Жол учаскесінің ұзындығы – 272 шақырым.
«Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысы аяқталды
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
209
оқылды

Республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмысы аяқталды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мәлімдеді,  - деп хабарлайды  Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Жол учаскесінің ұзындығы – 272 шақырым. Бұл жұмыс 2018 жылы басталып, Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиесі есебінен жүзеге асырылды. 

Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауыстырылды. Әр бағытта ені 3,75 метрден тұратын екі жолақты қозғалысы бар жол салынды. Жоба аясында 6 көпір, 1 жолөтпе, 60 су өткізгіш құбыр салынып, 10 демалыс алаңы абаттандырылды. Сондай-ақ 650 жарық бағанасы орнатылып, қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілді.

Қайта жаңарту жұмыстары халықаралық стандарттарға сәйкес іске асып, жобаға жобаны жүзеге асыруға Қазақстан, Италия, Түркия мен Әзербайжан елдерінің компаниялары қатысты. Аталмыш жұмысқа 650 маман мен 450 арнайы техника жұмылдырылды. Ақтөбе (Мұғалжар) және Маңғыстау (Шетпе) облыстарынан теміржол арқылы 3,4 млн тонна интертті материал жеткізілді. 

Жөндеу жұмыстары басталғанға дейін Атырау қаласынан Құрманғазы ауданындағы шекара бекетіне жету үшін 5 сағат қажет болса, қазір бұл маршрутқа 2 сағат кетеді. 

Атырау-Астрахань автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша жұмыстардың аяқталуы аймақтың көлік инфрақұрылымының дамуына және Қазақстан мен Ресей арасында байланысты күшейтіп, экономиканың дамуына және халықаралық сауданың дамуына септігін тигізбек. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.