Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде поэзия әлемінің белді өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына арналған «Жайықтан ұшқан шағала» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Жайықтан ұшқан шағала
1,230
оқылды

Ақын шығармашылығына арналған кештің шымылдығын оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай арнайы құттықтау сөзімен ашты. Университет басшысы Ақұштап Бақтыгереева шығармашылығы терең поэтикалық мазмұнымен, жүрек түкпіріне жететін қуатты сөздерімен ерекшеленетінін атап өтті. Сөз соңында ректор сексеннің сеңгіріне шыққан ақынды мерейлі жасымен құттықтап, университет атынан сый-сыяпат табыстады. 

Іс-шара барысында қаладағы өзге де жоғары оқу орындары мен мектеп басшылықтарының атынан, сондай-ақ институттардан  құттықтаулар легі ағылды. Азаматтар Ақұштап Бақтыгереева жырлары тек қазақ поэзиясында ғана емес, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуде маңызды орынға ие екенін жеткізді. Олардың арасында кешке арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нұрдәулет Ақыш та  бар.

– Ақұштап Бақтыгереева – өлеңді тым күрделендіріп, түсініксіз етіп жазатын ақын емес. Оның өлеңдеріндегі әрбір шумақтың ішінде талай ой жатыр. Өлеңдері әдебиеттің барлық көркемдік талаптарына сай келеді. Меніңше, болашақ Ақұштаптар араларыңызда отыр. Келешекте адамның жан дүниесіне енетін, тәрбиелі, мағыналы өлең жазатын жастар апаларының жолын жалғайды деп сенеміз. Сол кезде алған тәрбие мен өнеге әрі қарай жалғасын тапса, нұр үстіне нұр.  Өйткені бүгінде университет басшылығы дәл осы бағытта жұмыс істеп отырғаны күмәнсіз. Бүкіл поэзиялық болмысымен бір кезеңнің адамдарының жан дүниесін беретін, туған елінің перзенттерінің ұстанған принциптерін өлең арқылы жеткізетін ақын ортамызда отыр. Қазақта ақын көп, бірақ өлең жазып, ұйқас құрағанның бәрі ақын емес. Өлеңді шын көңілімен жазатын, көркемдік эстетикалық талаптарды білімімен ұштастыра алатын адамдарды «ақын» деп айта аламыз. Соның бірі – Ақұштап Бақтыгереева. Ақын жүрегі турашылдықтан ғана емес, ол нәзіктіктен тұрады. Ақынның жан дүниесіндегі нәзіктік өлеңдері арқылы көрінеді, – деді Нұрдәулет Бабиханұлы.

Әдеби-сазды кеште университет студенттері ақын жырларын төгілте оқып, патша көңілді көрермен санасына ой салса, талантты әншілер әуезді әнімен құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ студенттік «Тұмар» театры «Ерлікті көзбен көрген күн» атты қойылымды сахналап, көрермен қошеметіне бөленді.

– Мен үшін қыздар институты сондай ыстық. Бүгін ерекше бақыттымын. Себебі өзім түлеп ұшқан оқу ордамның 80 жылдық мерейтойына 80 жасыммен келіп тұрмын. Мұнда мені қазақтың қыздары, немерелерім қарсы алды. Олар менің өздеріне қажет жырымды оқып жатыр. Ал мен өмір бойы қаламымды қазақ қыздарын тәрбиелеуге арнаппын. Ана сүюге, ұлтын сүюге тәрбиелеппін. «Қазақ қызы, ананы сыйла. Туған далаңа қызмет ет. Сен қыз болғаныңмен, жүгің ауыр. Сенің мойныңда үлкен жауапкершілік бар. Сен бесігінде тербе, ұлтыңның ұрпағын да өсір, шәкіртін де тәрбиеле» деп айтады екем. Мен келер ғасырға қызмет ететін ұстаздарға, қазақтың аналарына ақ жол, үлкен бақыт тілеймін. Қазақ қыздарының ешбір әлем қыздарынан қалыспайтын өнерлі болуын тілеймін. Қазақ қыздарының бәрінен де биік болатынына, олардың жарқын болашағына сенемін, – деді ақын. 

Қазақ қыздарының ағартушылыққа ұмтылуы, балаларға ұстаздық тәлім-тәрбие беруі, білім мен ғылым жолында қызмет етуі – тұтас бір ұлттың келешегіне, ұрпақтың рухани өресіне әсер ететін негізгі фактор. Ал Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ғасырға жуық уақыт бойы осынау жүгі ауыр миссияны арқалап келеді. Қыздар университетінің тарихы тереңде жатыр. Кезінде мен тәмәмдаған қыздар институты сонау сұрапыл соғыс уақытында, ұлтын сүйген азаматтар әскерге кетіп оралмай, балалар жетім қалған жылдары ашылды. Содан кейін қыздар институтын бітірген ұстаздар ұлы даланың түкпір-түкпіріне барды. Бұл нағыз мақтанарлық сезім. Оқу орны ашылғанға дейін қазақ қыздарының жоғары білімі болмады. Оқыған азаматтарымыз өзге ұлттың қыздарына үйленді. Міне, осынау оқу ордасының 80 жасқа толуы – күллі ұлт үшін үлкен той. Қыздар институтынан түлеп ұшқан шәкірттер – балаларды әліпбиден бастап үлкен өмір жолына аттандырып жүрген ардақты ұстаздар. Олардың ішінде жанкешті еңбек еткен қаншама құрметті ұстаз бар. Мен оқыған жылдары институтта Мәншүк Мәметованың анасы Әмина Сүлейменқызы Мәметова сабақ берді. Оның есіктен кіріп келгені, студенттерге сөйлегені – біз үшін үлкен тарихи оқиға еді. Біз сол кісілерден тәлім-тәрбие алдық. Өкінішке қарай, қазір институтта білім берген көптеген ұстаз о дүниелік болды. Бірақ бүгінге дейін сол ұстаздарымыздың есімі өлген жоқ, ісі жалғасып жатыр, –  деді Ақұштап Бақтыгереева. 

Әдеби-сазды кешке жиналған қадірлі қонақтардың арасында ақынның жұбайы Ғабдырахим Жаңбырбаев та болды. Ол университет қабырғасында өткерген естеліктерін бөлісіп, оқу орнының студенттеріне білім жолында сәттілік тіледі. 

– Мен алғаш кездескен уақытта жұбайы­ма «Өлеңіңді жазып, айтар шындығыңды айт. Маған арқа сүйеуіңе болады» деген едім. Сол сөзімде тұрдым деп ойлаймын. Ақын адамның жүрегі нәзік, сезімтал келеді. Бүгін өзінің өскен ортасына келіп, қошеметке бөленуде. Жастар әдемі өнер көрсетті. Кештің ерекшелігі шынайылығында болды деп ойлаймын. Біз сіздерге тек жақсылық тілейміз, – деді Ғ.Жаңбырбаев.

Кеш соңында ақын Ақұштап Бақтыгереева өзіне көрсетілген құрмет пен ыстық ықыласқа ризашылығын білдіріп, университет ұжымына «Ана жүрегі» атты кітабын сыйға тартты.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы