Үкімет қызметін тоқтатуы мүмкін. Өйткені заң шығарушылар шығыстарды қысқарту туралы заң жобасын қабылдамады.
Үкімет қызметін тоқтатуы мүмкін
Заң қабылданбаса, Үкімет жұмысын тоқтатады. Иллюстрация washingtonpost.com сайтынан алынды. Авторлығы: iStock
698
оқылды

Сайлауда жеңген президент лауазымына кіріспей тұрып Конгреске ықпал ете бастады. Aikyn.kz сайланған президент пен заң шығарушылар арасындағы келіспеушілікті businessinsider.com хабарламасына сүйеніп талдайды.

Конгрестің Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон мен Илон Маск. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Автролығы: Getty Images / Kevin Dietsch, Andrew Harnik

Конгрестің Өкілдер палатасы бейсенбіде (19 желтоқсан) Капитолий төбесінде 48 сағатқа созылған қызу пікірталастан кейін қысқартылған шығыстар туралы заң жобасын қабылдай алмады. Жаңадан сайланған (әлі қызметіне кіріспеген) президент Дональд Трамп екі партия дайындаған заң жобасына қарсы екенін айтқаннан кейін Конгресс мүшелері қажетті дауыс жинай алмаған. Енді жаңажылдық мейрамдар алдында үкіметтің қызметі тоқтатылуы мүмкін.

Өкілдер палатасындағы республикашылар шығыстар туралы заң жобасының Дональд Трамп ұсынған жаңа нұсқасымен келіскендерін айтады. Соңғы дауыс беру нәтижесі 174-235-1 болған. Яғни, Конгрестің 174 мүшесі жаңа жобасын жақтап дауыс берген, 235-і қарсы, 1-еуі қалыс қалған. 

Сәрсенбіде (18 желтоқсан) Трамп бастапқы заң жобасына үзілді-кесілді қарсы шығып, республикалық заң шығарушыларды заң жобасын қайта қарауға шақырған. Және өзінің ұсынысымен келіспеген Конгресс мүшелердің орнына «басқа адамдарды сайлаймыз» деп қорқытқан.

Конгресте талас тудырған заң жобасының екі нұсқасы. Фото businessinsider.com сайтынан алынды. Авторлығы: Х әлеуметтік желісіндегі @elonmusk аккаунты

Сайланған президент өзінің қатал ұстанымын миллиардер Илон Маск «Трамптың инаугурациясына дейін үкіметтің жабылуын» ашық қолдағаннан кейін жариялады. Маск заң жобасының алғашқы нұсқасына қарсы шықты, «заң шығарушылардың жалақысын көтеру және пандемияға дайындық» сияқты үкіметтік қаржыландыруға қатысы жоқ баптардың мүлдем қажетсіз екен айтқан.

Миллиардер Вивек Рамасвамимен бірге Мемлекеттік басқарудың тиімділігі департаментін басқаруға тағайындалған Илон Маск бейсенбі күнгі сәтсіз дауыс беру алдында шығындардың қысқартылуын жақтаған. Өзінің Х әлеуметтік желісінде миллиардер:

«Бұл сіздің дауысыңыздың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді! Және @realDonaldTrump сияқты президенттің болуы сіздің дауысыңыздың ақыры естілетінін білдіреді», – деген жазба қалдырған.

Конгрестегі заң шығарушылар түпнұсқа заң жобасын тоқтатып тастауда Илон Маск үлкен рөл атқарған деп есептейді. Кейбіреулер Масктың Трампқа ықпалының күшейуіне алаңдаушылық білдірген. Сайланған президент болса Маск бұл жерде басты рөл атқарады деген пікірмен келіспейтінін айтқан.

Дональд Трамптың қарапайым адамшылық қасиеттері мына видеода:

Бейсенбіде қабылданбаған заң жобасы бастапқы жобамен салыстырғанда көлемі жағынан кішірек болды. Алынып тасталған тармақтардың арасында балалардың онкологиялық аурулары мен мерзімінен бұрын босануды зерттеуді қаржыландыру, қатерлі ісік ауруын ерте анықтауға арналған қаржыландыру, Даун синдромын зерттеу бағдарламасы мен дипфейкке қарсы заң жобасы болған.

Дональд Трамп қолдаған заңның жаңа редакциясы үкіметті 2025 жылғы наурыздың ортасына дейін қаржыландыруды және 2027 жылдың қаңтарына дейін мемлекеттік борыштың шегін өзгертпеуді көздейді.

Бейсенбі күні (19 желтоқсан) Трамп Конгрестегі республикашылдарды заң жобасының жаңа нұсқасын қолдауға шақырды. Бұның бәрі Өкілдер палатасындағы демократтардың қарсылығын күшейтті. CNN бейсенбі күні дауыс беру алдында Конгрестегі демократтардың фракциясында «сайтан алғыр, жоқ» деген дауыстар жиі естілгенін хабарлады. Егер Конгресс мүшелері ортақ келісімге келе алмаса, көптеген мемлекеттік органдарды қаржыландыру тоқтатылады және мереке алдында мыңдаған федералды қызметкерлерге жалақы кешіктіріліп берілетін болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.