Мұртыңды ұрайын...

Менің бір мұртты көршім бар. Ішімдік ішіп алса маған тиіседі. Бастығым құсап мыжып мазамды алады.

Күш көрсетеді. Тіпті, мұртты көршімнен мың қадам жерден үйді айналып қашып жүретін болдым. Баяғыда ауылда тұрғанда совхоз директорының қабаған иті болып еді. Қарғысынан босатып жіберсе мені іздеп жүріп тауып алады. Тым жақсы қой қораның артында қызбен сөйлесіп тұрғанда талап тастайды. Шалбардан балақ қалмады. Сол иттен қорлық көріп, ақыры қалаға көшіп кеттім. Айтпақшы, ұмытпасам, иттің емес, сол директордың ербиген қою қара мұрты болды. Өткенде түнде көшеде келе жатсам екі бұзақы жағамнан ала кетті. Тамағымнан қылғындырып кеңірдегімді үзетін түрі бар. Жалынып ақша беріп, әрең құтылдым. Екеуінің де мұрты бар. Бір тойда ұрттап алған мұрты бар ақын аузына келгенін айтып сөгіп тастады. Мұрт өсірген ақындардан да қашып жүремін. Ал кеше мұрты бар полиция көшеде тоқтатып еді. Шошып кеттім. Қысық көзім бадырайып кетті. Шыны керек, соңғы кездері мұрты бар адам көрсем қорқатын болдым. Бірақ мұрттылардың бәрі мен ойлағандай емес қой. Мұрт өсірген жақсы адам көп қой.   Неге екен? Әлде мұртқа фобия ма?.. Қорқынышымды мен тұратын аудандағы дәрігерге айтайын десем, оның да мұрты бар. 

Біртүрлі сескенемін. Енді не істеймін? – деп басым салбырап үйге келдім. Үйде қабаған бір ғана әйелім бар. Тісі өтпейді. Протез. Ол да мені шаршатты. Бірақ мұрты жоқ. 

Аяқастынан бірдеңе тапқыш ақ. Былтыр «сақал қойған мода, бесіктен белі шықпаған жастар қауқиған ешкі сақал қойып жатқанда сенің жүрісің мынау?» – деп  бетімді тілді. Енді бүгін былай дейді: 

– Бейшара-ау, осы сен неге мұрт қоймайсың? 

– Қатын, сені жын қаққан ба? Мен көсемін. 

– Ұстарамен қырсаң шығады. 

– Пышақпен қырсам да шықпайды. Мұртты қайтемін, маған жараспайды. 

– Ойбай-ау, қазір мұрт өсіру мода ғой. Жан-жағыңа қарадың ба? Қазір жұрттың бәрі мұрт қояды. «Мұрттыларды сыйлаңдар, мұрттыларда иман бар» деген мақалды естідің бе? 

– Жоқ. Мен басқа мақал естідім. 

– Қандай? 

–  «Мұртты – талай адамды құртты», – дедім. 

– Соқ, өтірікті ондай мақал болмайды. 

– Мен мұрттан да, мұрттылардан да қорқамын, – деп едім, әйелім баж ете қалды. 

Өйткені қайны атамның мұрты бар еді. 

– Есуас, мұрт өсірмесең төбеңді оямын, – деп айқайға басты. 

– Айттым ғой, маған мұрт шықпайды. 

– Шықпаса, мә, мына мұртты жапсырып ал, – деп сахнада әртістер қолданатын жасанды мұртты алдыма тастай салды. Мұртты көріп, жын көргендей тұра қаштым. 

Қашып бара жатып: 

– Әй, қатын, сені де, мына мұртыңды да ұрайын, – деп сөгіп кеттім. Бірақ ұзаққа қаша алмадым. Көк желкемнен ұшып келіп, асүйдегі оқтау тиді. Қазір мен мұрт өсірудің жеңіл жолдарын іздестіріп жатырмын. 

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН