Түркістан облысына қарасты Отырар ауданы тұрғындарын лейшманиоз жарасы мазалап келе жатқанына 50 жылға жуықтап қалыпты.
Отырарлықтар лейшманиозден қашан құтылады?
коллаж: Елдар ҚАБА
527
оқылды

Алғаш рет сонау 1980 жылы тіркелген ойық жара араға жылдар салып арагідік көбейіп тұрады. Бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін  денесінің әр жерін жара басып, соңында ізін қалдыратын ойық  жараның соңғы рет қатты белең алған кезі  2016 жыл болды. Одан бері ара-тұра көрініп жүрген бұл жұқпалы дерт биыл таралуы жиілеп, отырарлықтардың мазасын алып отыр.

Естеріңізде болса, әлеуметтік желіде уран өндіруші компания жұмысшылары­ның бірі күкірт қышқылын иен далаға төгіп, қоршаған ортаны ластап жатқаны жөнінде видео таралған болатын. Бүгінде тұрғындардың көпшілігі жараның та­ралуы осынау химикаттың салдарынан көбейді деген болжам айтып жүр.  «Бұл жараның ешқандай емі жоқ. Біз халық оны төгіліп жатқан ураннан көреміз. Қыш­қылдан жұғуы мүмкін», – деп дабыл қақты ауыл тұрғындары.

Алайда ғылыми деректерде бұл «тері лейшманиозы қоздырғышы туғызатын, трансмиссивті жолмен тарайтын, тері қабаттарында лейшманиомалар шығуымен сипатталатын табиғи ошақты инфекция» деп айтылған. Тері лейшма­ниозы­ның 80-ге жуық синонимі бар екен. Адамды кіш­кене құм масасы шақ­қан кезде ин­фек­ция тарайды.  Ауру­дың кейбір түрлері ағзаның ішіне зақым келтіреді. Бұл тері аурулары негізінен Таяу Шығыс пен Оңтүстік Мексикада, Орталық Африкада ұшырасады екен.

Демек, ғылыми деректе мұны транс­мис­сивті жолмен тарайтын инфекциялық тері ауруы дейді. Сондай-ақ бұл дерт тура­лы Созақ аудандық орталық ауру­ханасы жұқпалы аурулар бөлімінің мең­герушісі Меруерт Таңатарова лейш­маниоз қан соратын індеместер арқылы тарайтын зоонозды тропикалық паразиттік инфекциялық ауру екенін айтады. Ин­фек­циян­ың көзі – құм тышқандары мен атжалмандар, ал оны таратушылар – індеместер. Лейшманиоз ауруы адамнан адамға жұқпайды. Інде­местер дененің көбіне ашық жерін за­қым­дайтындықтан, балалардың бетінде, қолында 1-3 папула шыға бастайды. Дене қызуы күрт жоғарылап, 38-39ᵒС-қа дейін көтеріледі, интоксикация белгілері үдейеді, бауыры мен көк бауыры үлкейеді. Көбіне қосымша аурулар қосылып, жағдайды нашарлатады. Жасөспірімдер мен ересектерде клиника­лық белгілері біртіндеп көрініп, дене қызуы баяу көтеріліп, анемия белгілері байқалады. 

Мамандар қанша жерден дерттің таралу жолына болжам айтқанымен, отырарлық тұрғындар түрлі нұсқаны айтуды тоқтатқан емес. Жуырда Түркістан облыстық мәслихатына Отырар ауданынан сайланған депутат Мырзахан Манапов  «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында өткен брифингте осынау дерттің қайдан келіп жатқанына нүкте қойғандай болды.

Брифингте лейшманиоздың қайдан пайда болғаны және оның емі туралы тұрғындар түрлі нұсқа айтып жүргені сөз болды, бұған қатысты мандат иесі бы­лай деп жауап берді. Депутаттың айтуынша, лейшманиозге уранның еш қатысы жоқ. 

«Сырдарияның арғы бетінде 12 елді мекен бар. Онда 12 мыңнан аса халық тұрады. Ал осынау жараны жұқтыр­ғандар – көбіне сондағы тұрғындар. Жақында облыс­тық тері аурулары диспансерінен арнайы бір топ маман барып, сондағы тұрғындардың барлығына зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижесімен 118 адам­ның лейшманиозге белгілері бар екенін анықтап, нақтыланған 18 жанды ауру­ханаға жатқызды», – деп ат­ап өткен Мырзахан Бексұлтанұлы сол уақыттары әріптестерімен бірге медицина маман­дарының жанында болғанын жеткізді. 

Бүгінде сәбилерді де мазалап жатқан шұңқыр жара сары тышқаннан жұққан екен. Ал тышқанға бұл індет шіркейден келген. Осы тұста айта кетейік, отырар­лық­тар­дың тағы бір өзекті мәселесі – шіркей. Күн жылынғаннан аудан тұр­ғын­дары шіркеймен арпалысады. Елді мекендерді басып қалатын қара шіркейдің салдарынан тұрғындар біраз уақыт бойы бетін тұмшалап, торлап алатын болған. Ғалымдар сол шіркейдің құмды жерде жүретін тышқанға жұқтырып, тышқан арқылы лейшманиоз адамға келетінін айтқан. Осылай деген мандат иесіне журналистер «шіркей оңтүстіктің өзге аудандарында да бар, ал лейшманиоз неге жалғыз Отырарда?» деген сынды сауалдарын да жолдады.  Аталған 12 елді мекен  құмды ауыл, ал әлгі тышқан құм­ды жерлерде жүреді екен. 

«Лейшманиозбен біздің ата-аналары­мыз 30-40 жыл бұрын алысып жүретінін білетінбіз. Бұл дерттің отырар­лықтарды айналсоқтап жүргеніне де осынша жылдай болып қалды. Тышқанды дәрілеу жұмыстары күшейгенде саябырсып қалады. Қазір өршіп бара жатыр. Мұны тек тышқандарды дәрілеп, залалсыздан­дыру арқылы  ауыздықтай аламыз», – деді Мырзахан Манапов.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы