«Тамаша» әзіл-сықақ театрына биыл 45 жыл толып отыр. Бүтін бір тарих, үлкен мектеп болған театр және оның ұжымы жайлы естеліктерді жаңғырту әрі оның жүріп өткен жолын бүгінге үлгі ету мақсатында «Тамаша» телесериалы 30 қарашадан бастап көрерменге жол тартты.
«Тамаша» туралы тамаша тарту
коллаж: Елдар ҚАБА
395
оқылды

Jibek joly арнасының тап­сы­ры­сымен Salem Entertainment тү­сірген шынайы оқиғаға не­гіз­дел­ген бұл туынды көрерменді Кеңес одағының ыдырауы, Тәуел­сіздікке жету жолындағы алғашқы қа­дамдары сынды еліміздің қиын ке­зеңді бастан кешірген «тоқ­са­нын­шы жылдарға» жетелейді.

«Тамаша» әзіл-сықақ теат­ры­ның қазақ телевизиясы тари­хын­дағы орны ерекше. Биыл біздің те­леарна осы театр туралы 10 се­риялы «Тамаша» атты көркем се­риал түсірді. Телетуынды. Түсі­рі­лім барысында біз биыл театрдың эфирге шыққанына 45 жыл тол­ға­нын білдік. Содан соң театрдың авторы әрі телевизия майталманы, режиссер Лұқпан Есеновке құр­мет ретінде тамаша тарландарын жи­нап, осы датаға арнап «Тамаша тар­ту» атты концерттік бағдарлама жа­сауды жөн көрдік», – дейді Jibek joly арнасының директоры Еркежан Күнтуған. 

«Тамаша» театры – бір қара­ған­да, қарапайым театр болып көрінуі мүмкін, бірақ идеология тұр­ғысынан – өте қауіпті қару. Ол қарапайым халықтың са­насына, пікіріне қатты ықпал ете алады. Мәселен, өткендегі концерт­терін­де ГорСтрой туралы әзілдері не­мен аяқталды? Дирек­торы жұ­мыс­тан кетті. Ал кешегі ғи­марат жә­не көше атаулары ту­ралы әзіл­дері ше?» деп басталатын теле­се­риалда театрдың халықтың жанын жадырататын, күлдіріп отырып жылататын әртүрлі уытты қойы­лымдарынан үзінді береді. 

1978 жылы эфирге шыққан «Та­маша» – телевизиялық бағдар­ла­ма ғана емес, Қазақстанның мә­дени мұрасы саналады. Биыл театр­дың эфирге шыққанына тура 45 жыл толады. «Тамашаның» не­гізін режиссер Лұқпан Есенов пен редактор Қойшығұл Жылқышиев қала­ды. Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Лидия Кә­денова, Мейірман Нұрекеев, Тоқ­сын Құлыбеков, Уайс Сұл­тан­ғазин, Гүлбаушан Тілеубекова, Да­нагүл Темірсұлтанова сынды өнер тарландары театр сахнасында өнер көрсетті. 10 сериялы теле­туын­дыда осы ұжымының қызығы мен шыжығы мол өнер жолы паш етіледі, актерлердің сахна сыр­тын­дағы өмірі баян етіледі. 

«Тамашаның» қадір-қасиеті ай­рықша. Ол - елдің қазынасы, әзілдің қарашаңырағы. «Тамаша» ар­қылы Сейіт Кенжеахметов, Шо­на Смаханұлы, Үмбетбай Уай­дин, Толымбек Әлімбек, Көпен Әмір­бек сынды мықты автор­лар­мен жұмыс істедік. Лұқпан ағадан көп­теген өмірлік сабақ алдық. Ха­лық­тың жанын жадырататын, күл­діріп отырып жылататын, ой­лан­дырып қоятын қойылымдарды аға­лары­мызбен бірге сахналау көңі­лімізге қуаныш сыйлайтын. 45 жылдық мерейтойымызды елеп, «Тамаша» жайлы сериал түсіріп, концерт беріп жатқан Jibek joly арнасына алғыс айтамын», – дейді театр актері Асылбек Боранбай. 

Тәуелсіздік жылдарының ба­­сын­да «Тамаша» теат­рын қар­жы­лан­дыру тоқтатылып, өнер ұжымы жұмыссыз қалады. Те­летуындыда осынау қиын ке­зең­дердегі өнерпаздардың бастан кешкен қиындықтары, өнер үшін ат­қарған жанкешті еңбектері кө­рі­ніс табады. Барлық қиындыққа қа­рамастан сериал кейіпкерлері «Уайымдамаңыз! Бәрі Тамаша бо­лады!» деген ұран тастайды, үміт нұрын өшірмей, сол қиын кезеңде ха­лықтың күліп жүруіне септігін ти­гізген адамдар болып қала бере­ді. Фильм барысында Данагүл Те­мірсұлтанованың: «Тамаша» мені қатты шабыттандырады. Біз­дің «Тамашамыз» халықтың көңіл күйінің, өмірлік қиындық­тары­ның дәрумені», – дейтіні осының дәлелі. 

Сценарий авторлары дәуір рухын, жоба қатысушы­ла­рының сахна сыртындағы шие­леністі жеке драмаларын тарихи бол­мысын сақтай отырып, көрер­менге ұсыну үшін белсенді жұмыс істеген. 

9 желтоқсан күні театр ұжы­мы­ның 45 жылдық мерейтойына Ал­ма­тыдағы Республика са­райын­­да үлкен концерт өтті. Сах­на шымылдығын Тұңғышбай Жаманқұлов пен Лидия Кәденова аш­ты. Гүлбаушан Тілеубекова, Данагүл Темірсұлтанова, Асылбек Боранбай, Марат Көккөзов, Нұр­жан Тұтов көрермендерге әзіл-қал­жыңын айтып, көңілдерін бір желпіндіріп тастады. Бір кездері ой­наған қойылымдарын қайта қойып көрерменді өткен жылдар­ға жетелеп, күлкіге қарқ етті. Жүз­де­ген таланттың жұлдызын жақ­қан «Тамаша» әзіл-сықақ теат­­­­­­­рының ме­рейтойына арналған кеште Роза Рымбаева, Айжан Нұрма­ғам­бетова, Ұлықпан Жолдасов, Та­мара Асар, Толқын Забирова сын­ды әншілер мен «Дос-Мұқа­сан», «Үркер» тобының орын­дауын­­дағы әндер кештің ажарын аша түсті.

«Концерттің осы ғимаратта өтуі де тегін емес. Өйткені «Та­ма­ша» тарихында оның барлық кон­цер­ті осы ордалы сарайда өткен бо­латын. Тамашаның құрамы, осы сахнадан түлеп ұшқан атақты өнер жұлдыздары және «Тамаша» сериалына түскен актерлдердің қа­тысуымен керемет кездесу-ке­ші болды. Бұл концерттің эфирлік нұс­қасы 31 желтоқсан күні Jibek Joly телеарнасының эфирінен жаңа жылға тарту ретінде көрер­мен­ге ұсыналады. Бұл да сим­во­ли­калық мәнге ие, себебі осыдан 45 жыл бұрын, дәл осы 31 жел­тоқ­сан­да «Тамашаның» алғашқы эфи­рі шыққан екен. Тұнып тұрған та­рих десек болады, біз үшін бұл өнім тек телевизиялық жоба емес, сон­дай-ақ аға буын мен жаңа буын арасындағы сабақтастық. Тіп­ті, концерттің өзінде әр аға ән­ші­леріміз жас буынмен кол­ла­ба­рация жасап, өнер көрсетті», – дейді Еркежан Күнтуған.

 

«ТАМАША» ТЕЛЕСЕРИАЛЫ ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТЕР:

Фильмнің жалпы оқиға желісі мен басты кейіпкер – Қайсар есімді жігіт ойдан шығарылған. «Сериалдың сюжеті «Тамаша» театры актерлерінің өмірінен шабыт алады. Алайда бұл көркемдік жоба болғандықтан, тарихи және хронологиялық реттілік әрдайым сақтала бермейді. Сериалда көптеген адам біле бермейтін актерлердің өміріндегі шынайы оқиғалар да, ойдан шығарылған сюжеттік желілер де бар», – дейді сериал продюсері Алмас Сағынұлы. 

Сценарий жазу кезінде түсірілім тобы театр ұжымының актерлерімен, марқұм болған артистердің отбасымен кездесіп, шынайы оқиғалар мен естеліктер жазып алынған. «Жыл басынан бері «Тамаша» туралы шынайы естеліктер жинау үшін өнер ұжымының мүшелерімен жеке-жеке тілдесуге тырыстық. Сериалдың сценарийі төрт айдай жазылды. Ал түсірілім барысы 35 күнге созылды», – дейді жобаның креативті продюсері әрі бас сценарисі Дархан Оспанов. 

Жобаның ең қиын міндеттерінің бірі – кастинг болған. Кастинг республика бойынша жүргізіліп, түсірілім тобы еліміздің әр өңірінен актерлер іздеген. Сериалға танымал артистерден бөлек, дебют алған жас актерлер де түсті. «Еліміздің барлық аймағындағы театрлардан актерлер іздедік. Басты талап – кейіпкердің түр-сипаты мен болмысына ұқсайтын адам табу болды. Жүз пайыз ұқсас актер табу қиын болды, әрине. Дейтұрғанмен, «Тамаша» актерлерінің мінезін мейлінше бере алатын артистер құрамын жасақтай алдық деп ойлаймын», – дейді сериал продюсері Алмас Сағынұлы.

Айдана НҰРМҰХАН