Алматы қаласында орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Алтын қалам 2024» әдеби байқауының жеңімпаздарды марапаттау іс-шарасы өтті.
«Алтын қалам 2024»: үздік қаламгерлерді анықтады
177
оқылды

Қазылар дәстүрлі түрде үздік шығармаларды  анықтап, «жүзден жүйрік» шыққан қаламгерлерге диплом мен ақшалай сыйлық табыс етті,-деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Биыл байқауға жұмыстар 5 қыркүйек пен 20 қараша аралығында және тек қазақ тілінде қабылданды. www.akalam.kz сайтында орналастырылған шығармалармен оқырмандар да танысып, өздеріне ұнаған әдеби туындыларға дауыс берді.

115 автор түрлі жанрда жазылған 202 шығармасын ұсынды. Нәтижесінде қысқа тізімге 6 аталым бойынша 30 жұмыс енгізілді.

Дауыс беру нәтижесі бойынша келесі авторлар жеңімпаз атанды:

 «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПОЭЗИЯСЫ» - Алтынбек Мерсадық. Астана қаласы.

 «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КИНО СЦЕНАРИЙІ ЖӘНЕ ДРАМАТУРГИЯСЫ» - Шаридияр Уәлиханов. Астана қаласы

«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ӘДЕБИЕТІ» – Нұрбек Нұржанұлы. Алматы қаласы

«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК САТИРАСЫ» - Асхат Өмірбаев.  Жетісу облысының Үштөбе қаласы.

«ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ФАНТАСТИКА НЕМЕСЕ ДЕТЕКТИВ ШЫҒАРМАСЫ» - Бақыт Жалиева. Ақтөбе қаласы.

Бас жүлде 1 000 000 теңге алматылық Бекен Ыбырайымға бұйырды. Қаламгер «Уран кеніші» әңгімесімен «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПРОЗАСЫ» аталымы бойынша топ жарды.

«Алтын қалам 2024» байқауына қатысқан үздік туындылардан жеке кітап шығарылады. Жаңа кітаптың тұсаукесері алдағы жылдың басына жоспарланған.  

«Мемлекет басшысы: “Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн”, – деп көпшілікті кітап оқуға ынталандыру керек екенін сондай-ақ, қазақ тілін дамыту әрқашан мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өткен еді.  «Алтын қалам» әдеби байқауы бұл бастаманы қызу қолдайды. Сондықтан биыл тек қазақ тілінде жазатын авторлардың шығармаларын көпке таныстыруды жөн көрдік. Өнердің ішіндегі ең бір қадірлі де қасиеттісі - көркем әдебиет.Қазақ әдебиетінің тұғырын биіктете  түсетін осындай ізгі шаралар көбейе берсін», – дейді әдеби байқауды ұйымдастырушылардың бірі Кенже Жұманұлы.

«АЛТЫН ҚАЛАМ» әдеби байқауы

Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бей-жай қарай алмайтын, қоғамдық қызметтің әр саласында еңбек етіп жүрген Досым Сатпаев, Қуат Домбай, Кенже Жұманұлы, Расул Жұмалы және Айдос Сарым секілді азаматтар ақылдаса келіп, 2009 жылы «Алтын қалам» әдеби байқауын өткізу туралы бастама көтерген болатын. Мақсат – еліміздің  рухани-мәдени дамуына Қазақстан азаматы ретінде өз үлесін қосу және жас дарындар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету.

Айта кететін жайт, көптің талқысына ұсынылған әдеби шығармалардың авторы  көрсетілмейді. Мұндай талаптар жүлденің әділ өтуіне кепіл бола алады.

«Алтын қалам» байқау жұмыстарына жазушылар емес, алдымен оқырмандар  баға беретін Қазақстандағы бірінші әдеби жүлде.