Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі күндік жұмыс сапарымен Жетісу облысына барды.
Өңірлер қуатты болса, мемлекет мықты
219
оқылды

Президент сапары «Талды­қор­ған» индустриялық аймағында ор­наласқан ASMA INDUSTRIAL өн­дірістік аккумулятор шығару зауытының жұмысымен таны­су­дан басталды. Құны 8,5 миллиард тең­гені құрайтын жоба былтыр қол­ға алынып, алдымен ғимараты жаңартылған болатын. Одан соң бюджет қаражатына электр жаб­дықтары орнатылып, кәріз және газдандыру желілері тартылған. Аумағы 14,3 гектар болатын зауыт биылғы 6 желтоқсан күні іске қо­сыл­ды.

Президентке өндіріс орнын та­ныстырған ASMA INDUSTRIAL ЖШС құрылтайшысы әрі зауыт ди­ректоры Серікбай Ажма­ғам­бе­товтің айтуынша, мұнда мұ­най-газ, тау-кен өнеркәсібінде, те­ле­ком­му­никацияда, теміржол са­­ла­сында, сон­дай-ақ «жасыл» энер­гетикада үз­діксіз энергия көзі ре­тінде қол­данылатын өндірістік ак­кумулятор батареялары шы­ғары­лады.

Мемлекет басшысына баян­дал­ған мәліметтерге сәйкес, зауыт то­лық қуатына шыққанда 180 жұ­мыс орны құрылып, жылына 210 мың аккумулятор өндіреді. Дайын­далған өнімнің 60 пайызын ТМД және Балтық елдеріне экс­порттап, қалған 40 пайызын отандық на­рық­та сатуды жоспарлап отыр. Сон­дай-ақ іске қосылған алғашқы жы­лы бюджетке 500 миллион тең­ге­ден астам салық төлейді. Зауыт­қа қажетті шикізаттың басым бө­лігі Қазақстан кәсіпорын­да­ры­нан сатып алынады. Атап айт­қан­да, «Казцинк» ЖШС-тен қор­ға­сын, «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ-дан күкірт қышқылын алса, сепаратор мен полипропиленді Қы­тайдан импорттайды. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшы­лары­мен әңгімелесіп, еліміздегі өн­діріс­тің рөлі туралы айтты.

– Мемлекет мықты болсын де­сек, ең алдымен, өңірлеріміз қуат­ты болуы керек. Өндірісі да­мыған елге айналу үшін осы са­ла­ға көңіл бөліп отырмыз. Страте­гия­лық маңызы бар Жетісу об­­лы­сына ерекше назар аудара­мыз, – деді Президент. 

Бұдан кейін Мемлекет басшы­сы облыстағы кәсі­п­орын­дардың жетекшілерімен кездесіп, пікір ал­масты. Сондай-ақ отан­дық биз­нес­ті қолдау мемлекеттік сая­сат­тың негізгі бағыты екенін жет­кізді.

Одан соң Президент Талды­қор­ған қаласының іргесіндегі Ынтымақ ауылында биыл пайда­лануға берілген №30 мектепті аралап көрді. 1200 оқушыға есеп­телген білім ошағының құрылысы жергілікті бюджеттің және Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен қаржылан­дырыл­ған. Заманауи үлгіде жаб­дық­талған мектепте 77 оқу каби­неті, мультимедиа сыныптары, спорт, гимнастика, мәжіліс пен кітапхана залдары, ағаш, металл және тігін шеберханалары бар. Президент жаңа оқу ордасын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті. Мемлекет басшысы мектепке автобус сыйға тартты.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубы­ның оқу-жаттығу кешенін және Үстел теннисі орталығын аралап көрді. Биыл пайдалануға берілген кешен ғимаратының құрылысына 1,2 миллиард теңге жұмсалған. Ауданы 1 639,4 шаршы метр бола­тын нысан екі блоктан тұрады. Үш қабатты негізгі ғимарат волей­бол­дан оқу-жаттығу сабақтарын, дене шынықтыру-сауықтыру процестерін өткізуге арналған. Кешенде спорт және жаттығу залдары, медициналық, әкімшілік кабинеттері бар.

Мемлекет басшысы спортшы­ларға арналған тұрғынжаймен танысты. Онда пәтерлерден бө­лек, асхана, оқу кабинеттері мен демалыс аймағы қарастырылған. Жеке инвестор салған ғимараттың ауданы – 3866,5 шаршы метр. Қасым-Жомарт Тоқаев мамандар­мен және спортшылармен әңгіме­лесіп, команданың жақсы ойын үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті. Сондай-ақ осыған дейін Алма­ты қаласында жаттығып кел­ген клубтың енді облыста дайын­дық жасай алатынына назар аударды. Сөз соңында спортшы­ларға халықаралық деңгейде өнер көрсету қажет екенін айтып, алда­ғы жарыстарда жеңіске жетулеріне тілектестік білдірді. Команда мү­ше­лері қолайлы жағдай жасалғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, волейбол добына қолтаңба қалдыруын сұрады.

Мемлекет басшысының Жеті­су облысына сапары Қаратал ауданында жалғасты. Онда ол Ескелді би ауылында биыл пайдалануға берілген әлеуметтік нысандар – мәдениет үйі мен спорт кешенінің ғимараттарын аралап көрді. Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген 150 орын­дық мәдениет үйінде кітапхана, әжелер мен домбырашылар ансам­бльдері, би үйірмесі секілді ұжымдар орналасқан. Ал спорт кешенінде тұрғындар тоғыз­құмалақ, шахмат, дойбы үйірме­леріне, бокс, күрес, волейбол, бас­кет­бол секцияларына қатыса­ды. Кешенде Президент ауыл балаларымен әңгімелесіп, мемле­кет тарапынан өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына, спортпен айналысуына қолайлы жағдай жаса­латынын жеткізсе, ауыл кі­тап­ханасында өнерпаз балалармен жүздесіп, еліміздің лайықты азаматы болып өсуіне тілектестік біл­дірді. Мәдениет үйіне му­зыкалық жабдықтар мен суретші Ә.Баяндиннің картина­сын тарту етті.

Бұдан кейін Мемлекет басшы­сы Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа мектеп директоры Ләззат Испанова оқушылардың жетістіктері туралы айтып, жазу­шы мұражайымен таныстырды. 1997 жылы құрылған музейге қаламгердің тұтынған заттары, фотосуреттері, құжаттары мен кітаптары қойылған. Президентке жазушының өмірі мен шығарма­шылығына арналған зияткерлік ойын және  повестерінің желісі бойынша шағын қойылым көрсе­тілді. «Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры» атқарған жұмыстар жөнінде баяндалды. Биыл Қордың құрылғанына 15 жыл толып отыр.

Сапар соңында Мемлекет бас­шысы Үштөбе қаласында орна­лас­қан Қаратал ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ғима­ратын аралап көрді. 1983 жылдан бері қолданыстағы нысан биыл күрделі жөндеуден өтіп, қазан айында аталған мекемеге беріл­ген. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің Жо­ғарғы Бас Қолбасшысына Smart-әскери комиссариат жобасы ту­ра­лы баяндады. Жаңа бастамаға сәйкес азаматтар автоматты түрде әскери есепке алынады.

Министрдің айтуынша, жыл сайын 17 жастағы 160 мыңнан аса жас­өспірім автоматты түрде әске­ри есепке тұрғызылады. Сондай-ақ министрлік жұмылдыру ре­сурс­тарының ақпараттық жүйесін құрған болатын. Цифрлық транс­формация Қазақстандағы 16 мен 60 жас аралығындағы барлық ер азаматты қамтиды. Бұл жұмыс қағаз нұсқада жүргізілген кезде есепте 2,5 миллион азамат болған. Ал цифрлық форматқа көшкеннен кейін олардың саны 6,8 миллионға жеткен.

Бұдан бөлек, IT саласы бо­йынша білімі бар сарбаздар «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес Armia.kz ақ­параттық қызметін жасап шық­қан. Аталған жоба тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйым­дастыру мақсатында жасан­ды интеллект арқылы әзірленген. Ата-аналармен кері байланысқа ыңғайлы бұл қызметтің мобильді нұсқасы да бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев әскерге шақырылған азаматтармен әң­гіме­лесіп, оларға Отан алдындағы борышын өтеуде сәттілік тіледі.

– Елге қызмет ету – азаматтық борыш. Бұл – өте маңызды жұ­мыс, қасиетті парыз. Үлкен әскери мансаптарға жетіп, гене­рал атаныңыздар. Азаматтық мін­детті абыроймен атқарыңыздар. Антқа адал болыңыздар! – деді Мемлекет басшысы.

Н.ОРАЗҒАЛИ