Бүгінде несие көптеген азаматтың жеке бюджетінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, өмір сүру сапасын жақсартуды ниет етіп, соңынан қарыздың құрсауына тап болғандар қатары артып келеді.
Ойланып алған несие орға жықпас
424
оқылды

Қаржы мамандары да қазақстандықтар шектен тыс тұтынушылық несиеге тәуелді болып барады деп дабыл қағуда. Банк секторындағы активтердің жыл санап ұлғаюы – шындықты көзге ұрғандай етеді. Бірінші кредиттік бюроның (БКБ) және Data Hub платформасының деректеріне сүйенсек, елімізде шамамен несиеге тәуелді 8,9 млн адам бар, оларға жалпы сомасы 37,3 млн теңге болатын қарыз ресімделген.

Қазақстан Ұлттық Банкінің де­ректеріне сәйкес, 2024 жылғы қыр­күйекте ұлттық валютадағы не­сиелер көлемі бір жылда 18,3%-ға ұлғайып, 35,4 трлн теңгеге, ал ше­тел валютасында 51,5%-ға, 3,8 трлн теңгеге дейін өсті. Банк сек­то­ры берген несие нарықтағы кре­диттердің жалпы көлемінің 85,5%-ын құрайды. БКБ есебі бойын­ша 2024 жылғы қыркүйекте қазақстандықтар жалпы сомасы 1,4 трлн теңгеге несие ресімдеген. Бұл тамызбен салыстырғанда 1,3%-ға артық. Ал халықтың банк­­­­тер мен микроқаржы ұйым­да­ры алдындағы жиынтық боры­шы 22,7 трлн теңгеге жеткен.

Несиелердің көпшілігі ком­­му­нал­дық төлемдер, азық-түлік, тұрмыстық техника са­тып алу, оқу ақысы, тұрғын үйді жөн­деу, емдеу және тағы басқа не­гізгі қажеттіліктерді жабуға жұм­салады. Сонымен қатар ал­дың­ғы қарыздарды жабу үшін де банк­тен несие алатындар жетер­лік. Сарапшылар бұл «несие кару­се­ліне» байланып қалу қаупін ту­дырады дейді. Әсіресе, нарықтағы баға мен инфляция өссе де, табы­сы сол күйінде қалатын көптеген азамат несиені сол айырма­шы­лық­тың орнын толтырудың жал­ғыз амалы деп қарайды.

Мысалы, экономист Бауыр­жан Шурмановтың айтуынша, ел ара­сында кез келген дүниені н­е­сиеге алатын теріс тенденция қа­лып­тасып кеткен. Азаматтарымыз шыдамдылық танытып өз қара­жа­тын жинап, сатып алудың орнына сол сәтте қол жеткізуді көздейді. 

– Ал несиені орынды пай­да­лану үшін халықта қаржылық мә­дениет қалыптасуы қажет. Олай болмаған жағдайда, жыл өт­кен сайын тұтынушылық несие кө­л­емі көбейе бермек. Жақында Kaspi Bank түскен пайданың жар­ты­сынан астам бөлігі «бөліп тө­леу» құралдарына тиесілі екенін мә­лімдеді. Бұл да негізінде халық­ты несиелендірудің бір түрі. Бү­гін­де әр айдың соңында ірі банк­тер науқан жариялайды. Сол уа­қыт аралығында азаматтар смарт құрыл­ғылар арқылы өзіне қа­жет­ті-қажетсіз заттарды «бөліп төлеу» арқылы сатып ала береді. Сондық­тан ең бастысы халық арасында ал­дын ала қаражат жинап, тек ақ­ша болған жағдайда ғана сатып ала­тындай мәдениет қалыптас­тыру қажет, – дейді ол.

Дегенмен Ranking сарап­та­ма ор­талығының маман­дары Қазақ­станда жыл сайын ха­лыққа қарыз беру үдерістері қа­таңдатылып келе жатқанын ал­ға тартып отыр. Олардың айтуын­ша, әсіресе кепілсіз тұтынушылық кре­диттер бойынша мақұлдау дең­гейі өте төмен.

«Мәселен, биылғы үшінші тоқ­­санда тікелей ЕДБ бойынша кре­­диттеу объектілері бөліні­сін­де өті­німдердің жалпы санынан ма­құл­данған кредиттердің үлесі:

 ірі кәсіпкерлік субъек­ті­ле­рі­не кредиттер – 51%;

 ипотекалық несиелеу – 44,5%;

 орта кәсіпкерлік субъекті­лері­не кредиттер – 41,5%;

 шағын кәсіпкерлік су­бъек­­­ті­ле­рі­не кредиттер – 35,3%;

 тұтынушылық несиелер – 30,6%;

 кепілсіз тұтынушылық не­сие­­лер – 28,7%;

 автонесиелеу – 17,2% бол­ған.

Осылайша, кепілсіз тұтыну­шы­лық несиелерді мақұлдау дең­гейі несиенің басқа түрлерімен са­лыстырғанда, ең төменгі нүк­те­де. Өтінімдердің 70%-дан аста­мы­на бірден бас тартылғанын көре­міз», – делінген сараптама ор­­­­т­ы­лы­ғының есебінде. Ұлттық ста­тистика бюросының дере­к­те­рі­не сүйенсек, қазақстандықтар­дың кредит пен борышты өтеуге ар­налған шығыстарының үлесі шы­ғыстардың жалпы сомасының 6,9%-ын құраған. Ал отбасылық бюд­жеттің жартысына жуығы ха­лық­тың тамақтануына жұмса­лады.

Халықаралық валюта қоры­ның мәліметтері бойынша, жыл­дан жылға үй шаруашылықтары­ның қарыздары мен несиелерінің ЖІӨ-ге қатынасы өсіп келеді, бұл та­биғи әлемдік тренд. Ranking ма­мандары «Қазақстанда дина­ми­ка өте қалыпты болып қала бе­реді және жоғары өсуді көр­сет­пейді, ал ұзақмерзімді динамикада құлдырау байқалады» деп қоры­тынды жасап отыр.

«2024 жылғы 1 қазандағы жағ­дай бойынша Қазақстан Ре­пуб­ликасында 5,3 млн қарыз алушы (не­месе жалпы санының 60%) 1 млн теңгеге дейінгі сомаға кре­дит­тер алған. Бұл нарықтағы кре­дит­тердің жалпы көлемінің 15,8%-ы. Оның ішінде, 1,1 млн адам 100 мың теңгеден аз, 1,5 млн адам 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін, 1 млн адам 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, 1,6 млн адам 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін не­сие алды. Мұндай кредиттер бойын­ша орташа берешек 50 мың­нан 729 мың теңгеге дейін өз­гереді. Осылайша, Қазақ­стан­дағы қарыз алушылардың көпші­лігінің берешегі аз және бұл Қа­зақ­стан Републикасындағы не­­сиелер халықтың қалтасына түс­­пейтіндігін растайды. Қарыз­дар­дың негізгі сомасы үлкен со­маға несие алған қарыз алушы­ларға тиесілі, ал мұндай қарыздар тек тұрақты табысы жоғары адам­дарға, яғни үлкен қарыздар үлкен жүктеме емес, бай адамдардың ар­тықшылығы болып табылатын үлкен табысы бар адамдарға ғана беріледі», – делінген сараптамада.

коллаж: Елдар ҚАБА

Алуан түрлі пікір ақиқатқа апа­рары сөзсіз. Дегенмен ста­тис­тика мен сандардың объективтілігі халықтың күнделікті күйбең тір­шілігінен алшақ секілді көрінеді. Өйткені астаналық тұрғындар азық-түлікті де бөліп төлеуге ала­тын халге жеттік деп арыз-шағы­мын айтуда. Мысалы, елордаға жақында ғана қоныс аударған кәсіпкер Дария К. есімді кейіп­керіміз отбасының табысы тек тұрмыстық қажеттіліктен артыл­майтынын жеткізді.

– Жолдасым екеуміздің табы­сы­мыз 800 мыңнан асады. Оның тең жартысы ай сайынғы төлейтін пәтер ақысы мен коммуналды шы­ғындарға кетсе, қалғанын ба­лалардың үйірмесі мен азық-тү­лік­ке әупірімдеп жеткіземіз. Оның өзін кейде бөліп төлеуге ала­тын күндер аз емес. Етті де есеп­пен аламыз. Маусымдық киім-кешекті айтпаған күннің өзінде, тірнектеп тапқан табы­сы­мыз күнкөрістің өзіне әзер жете­ді», – дейді ол.

Ал тәуелсіз сарапшы Бауыр­жан мырза несие туралы азаматтар ара­сында дұрыс түсінік қалып­тас­пайын­ша, халықтың қарызға бат­қа­нына тосқауыл қою мүмкін емес деген пікірде. Сонда несиені сауат­ты пайдаланудың жөні неде деген сауалымызға экономист: «Бастысы – пайыздық мөлшер­ле­ме­ге мән беру», – деп жауап берді.

– Несиеге көлік, баспана се­кіл­ді ірі тұрмыстық қажеттілік­тер­ді сатып алуға болады. Дегенмен пайыздық мөлшерлеменің төмен болуына баса мән берген абзал. Біз­де алдын ала нарықты зерт­те­мей, асығыс шешім қабылдаудың ар­қасында азаматтар қымбат не­сиеге ұрынып қалады. Оны тек тө­леу барысында ғана түсінеді. Шын­дығында, несие алу – асқан жауап­кершілікті талап ететін қа­дам. Барлық банктердің несие бе­ру шарттарын салыстырып, қан­дай мемлекеттік бағдарлама­лар бар екенін саралап барып не­сие алса, өзі үшін тиімді болар еді, – дейді ол.

Ал арзан несиені қалай табуға бо­лады? Бұл сауал көптің көкейін­де екені анық. Әсіресе, жалпақ жұрт­тың арасында барлық банк­тің үстеме пайызы бір деңгейде де­ген жаңсақ пікір барын эко­но­мист маман талдап, түсіндіріп бер­ді.

– Екінші деңгейлі банктерде не­сиені қайта қаржыландыру де­ген бағдарлама бар. Ол жерде пайыз­дық мөлшерлеме салыс­тыр­малы түрде төмен болады. Мы­са­лы, кезінде «Казкоммерцбанктен» ипотека алған кезде оның жылдық пайыздық мөлшерлемесі 20 пайыз­­­­­ға тең болатын. Кейін Сбер­банк арқылы оны қайта қаржы­лан­­дырып, 11 пайызға дейін тө­мен­­­­­детіп алдым. Шындығында, на­­­рық­қа жаңадан енген банктер не­сиені қайта қаржыландыруға қа­­тысты өте тиімді шарттар ұсы­на­ды. Оны көпшілігі біле бер­мей­ді, тек ай сайын әртүрлі науқан жа­риялайтын танымал банктердің қармағында отыра береді. Бізде HomeCredit, ChinaBank және сол се­­кілді тағы басқа көптеген ха­лық­­аралық ірі банктер жұмыс істейді. Ондағы несиенің пайыз­дық мөлшерлемесі де көп жағ­дай­да төмен. Тек тыңғылықты зерт­теп, анықтау қажет. Жалпы, қа­­­­­­зақ­стандықтар арасында бар­лық банк өнімдерін қарастырып, са­лыстыру арқылы шешім қа­был­дау мәдениеті жоқ. Жылдам несие алып, жұртқа мақтануға бейім тұ­­­­рады. Тіпті, жастардың ара­сын­да да табысы жоқ студенттердің өзі түбін таразыламай несиеге смар­тфон сатып алады да, 1-2 ай өткенде оны төлей алмай, лом­бард­қа барып өткізуге мәжбүр бо­лады, – дейді Б.Шурманов. 

Маманның сөзінше, көп жағдайда қысқамерзімді нес­лелер қымбат болып келеді. Егер ай сайынғы төлем мөлшері жо­ғары болса, банк үлкен тәуе­кел­ге барады. Сондықтан несие құ­ны да қымбатқа шығады. 

– Себебі қысқа уақытқа несие ал­ған азаматтардың көбісі несиені қайтара алмайды. Сондықтан пайыз­дық мөлшерлеме де көбейе бе­реді. Азаматтар 1-2 ай ішінде жауып тастаймын деген жалған үміт­тің жетегінде қымбат несиеге ұры­нады. Сондықтан ұзақ мер­зім­ге рәсімдеп қысқа уақыт ішінде жауып тастаған әлдеқайда тиімді. Қаржы нарығындағы көзқарасқа сәй­кес банк ісі бойынша микро­не­сие алған адамның табысы тө­мен деп есептеледі және төмен ка­­т­егорияға жатқызылады. Қар­жы ұйымдарының скоринг жүйесі бойынша егер азамат бірнеше мик­роқаржылық ұйымдардан н­есие алса аз балл берілді. Ал ипо­тека немесе көлік несиесі секілді ірі көлемде қарыз алып уақытында қайтарып отырса немесе мерзі­мі­нен жауып тастаса, скоринг оны тұ­рақ­ты, табысы мол азамат ре­тін­­де таниды, – дейді экономосит.

Соңғы кезде нарықтағы несие мөл­шерінің негізгі көрсеткіші са­налатын базалық мөлшерлеме Ұл­тық Банк жоғары деңгейде сақ­тап отыр. Сарапшының сөзінше, Қар­жы реттеушінің мұндағы бас­ты мақсаты нарықтағы несие мөл­шерін азайту. Б.Шурманов бұл инфляцияға тұсау салудың негізгі құралы екенін атап өтті.

– Несие қаншалықты қол­же­тім­ді болған сайын инфляция да сол қарқынмен өсе береді. Бұл жер­де мемлекет қай бағытты ұс­та­на алады? Әлемдегі жаңа тех­но­ло­гияларды қолданатын кішігірім қаржы институттарын алып келу ке­рек. Жанымызда Қытай секілді алып нарық болғандықтан, олар нарыққа енген сәтте өте ұтымды ұсыныстар жасайды. Мәселен, ұя­лы байланыс нарығын Kcell, Activ және Beeline секілді үш ал­пауыт басқарған кезеңде бай­ла­ныстың 1 минутының құны 30 тең­ге шамасында болды. Ал елі­мізде Tele2 компаниясы өз жұ­мы­сын бастағалы нарықта бәсе­ке­лес­тік пайда болып, баға 7-8 тең­­геге төмендеді. Сондықтан осын­­дай бәсекелестік туғызатын ойын­шы нарыққа келуі қажет, – деп қорытындылады экономист маман. 

Кәмила ЕРКІН