Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Махмұд Қашқари жазған әйгілі «Диуани лұғат ат-түрік» энциклопедиясының 950 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті.
950 жылдық теңдессіз туынды
458
оқылды

Бұл іс-шараны Түркі мәден­ие­ті мен мұрасы қоры ұйымдас­тырды. Конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен келген ға­лымдар, зерттеушілер, халық­ара­лық ұйымдар мен түркі ел­дерінің өкілдері қатысып, осы ұлы еңбекке және оның әлемдік мәдениет пен лексикографияға қосқан үлесіне баға берді.

ЮНЕСКО аясында бұл атау­лы күнді атап өту осы ұлы ең­бектің тарихи маңызын және бүгінгі мәдениетаралық диалог­тегі рөлін айқындайды. Бұл рет­те халықаралық беделді ұйым­мен серіктестік – жаһандану за­манында ортақ мұрамызды сақтауға бағытталған ізгі қадам екенін атап өткен жөн. 

Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры конференция аясында екі жаңа басылымды ұсынды: Әзербайжанда 86 жыл өткен соң табылған, Халид Саид Ходжаев­тың әзербайжан алфавитімен латын қарпінде жазылған қол­жазбасы және «Диуани лұғат ат-­түрік» еңбегінің көрнекті ғалым, түркітанушы  Зифа-Алуа Әуезованың орыс тіліндегі ау­дармасы. Бұл еңбектер – түркі мәдени мұрасын сақтау және насихаттау жолындағы біздің міндетіміздің айғағы. Сонымен қатар конференция аясында еңбекке арналған деректі фильм көрсетіліп, арнайы көрме ұйым­дас­тырылды. 

«Диуани лұғат ат-түрік» дегеніміз не?

«Диуани лұғат ат-түрік» сөзсіз, түркі жұрты ғана емес, әл­емдік өркениетке үлес қосқан құнды мәдени мұра, рухани қазына. XI ғасырда Махмұд Қашқари жазған түркі тілдерінің алғашқы энциклопедиялық сөз­дігі тілдік қана емес, сонымен бірге мәдени және тарихи дерек­тердің қайнар көзі болды. Қол­жазбада 9000-нан астам түркі сөзі араб тіліндегі баламасымен түсіндірілген, сондай-ақ түркі халықтарының тұрмысы, әде­биеті, әдет-ғұрыптары және мә­дени байланыстары туралы құнды мәліметтер берілген. Бұл еңбек – түркі тілдерінің байлығы мен мәдени әртүрлілігін жүйелі түрде жинақтаған алғашқы ең­бек. Сонымен қатар ол түркі мә­де­ние­тінің күнделікті тұрмы­сын, салт-дәстүрлерін және әде­би мұрасын терең зерттеуге мүмкіндік береді.

Кітаптағы ең ерекше жаңа­лық­тың бірі – Махмұд Қашқари жасаған Түркі әлемінің алғашқы картасы. Бұл картада түркі тай­паларының географиялық орна­ласуы, олардың мәдени және тілдік байланыстары көрсетіл­ген. Ортағасырлық картография мен этнографияның айрықша ескерткіші болып саналатын бұл карта қазіргі түркі мемлекет­терінің аумағымен сәйкес ке­леді. 

Махмұд Қашқари еңбегі түркі жазба мұралары арасында «Орхон ескерткіштерінен» кей­ін­гі маңыздылығы бойынша екінші орында тұр. Сөздікте гео­гра­фиялық деректер (50 про­винция, 63 қала, 22 ел мен ауыл), тұрмыстық заттар (106 құрал-сайман, 62 түрлі киім-кешек), соғыс қарулары (58 құрал) және әдеби шығармалар (758 өлең, 266 мақал-мәтел) туралы мәлі­мет­тер бар.

Еңбектің қайта жандануы және маңызы

«Диуани лұғат ат-түрік» 1072 жылы жазыла бастап, 1074 жылы аяқталған. Орта ғасырларда үл­кен танымалдылыққа ие болған бұл еңбек кейін жоғалып кеткен. ХХ ғасырдың басында ғана Ыстанбұлдағы кітап дү­кенінен табылып, ұлы ғалым Али Эмири Эфенди оны сатып алып, Түр­кияның ұлттық кітап­хана­сына табыстаған.

1994 жылы «Диуани лұғат ат-түрік» қазақ тілінде Асқар Егеу­баевтың аударуымен жарық көр­ді. Ал 2003 жылы бұл еңбек Зифа-Алуа Әуезованың аудар­ма­сын­да орыс тілінде басылып шықты.

2017 жылы ЮНЕСКО «Ди­уани лұғат ат-түрікті» адамзат­тың мәдени мұрасы ретінде танып, 950 жылдық мерейтойын 2024-2025 жылдардағы маңыз­ды мерекелер тізіміне енгізді. 

Ұрпаққа үлгі – ұлы мұра

«Диуани лұғат ат-түрік» – түркі мәдениеті мен тілінің терең­дігін, байлығын және өрке­ниет жетістіктерін көрсет­етін ерекше туынды. Сондай-ақ еңбек тарих пен мәдениеттің мұрасы ғана емес, ол – тілдің бірегейлігі, мәдени жады және ұлттық бірлік идеяларының айнасы және түркітанудың іргелі негізі болып қала береді. Еуропа төрінде,  әйгілі Париж қаласында осы тарихи туынды­ның ұлықт­алған сәтіне куә болдық. Хал­ықаралық конфер­ен­ция бары­сында таныстырыл­ған зерттеулер мен ізденістер, пікірталастар мен түрлі ұсыныс бұл еңбектің мәнін терең түсі­нуге жаңа жол ашады. Егер Махмұд Қашқаридің өз сөзімен айтсақ: «Бұл еңбек білімге ұм­тыл­ған әрбір жанға жол көрсе­тіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса­тын мәңгілік мұра бол­мақ».

Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының миссиясы қандай?

Ал халықаралық конферен­цияны ұйымдастырып отырған Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры туралы айтар болсақ, қор адам­затқа ортақ рухани мұралар мен адамзат өркениетіне түркі халық­тарының қосқан рухани-мәдени мұрасының зерттелуіне қолдау білдіріп, олардың ғылы­ми айнал­ым­ға түсуіне ықпал етуді мақсат тұтады. Басты миссиясы – түркі мәдени мұрасын сақтау, қал­пына келтіру және дәріптеу, Түркі ын­ты­мақ­тас­тық ұйым­дарын (Түркі мем­ле­кеттер ұй­ымы, ТҮРКСОЙ, Түркі акаде­мия­сы, Түркі мем­лекеттерінің парламенттік ас­сам­блеясы) бір­іктіретін негіз­дерінің біріне ай­налу. Ұйымның қызметі «Түркі әлемінің келе­шегі – 2040» және Turktime бағ­дарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Қазір түркі мәден­иеті мен мұрасын дәріптеуде хал­ықаралық дең­гейде үйлесімді жұмыс жүргізу арқылы қор жа­һандану дәуірінде түркі мұрасы­ның сақталуын қамтама­сыз етуге бар күшін салу­да. Қор­дың мәдени құнды­лық­тарды қалпы­на келтіру, қор­ғау және зерттеу жолындағы ұмты­лы­сы – бола­­шақ­қа жасалған ма­ңыз­ды қадам. Ал ғаламдық мұра­ны сақ­тау – біздің ортақ мұратымыз. Тіл мен мәдениетті сақтау – тек ай­мақ­­тық емес, бүкіл әлемдік міндет. Бұл ретте түркі мәдениеті мен мұр­асы қоры өз жұмысын жал­ғас­тыра беретінін жеткізгім келеді.

Қазір қор халықаралық ын­ты­мақ­тастығын кеңейту бағыт­ында бірқатар міндетті көздеп отыр. Жақында Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитінде Өзбекстан Прези­денті Шавкат Мирзиёев мырза Өзбекстанның қорға толық мүше болуға дайын екенін мәл­ім­деді. Сонымен қатар Түркі мәдениеті құндылықтарын наси­хат­тау мақ­сатын­да Венгрия мемлекеті қор­мен бірлескен ынтымақтас­тықта жұмыс істеп келеді.

Бұл ұйым 2012 жылы 23 там­ыз­да Бішкекте өткен Түркі­тіл­дес мемлекеттер кеңесінің ше­ші­мі­­мен Әзербайжан, Қа­­зақ­­стан, Қырғызстан және Түркия елдер­і­нің басшылары­ның бас­та­ма­сы­мен құрылды. Дегенмен қордың нақты қыз­меті 2015 жылы Әзер­байжан үкіметімен қабылдаушы ел туралы келісім­ге қол қойыл­ған­­нан кейін ғана басталды. Осы­лайша, қордың штаб-пәтері Баку қаласында орналасып, 2022 жылы толық­қан­ды халық­аралық ұйым рет­ін­де жұмысын бастады. Бұл кезеңде түркі ел­дерінің жар­на­­лары негізінде қордың бюд­жет­­тік жоспары бекітілді.

Қордың мәдени мұраны қор­ғау және дамыту жолындағы қыз­­меті Қазақстанның мемле­кет­тік саясатына толықтай сәй­кес келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Түркі мемлекеттері ұйым­ы­ның саммитінде: «Қазіргі гео­саяси жағдай мен әлемдік эко­номикалық ахуал­дың күрделі кезеңінде Түркі әлемінің ынты­мақтастығы ны­ғаюда. Елдеріміз­дің саяси, экономикалық және мәдени ық­пал­дастықты жаңа деңгейге кө­теруі қажет. Бұл – Қазақстан­ның сыртқы саясат­ындағы басым бағыттың бірі», – деп атап өтті.

Ұйымның стратегиялық ба­ғыт­тары мен бюджеттік жоспары 2024-2025 жылдарға бекітіліп, TurkHeritage құжатын әзірлеуден басталмақ. Бұл құжат түркі мә­дени мұрасын қорғауға бағыттал­ған нормативтік акт бол­ып та­былады. Сонымен қатар көптілді Turk Heritage каталогі­нің баспа және электронды нұсқа­лары дайындалуда. 2025 жылы ақпанда Астана қаласында қордың келесі кеңесі өтеді деп жоспарланған.

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,

Түркі мәдениеті мен мұрасы 

қорының президенті 

Париж