Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Самат Мұсабаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутаттың айтуынша, заң жобасында құрылыс салушылар үшін келесі өзгерістер ұсынылады:
Құрылыс салушыларға қойылатын «кіру» талаптарын төмендету, яғни ортаңқол құрылыс салушылар Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу нарығына заңды кіру.
(Өңірлік құрылыс салушылардың қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында енгізіледі: жұмыс тәжірибесі бойынша талаптарды төмендету ұсынылады (тәжірибе 18 және 10 мың шаршы метрден 10 және 5 мың шаршы метрге дейін, 3 жылдан 2 жылға дейін).
Үлестік салымдарға қолжетімділікті кеңейту, яғни:
§ уәкілетті компания екінші деңгейлі банктерде ағымдағы шотты ғана емес, жинақ және валюта шоттарын ашу мүмкіндігі;
§ мердігерге аванстық төлемдер мөлшерін ұлғайту;
§ үлескерлердің ақшасын әкімдіктен рұқсат алғаннан кейін ғана пайдалану құқығы;
§ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың Бірыңғай ақпараттық жүйесінде (Қазреестр) міндетті түрде есепке ала отырып, жазбаша және электрондық нысанда үлестік қатысу шарттарын жасасуды қамтамасыз ету;
§ Бірыңғай оператордың кепілдік беру шартын мерзімінен бұрын бұзған кезде Уәкілетті компанияның кепілдік жарнасының бір бөлігін қайтару.
Осылайша, заң жобасы үлестік нарықтағы жағдайларды жақсартуға және құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды төмендетуге, сондай-ақ құрылыс салушылар үшін, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретін шараларды ынталандыруға бағытталған.
Бұдан басқа, жұмыс тобы барысында депутаттар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы Заңның қолдану аясын кеңейту мақсатында жеке тұрғын үй кешендерін салуға және осы саладағы мемлекеттік реттеуді күшейтуге бағытталған бірқатар түзетулерге бастамашылық жасады. Атап айтқанда:
Үлескерлердің құқығын қорғау мақсатында, Заң жобасының басты түзетулерінің бірі, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес, алдын ала шарттар, инвестициялау, броньдау және т.б. шарттар жасасуға тыйым салу;
- құрылысы жүріп жатқан нысанды әкімдіктің рұқсаты немесе Бірыңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда жарнамалауға және Екінші деңгейлі банктер ипотека рәсімдеуге тыйым салу;
- салынып жатқан тұрғын үйдің тапсыру мерзімдерін ұзартуды қысқарту;
- үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқаны және жарнаманы таратқаны үшін әкімшілік айыппұлды 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту (7,9 млн теңгеге дейін).
Сондай-ақ, аталған заң жобасымен, «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ мен әкімдіктердің де қызметіне түзетулер енгізілді, олар:
- «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ базасында Үлескерлерді қолдау орталығын құру (1414 колл-орталығына ұқсас);
- Бірыңғай оператордың кепілдіктерін алу кезінде құрылыс салушылардың қаржылық тұрақтылығына қойылатын талаптарды күшейту;
(Активтердің мөлшері қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттемелер шегерілгеннен кейін қалатын жиынтық активтердің кемінде 10%-ы)
- Әкімдіктен үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу кезінде құрылыс салушылар екінші деңгейлі банкпен жасалған кредиттік шартты және несиелік берешек туралы анықтаманы көрсету міндеттеледі.
Заң жобасын қабылдау мыналарды қамтамасыз етеді:
§ Үлестік құрылыс нарығының ашықтығын және инвесторлар мен азаматтардың сенімін арттыру;
§ Нарыққа кіру кедергілерін азайту арқылы аймақтық құрылыс салушылар санын көбейту;
§ Үлескерлерді жосықсыз құрылыс салушылардан қорғауға кепілдік беру.
"Бұл заң жобасы үлестік қатысу саласында тұрақты, ашық және әділ реттеу жүйесін құруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Оны қабылдау саланы сенімді дамытудың және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтудың кепілі болады", – деді Мәжіліс депутаты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.