Елімізде банкте несиесі бар азаматтардың саны 8,5 миллионға жетті. Ұлттық банктің мәліметінше, биыл қазақстандықтардың несие сомасы 12 триллион 600 миллиард тең­геге теңескен.
Қаржылық сауат балабақшадан басталады
333
оқылды

Мамандар есепсіз несиенің алынуына не­гізгі себеп – қаржылай сауаттың болмауы деп отыр. Қарыздың көбею себебін анықтап, салдарымен күресу мақ­сатында «AMANAT» партиясы былтыр «Қарызсыз қо­ғам» жобасын іске қосты. Бұл бастама нәтижесін берді ме? Қарыз қамытынан құтыла алмай жүрген кімдер? Осы мәселе төңірегінде «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасының Атырау облысы бойынша менторы Ақан Қайырғалиевпен тілдестік.

– Статистика  8,5 миллионнан астам азаматтың несиеге өмір сүріп жатқанын көр­сетті. Кредитке тәуелділік неден пайда болды? 

– Елімізде 20 миллионнан астам халық тұрады. Оның 10 миллионы – эко­номикалық белсенді азаматтар. Соңғы ресми деректерде, елімізде қазір  8,5 миллион адамның қарызы бар екені айтылды және олардың арасында  студенттер мен зейнеткерлер бар. Бұған қоса, триллиондаған қарыздың 65 пайызы – кепілсіз несие. Мұның себебі неде? «AMANAT» партиясы жүзеге асырып жатқан «Қарызсыз қоғам» пил­от­тық жобасының аясында осы мәселені зерттей бастадық. Қызылды-жасылды жарнамаға тәуелді қазіргі қоғамда адамдарға тән жаман әдет бар – біз бәрін бірден сатып алуды қалап тұрамыз. Көзсіз кредитке кіре беруімізге осы әдетіміз әсер етпей қоймайды. Әлеу­меттік желідегі бәзбіреудің өмірін сүруге ұмтылатындар, әсіресе жастар көбейді. Талай жағдайға куә болдық, студенттер ата-анасынан жасырып микроқаржы ұйымдарынан қарыз алады. Табысы болмаған соң, онысын төлей алмайды, ал ата-анасы баласының қарызын коллекторлар хабарласқан кезде ғана біліп жатады. Зерттей келе, әлгі студенттің кофеханада кофе ішіп, әлеуметтік желіге әдемі сурет жүктеу үшін қарыз алғанын біліп жатамыз. Бұл, әрине жақсы құбылыс емес. Сондықтан қаржылық сауат мәселесі балабақшадан бастап үйретілуі керек.  

– Қарызға батып жүргендердің арасында әйелдердің үлесі қандай? Әйелдер көп қарыз алады деген түсінік шындыққа жанаса ма?

– Қаржылық сауат – мүлдем несиесі жоқ адам деген сөз емес. Несиені екі жағдайда – бизнесті дамытуға және білімді кеңейтуге алуға болады. Өйткені кәсіп те, білім де адамның өзін дамы­туға салған инвестиция. Бірақ білімнің соңынан қуып, есепсіз қарызға кіріп кеткендер де көп. Әсіресе, әйел заты түрлі психологиялық, мотивация­лық және басқа да курстар сатып алып, қар­ызға батып кетеді. Адам өзінің қаржылық жағдайына қарай білім алуы және оны пайдаға асыра білуі керек. 

Жалпы, қарыз алуға «ынта» барлығы эмоцияның қажеттілігін өтеуден туып отыр. Ересек адамдар жақсы біледі, 90-жылдары еліміз нарықтық экономи­каға көшкен кезде дүкендерде сөрелер бос тұрды. Қазір жарнама, маркетинг саласы жақсы дамыған. Банк қосымша­ларының да кері әсері тиіп жатады. Өйт­кені ақшаны қолға ұстамаған соң, кейде қалай жұмсап жібергеніңді білмей қаласың.  

– «Қарызсыз қоғам» жобасының қорытындысы туралы не айтар едіңіз?

– «AMANAT» партиясының «Қар­ызсыз қоғам» жобасы Қазақстан бо­йын­ша 8 облыста жүзеге асырылды. Оның ішінде, Атырау облысы да бар. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Атырау облысында 6 000-ға жуық адам оқытылды. Жоба аясында адам қаржылай сауатты болып шығады. Оның ішінде, несие, депозит, ақша жинаудың әдістері, алаяқтарға алданбау, қосымша табыс, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу арқылы қаржылық жағдайды жақсарту, бизнес план жасау, грант мәселелері толықтай қаралады. Оқуды аяқтап, сер­тификат алғаннан кейін қатысушы заңгер көмегіне жүгінеді. Оның аясында, шоты банк тарапынан бұғатталғандар, ай сай­ынғы төлейтін несие суммасын азайтқысы келетіндер заңгердің тегін кеңесін алып, әрі қарай қаржылық жағдайын жақсартуға жұмыстана алады. Қазақстан бойынша қазір 1,5 миллион адам несиесін төлей алмай жатыр. «Қар­ызсыз қоғам» – оларды қарыз шұң­қырынан шығаруға көмектесетін жоба деуге болады. Атырау облысы бойынша биыл жылжы­майтын мүлігі бұғатталған 200 адамға көмек көрсетілді. Яғни, олар­дың мүлігі бұғаттаудан шы­ғар­ылды. Сон­дай ақ есепшоттары бұ­ғатталып, табы­сының 50 пайызын банктер ұстап отырған 228 адамға көмек көрсетілді, 34 адамға банкроттық жариялау бойынша көмек берілді. Олардың банк алдындағы жалпы бере­шегі 70 миллион теңгеден асады. Десе де, байқағанымыз, халыққа әлі де болса «Қарызсыз қоғам» туралы ақпарат жет­пей жатыр. Әсіресе, ауылды жерлер­дің тұрғындары мұны бір реттік жиын деп ойлайды. Кейін тренингтен өткеннен кейін бір-бірін шақырып жатады. 

Несие – есебін білетін адамға өте жақсы құрал. Сондықтан мүлде несие алмаңдар деп үгіттеуге болмайды. Бір кездері өзімнің де басымда кредитім болды. Қарызымнан толық құтылуды мақсат етіп қойдым. Сөйттім де, қолыма артық ақша түссе болды, бірден несиемді жаба бастадым. Қазір банк қосымшалар­ын ашқанда рахаттанамын. Тап-таза тұрады. Бұл жерде айтқым келгені, қар­ыз адамды баса береді. Ал ақша жинау тәртіпті талап етеді. Сондықтан азаматтарға табысының 10 пайызын жинап отыруға кеңес беремін. Бұл әдет бірден оңай болмайды. Бірақ орындауға болады. Ақшаны табу өз алдына, одан азғантай ғана болса да сумманы жинақ­тай отырып көбейте білу маңызды. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА