үлкен жеңілдік еді. Енді осыны да алып жатыр. Жаныңа бататыны – осы», – дейді  Нұрлан Сыздықов.

 «Арбаға отырсам да жарты жылдай сыртқа шыға алмадым»

Елордадағы ең ірі марафон – «Astana Half Marathon» барысында  мүмкіндігі шектеулі жандардың жігері мен қайсарлығын көрсету мақсатында жақында «Хрусталь адам» деректі фильмінің екіншісі шықты. Соның кейіпкері – Нұрлан Сыздықов.

Айтуынша, жол апаты 2015 жылғы 5 тамыз күні болған. Көлікпен келе жатқанда жол ортада кенеттен адам шығады. Қағып кетпеудің амалын жасаған ол жолдан тайып, талға соғылады. «Сонда жүрегім соқпаған, демім шықпаған, тамырдың ырғағы да байқалмаған. Сөйтіп әкеме «балаңыз өлді» деп мәйітханаға апарып тастаған. Мені кеспек болады. Сол кезде әкеме біреу «қолынан ұста» деп сыбырлайды. Қолымды қайта ұстаса, тамыр соғысын байқайды. 21 күндей жан сақтау бөліміне түсемін. Онда да дәрігерлер «балаңыз адам болмайды, бәрібір өледі» деп әкеме үміт бермеген. Дәм-тұзым таусылмаған, көрер жарығым болар. Құдайға шүкір, қазір ел қатарлы жұмысқа барып, тірлік етіп жүрген жанмын», – деді марафоншы.

Оның екі омыртқасы сынып, үшіншісі шығып кеткен. Дәрігерлер шыққан омыртқаны орнына қоя алмаған. Бірнеше ота жасатып, Новосібірге дейін барған. Осындай қиындықта ата-анасынан бөлек, бұрынғы бастығы да өз көмегін аямаған. Ағайынның тойына екі күнге сұранған Нұрланның жайы өзгеріп салатынын кім білген?! Салдарынан екі жыл бойы төсекке таңылған.

Нұрлан Сыздықовтың сөзінше, аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімі екі арба берген: біреуі – далаға шыққанға болса, екіншісін үйде пайдаланады.

–  Әлгі арбаны үйге кіргізді де, жаныма қойып қойды. «Отырмаймын, мынаны шығарып тастаңдар» деп ашуландым. Арада жарты жыл өтті. Бір күні әкеме «ана арбаны кіргізші, тым құрығанда қарап отырайын» дедім.  Күнде әке-шешемнің үйден шығып бара жатқанын көріп, оларға еріп кеткім келеді. Қайдан, төсекте таңылғанмын. Әкем күннің көзін көріп, таза ауа жұтсын деп, аулаға ескі диванды шығарып қойған. Арасында соған әкем мені сүйреп, «носилкамен» (зеңбіл) апаратын. Кейін арбаға отырсам да, аула сыртына шығуға ұялдым. Кеше ғана шапқылап жүрген баланың  мүшкіл күйін көршілерге көрсеткім келмеді. Бір күні атам «Балам, сен адам өлтірдің бе, қыз зорладың ба?» деп сұрады. «Жоқ» деп едім, «Ендеше, несіне ұяласың» деп мені арбаға отырғызып алып, көшемізді түгелімен айналып шықты. «Енді ешкімнен ұялма, ешкімнен қымсынба, Алла тағала тек қана сүйген құлына сынақ береді» деген болатын. Сынақ ретінде қабылдағаннан бастап, барлығы басылды. Қазір бәрі жақсы Аллаға шүкір, –  дейді ол.