ЖЭК-ті дамытудың өзекті мәселелерінің бірі – желідегі интеграция.
Жаңартылатын энергия көзін дамыту – көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге көмектесетін стратегиялық қадам
419
оқылды

 Qazaq Green  ЖЭК қауымдастығы мен Huawei Technologies Қазақстан компаниясы «ҚР БЭЖ-де энергия жинақтау жүйелерін (BESS) қолдану әлеуеті» Ақ кітабын әзірлеудің бірінші кезеңін аяқтады. Аталған жұмыс ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

1987 жылы негізі қаланған Huawei компаниясы – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) инфрақұрылымы мен смарт құрылғылардың жетекші әлемдік жеткізушісі. Huawei компаниясында 207 000 қызметкер жұмыс істейді, әрі 170-тен астам ел мен аймақта өз қызметін жүзеге асырады. Huawei компаниясы алғаш рет Қазақстан нарығына 1998 жылы шықты. Содан бері қызметкерлер мен жергілікті серіктестердің жанқиярлық жұмысының арқасында компания Қазақстанда 18 миллионнан астам пайдаланушыға қызмет көрсетеді. Оған қоса, шалғайдағы ауылдық аудандардың 850 000 тұрғынын байланыспен қамтамасыз етеді.

Ал  Qazaq Green  ЖЭК қауымдастығы – Қазақстанда ЖЭК секторын дамытуды қолдау мақсатында жұмыс істейтін және инвесторларды, әзірлеушілер мен жабдық өндірушілерді, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарын, зерттеу және жобалау институттарын біріктіретін қоғамдық салалық бірлестік. Qazaq Green-нің маңызды міндеттерінің бірі – норма-шығармашылық процеске қатысу және ЖЭК бизнес-қоғамдастығының мүдделерін әртүрлі деңгейлерде білдіру. Қауымдастық QazaqGreen салалық журналын шығарады, Qazaq Green Fest ЖЭК бойынша халықаралық фестивальдің ұйымдастырушысы. Қазіргі уақытта Qazaq Green – мемлекеттік органдар үшін де, бизнес-қоғамдастық үшін де Қазақстанда ЖЭК дамыту жөніндегі негізгі сараптамалық орталықтардың бірі.

ЖЭК-ті дамытудың өзекті мәселелерінің бірі – желідегі интеграция. Энергия жүйесінің тұрақты жұмыс істеуінің негізгі технологиялық қағидаты уақыттың әрбір жеке сәтінде генерация тепе-теңдігін сақтау және үнемі өзгеріп отыратын тұтыну қажеттілігі екені анық. Бұл ретте ЖЭК пен бөлінген генерацияның қарқынды дамуы, электр көлігін енгізу электр жүктемесін жабу кестесінің барған сайын құбылмалылығына алып келеді. Сонымен қатар олардың энергия жүйесін реттеуді қамтамасыз ету жөніндегі мүмкіндіктері дәстүрлі генерацияға қойылатын талаптарды арттырады. Осылайша, электр жүйесінде белгілі бір сағатта тұрақтылықтың бұзылуы, желілердің рұқсат етілген мәндерден жоғары жүктелуі, кернеу мен жиіліктің ауытқуы, электрмен жабдықтау сенімділігінің жалпы төмендеуі мүмкін.

Электрохимиялық энергияны сақтау жүйелерін (BESS) қолдану жоғарыда аталған мәселелерді ішінара немесе толығымен шеше алады. Осыған байланысты елімізде бірнеше жыл бойы ҚР БЭЖ-де теңгерімдеу мәселесін шешу үшін BESS қолдану мәселесі талқыға түсіп жатыр.

«Жаңартылатын энергия көздерін дамыту және BESS сияқты энергияны жинақтау жүйелерін енгізу – Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін стратегиялық қадам. Qazaq Green және Huawei сияқты сала көшбасшыларымен бірлескен жұмыс болашақтың тұрақты және сенімді энергетикалық жүйесіне негіз қалайтынына сенімдіміз», – деп атап өтті ҚР Энергетика министрлігінің вице-министрі Сұңғат  Есімханов.

Сонымен қатар жиында сөз алған ҚР Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов энергетика саласының мамандарын жылдың табысты аяқталуымен құттықтап, олардың кәсіби мерекесі ресми бекітілуін қалайтынын айтты.

«Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін ауқымды дамытуды жоспарлап отыр. Бүкіл әлемде ЖЭК дамуы электр энергиясын жинақтау жүйелерін қолданумен қатар жүреді. Бұл тұрғыдан Қытай әлемдік көшбасшылардың қатарында. Ең дамыған және кеңінен қолданылатын технологиялардың бірі – литий-ионды батареялар. Елде BESS жүйелерін қолдану және реттеу тәжірибесі жоқ екенін ескере отырып, Huawei компаниясы Ақ кітап әзірлеуді ұсынды. Оның негізгі міндеті – басшылық ретінде әрекет ету және осы жүйелерді дамытудың негізгі бағыттарын беру», – деді Huawei Technologies компаниясының Қазақстандағы бас директоры Чжао Сюй.

Бүгінгі күні биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, елде жалпы белгіленген қуаты 2 903,7 МВт болатын 148 жаңартылатын энергия көздері стансасы жұмыс істейді. Оның ішінде 59 жел стансасы, 46 күн стансасы, 40 ГЭС және 3 БиоЭС бар. Аталған кезеңде ЖЭК стансалары елдегі электр энергиясының 6,67%-ын өндірді.

Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын қойды. 5 жылдық кезеңге аукциондық сауда-саттықты өткізудің бекітілген кестесіне сәйкес, аукционға қойылған жалпы қуат 6,7 ГВт құрады. Энергетикада белгіленген мақсатты іске асыру үшін Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын 2035 жылға дейін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды.  Жоғарыда аталған құжатты іске асыру шеңберінде ЖЭК-тің ірі «гигаваталық» жобаларын іске қосу жоспарланғанын атап өту қажет. Бұл – Total Energies, Masdar, AcwaPower, China Power, Hevel (жел электр стансасы + күн электр стансасы) сияқты компаниялармен 300 МВт сақтау жүйелері бар 1 ГВт жел стансасының жобалары. Осылайша, Қазақстанда энергия жинақтау жүйелерінің белгіленген қуаты алдағы  10 жылдықта 1 ГВт-тан асуы мүмкін. Жоспарды сәтті іске асыру кезінде энергия жүйесіндегі ЖЭК белгіленген қуаттылықтарының көлемі 2035 жылға қарай 24,4%-ды құрайды.

«Біздің елімізде ЖЭК дамыту үшін маневрлік қуат қажет. Газ және гидроэлектр стансаларының жобасын іске асыру 5 жылдан астам уақытты қажет ететінін ескерсек, мұны шешудің бір жолы – қысқа мерзімде орналастыруға болатын аккумуляторлық типтегі энергияны сақтау жүйелерін (BESS) қолдану. Алайда мұндай жүйелердің негізгі кемшілігі – олардың салыстырмалы түрде қымбат екені, деградацияның жеткілікті жоғары деңгейі және қысқамерзімді икемділікті қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан ЖЭК секторының өкілдері ретінде біз үшін энергожүйеміз шеңберінде BESS рөлі мен функционалын анықтау туралы маңызды мәселе туындайды, бұған біз «Ақ кітапта» жауап беруге тырысамыз», – деп түсіндірді  Qazaq Green ЖЭК қауымдастығының Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов.

 Qazaq Green  ЖЭК қауымдастығы мен Huawei Technologies компаниясының өкілдері қатысқан іс-шараның аяғына қарай жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында елеулі еңбек етіп келе жатқан мамандар марапатталып, басшылық олардың жұмысына оң баға берді.

Жиынды ұйымдастырушылардың сөзінше, «Ақ кітаппен» жұмыс аясында сараптамалық талқылаулар мен дөңгелек үстелдер жоспарланған. Кітапты басып шығару 2025 жылдың басына жоспарланған. Ол энергияны сақтаудың электрхимиялық жүйелерін дамыту мәселелеріне қызығушылық танытатын электр энергетикасы саласының кәсіби сарапшыларына арналған. Әзірлеушілер болашақта BESS жүйелерін іске асырудың негізгі ұғымдары, функциялары, тетіктері осы бағытты нормативтік-құқықтық реттеуде көрініс табады деп үміттенеді.