Депутат құмар ойын ойнауға тыйым салынған азаматтар тізімін толықтыруды ұсынды

Депутаттың айтуынша, көпшіліктің көз жасынан көп ақша тапқандар қазір заңды айналып өтудің әрекеттерін жасап бағуда.

Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев еліміздегі лудомания мәселелері туралы Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

2024 жылғы 8 шілдеде «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданып, 9 қыркүйектен бастап күшіне енді. Заңға сәйкес, лотерея билеттерін сату аумақтары шектелді, смс хабарлама арқылы ойынға шақыру, БАҚ құралдары мен сайттардағы букмекерлік кеңсе жарнамаларының жолы жабылды. 

Алайда депутаттың айтуынша, көпшіліктің көз жасынан көп ақша тапқандар қазір заңды айналып өтудің әрекеттерін жасап бағуда. Өйткені темірдей тәртіпті ұстануы тиіс мемлекеттік органдардың еткен еңбегінде кеткен кемшілік көп. 

– Біріншіден, қолданыстағы заңда көшеде, қоғамдық көлікте, билбордта құмар ойынға қатысты жарнама болмау керек деген норма бар. Дегенмен әкімдіктер аталған заң талабын  орындауға асығар емес. Уәкілетті органның дерегіне сүйенсек,  ШҚО әкімдігі заң күшіне 9 қыркүйекте енгеніне қарамастан,  құмар ойынның жарнамасы жазылған билбордтарды қарашада ғана демонтаждаған. Ал Алматы мен Шымкент қалаларының,  Алматы облысы, Маңғыстау облысы, СҚО, Павлодар облысының әкімдіктері  құмар ойынды жарнамалаған нақты неше сыртқы жарнаманың көзі жойылғаны туралы ақпаратты құзырлы органға әлі бермей отыр. Сондай-ақ кейбір әкімдіктер «өңірімізде букмекерлік кеңселердің жарнама объектілері мүлдем болмаған» деп жауап беріпті. Мұның ақылға сыймайтыны анық. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын жоймау заң талабын орындамау ғана емес, тікелей халыққа жасалған қастандық екенін ескеру керек. Сол себепті аталған облыстарда тиісті тексеру жүргізіп, заңды белден басқандарға шара қолданылуы қажет. 

Екіншіден, заңда букмекерлік кеңсені тек спорттық БАҚ  жарнамалай алады деп жазылған. Алайда кей сайттар ресми түрде спорттық деп тіркелмесе де букмекерлерді жарнамалап ақша табуда. Іс жүзінде сайттарына кірсеңіз талқыламайтын тақырыбы жоқ. Осы ретте заңның орындалуын қатаң бақылауға алу керек.

Үшінші мәселе, Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы букмекерлік қызметке 38 лицензия, тотализатор қызметіне 8 лицензия берілген. Бірақ 2023-2024 жылдардағы тексеру кезінде тек 18 букмекер мен 7 тотализатор ғана тиісті лицензиямен жұмыс істеп тұрғаны анықталды.  Басқа лицензияларды кәсіп иелері жасырын ұстайды, тиісінше бір лицензиясын жапсаң екінші лицензиясымен жұмысын жедел жалғастырып кетеді. Тағы бір түйткіл, букмекерлік лицензия алған кәсіпкерлер одан тапқан табысын жасыру үшін ақшаны жылжымайтын мүлікті жалға беруден, инвестициялық түсімнен таптық деп жалтарады. Букмекерлік лицензия алған адам сол күннен бастап тек қана букмекер ретінде жұмыс істеуі тиіс. Егер лицензия пайдаланылмай жатса уәкілетті орган оны қайтарып алуы қажет. 

Төртінші мәселе, бәс тігу арқылы ұтысқа ие болған азаматтар «ақшамызды ала алмадық» деп арызданып жүр. Букмекерлік кеңседе ойнап ұтқан азамат белгіленген тәртіпке сәйкес, 10 күн ішінде ұтысын алуы керек. Ал букмекерлер сол уақытта ұтысын бермей қойса адамдар қайда барып шағымданарын білмейді. Себебі Азаматтық кодексте тиісті норма қарастырылмаған. Сәйкесінше, сот мұндай шағымдарды қараудан бас тартады екен. Бұл мәселені де азаматтардың құқығы сотта қорғалатындай қылып шешу қажет. 

Бесінші мәселе, құмар ойын ойнауға тыйым салынған азаматтардың тізімін толықтыру керек. Бұл туралы Қауіпсіздік кеңесінде тиісті тапсырма берілді. Соған сәйкес сотталған, бірақ бас бостандығынан айырылмаған азаматтарға құмар ойын ойнауға тыйым салу қажет. Бұл лудомандардың бәс тігетін, ақша іздеп тағы да қылмыс жасамауы үшін керек. 

Алтыншы, қазір бізде құмар ойын ойнауға тыйым салынған азаматтардың тізімі бар. Оған борышкерлердің бірыңғай тізіміндегілер, өз-өзін шектегендер мен құмар ойын ойнауға шектеу қойылған адамдар кіреді.  Бұл – 3,5 миллионнан астам қазақстандық. Заңның қалыбы қатаң боп қабылданғанмен, іске асыруға келгенде сылбырлық байқалады. Салдарынан шектеу қойылған азаматтар әлі күнге емін-еркін құмар ойын ойнап жүр. Осы үлкен кемшілікті түп тамырымен жою үшін Әділет министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қаржы министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің арасындағы ақпарат алмасу жұмысын тезірек интеграция жасау қажет. Біртұтас жүйе болмай жұмыс өнбейді, – деді Мәжіліс депутаты.