Қазіргі қазақстандық қоғам ұсынатын мүмкіндіктер туралы тренинг бар.
Заң мен тәртіп – баршаға ортақ міндет
341
оқылды

Қазіргі қазақстандық қоғам ұсынатын мүмкіндіктер туралы тренинг бар. Қатысушыларға түрлі рөлдер  беріледі, мәселен, көпбалалы ана, мемлекеттік қызметші, депутат, мүгедектігі бар адам немесе  зейнеткер. Келесі кезекте  оларға  мәнсаптық өсу, шетелде дем алу, кәсібін ашу  мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойылады. Соңғы сұрақ «Кеш қарая көшеге шығып, серуендей аласыз ба?» деп қойылады. Не үшін? Жеке тұлғаның  даму, әл-ауқатын арттырумен қатар не себепті жеке бас қауіпсіздігі туралы сұрақ қойылады деп ойлайсыз?

Мәселе адамның өзі өмір сүретін қоғамда даму мүмкіндіктерін білумен қатар, ең басты қарапайым қажеттіліктерін қанағаттандыру деңгейін анықтауда. Әрбір қазақстандық өз елінде ең бастысы қауіпсіздікті, өзінің заңмен қорғалатынын, одан кейін басқа қажеттіліктерін өтей алатынына сенімді болуы керек. Сол кезде ол бақытты басқа жақтан іздемейді. Өз елінде өсіп-өніп, өз әлеуетін де осы жерде жүзеге асыра отырып, өзін де, өзгені де дамытуға үлес қосады.

Биылғы  Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатына  баса назар аударып отыр. «Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деді Президент.

Бұл орайда  Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына тапсырма беріп отыр. Ия, заң нормалары баршаға бірдей жұмыс істеп, әрбір азамат тарапынан мүлтіксіз орындалуы тиіс.  Бірақ жалпы азаматтардың құқықтық сауатының төмен болуы қоғамдағы кері әсерлердің белең алуына  әсерін тигізуде. Өзгеден қатаң тәртіпті талап ете отырып, өзімізге келгенде босаңсып, заңбұзушылыққа жақын тұратын әдет көпшілікке тән.

Қарапайым жолдан өткен кезде он шақты метр қашықтықта тұрған жаяу жүргінші өткелін назарға алмай, баласын жетелеп, жолдан жүгіріп өте шығатын ата-аналарды жиі көреміз. Бүгін ата-ана балаға мысал көрсетті, ендігі арада  оның баласына: «Жолды тиісті өткелден өт!» деп айтқан ақылы  жүре ме? Әрине, жоқ. Бала көргенін істейді. Ал егер осылайша жолды кесіп өтіп бара жатқа бала жол-көліп апатына түссе не болды? Ата-ана кімді кінәлауы керек? Мұндай жағдайда көбінесе көлік иесі кінәлі болып шығады. Бірақ бұл кесапаттың кеселін кері қайтаруға әсер ете ме? Тағы да жоқ.

Тәртіп бұзу осыдан басталады. Ал заң мен тәртіпті сақтауды өзімізден бастау керек екенін әркез есте ұстауымыз қажет.

Одан бөлек мысал шаш етектен.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Талдау және болжау институтының сарапшы мамандары жүргізген сыбайлас жемқорлық тақырыбындағы  әлеуметтік зерттеуге назар аударсақ, келесі келеңсіздікті көреміз. «Сыбайлас жемқорлық туралы не ойлайсыз?» деген алғашқы сұраққа қатысушылар 100 пайыз қарсылықтарын білдіреді. Бірақ кейіннен қойылатын «Жеке шаруаңызды шұғыл шешу үшін біреуге пара беруге қалай қарайсыз?» деген сұраққа келгенде сауалнамаға қатысушылар пара беру арқылы мәселесін шешуге қарсы емес екенін білдірген.

Бүгін адам мәселесін шешу үшін пара берді делік. Ертең басқа адамның пара бергені үшін, осы адамға қатысты заңсыз әрекет орын алса, кім кінәлі? Осындай жағдайда адам өз әрекетіне талдау жасап, өз кінәсін мойындай ма?

Егер құқықтық сауаты төмен болса, ол адам тіпті өз қателіктерін де көре білмейді.

 Ол адам үшін бәрін жауапты – мемлекет! Ал мемлекет деген кім? Ол мына сіз және біз!

Ендеше, бірлесіп, қоғамды өзгертуіміз керек. Біздің балаларымыз  өсіп, ер жететін, ата-анамыз қартаятын қоғамды  жақсарту өз қолымызда. Басқа адам келіп, біздің жағдайымызды түзетіп бермейді. Президентіміз осыны айтып отыр.

Бағыт берілді, бағдар – айқын. Біздің міндет – бірлесе әрекет ету, алдымызға қойылған мәселені бірлесе атқару. Және бірқатар жұмыстар қолға алынып отырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, ШҚО Азаматтық альянсы мен ШҚО Әділет департаменті бірлесіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған  кездесулер, азаматтардың қабылдауын өткізуде.

 Жалпы, бірқатар азаматтық қоғам институттары халықтық құқықтық сауатын арттыруға арналған жобаларын жүзеге асыруда. Әр тарап өзіндік үлесін қосып жатыр. Ендеше, нәтиже болары да анық.

 

Аяужан Әшімова, ШҚО азаматтық альянсының төрағасы