Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті.
«Келешек» жүйесі қызметі қаралады
233
оқылды

Онда депутаттар 12 желтоқсан күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Сондай-ақ іс-шарада палата Комитеттерінің осы аптадағы көшпелі отырыстарында қаралатын мәселелер талқыланды.

Алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Рес­публикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (Фискалдық басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасы – 1-кіші бағдарлама) ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Фискалдық басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасы – 1-кіші бағдарлама) ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Инклюзивті және тұрақты экономикалық өсу» атты даму саясатын қаржыландыруға арналған қарыз) ратификациялау туралы» заңдарды қарайды.

Сондай-ақ палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралады. Бұл заңда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің қызметін құқықтық реттеу көзделген. Аталған жүйені құру жөнінде Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтқан болатын.

«Келешек» бағдарламасы жоғары білім беруді, колледжде немесе магистратурада оқуды қоса алғанда, білім беру жинақтарын қалыптастыруға арналған. Бұл бастама мемлекеттің, ата-аналардың және қаржы институттарының қатысуын көздейді.

Сонымен қатар бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.