Биыл әдебиет майданында қалам тербеп жүрген жазу­шыларды бір арнаға тоғыстырған «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің тағайындалғанына – 15 жыл. Осы уақыт аралы­ғында аталған жоба талай таланттың шырағын жағып, әдебиет әлемінде кең құлаш сермеуіне үлес қосты.
Үздіктерге – «Алтын қалам»
264
оқылды

Таяуда айтулы мерейтойға орай жоба ұйымдастырушылары араға үш жыл үзіліс салып байқаудың  жаңа маусымын жария­лаған еді. Аптаның сәрсенбісінде еліміздің оңтүстік астанасы Алматыда «Алтын қа­лам» әдеби жүлдесі мәресіне жетіп, үздік деп танылған жеңімпаздардың есімі белгілі болды. Нұрлан Смағұлов қорының қол­дауымен өткен әдеби жүлдеге жалпы саны 115 автордан 202 шығарма келіп түскен. Ұйымдастырушылардың сөзінше, оқыр­ман­дарға өзіне ұнаған туындыға онлайн форматта дауыс беру мүмкіндігі қарастыр­ы­лған. Сонымен, байқау нәтижесі бо­йын­­ша «Жылдың үздік балалар шығарма­сы» аталымына Нұрбек Нұржанұлы лайық деп танылса, «Жылдың үздік поэзиясы» жүл­десі Алтынбек Мерсадыққа, ал «Жыл­дың үз­дік прозасы» аталымы негізінде бай­қау жүл­десі Бекен Ыбырайымға бұйыр­ды. Сон­дай-ақ әдеби жүлдеге ие болған жеңім­паздардың қатарында «Жылдың үздік сатирасы» – Асхат Өмірбаев, «Жыл­дың үздік фантастика және детектив шы­ғар­ма­сы» – Бақыт Жамалиева және «Жыл­дың үз­дік киносценарийі және дра­­ма­тур­гиясы» аталымы бойынша Шаридияр Уәлиханов сын­ды қаламгерлер бар. Байқау ұйымдас­тыру­шылары қатысушылардың арасынан оқ бойы озып шыққан жеңімпаз­дарға есте­лік және қаржылай сыйлық табыстады. Танымал жобаға қолдау көрсеткен Нұрлан Смағұлов қорының директоры Айдын Сұлтанов өз сөзінде мәдениетіміз бен әде­би­етімізді өркендетуге бағытталған осын­дай байқауларға әркез қолдау көрсететінін жеткізді.

– Кітап – бұл руxани байлықтың кілті. Кітап оқыған адам – білім көкжиегі кең, тілі бай, мәдениетті, жан-жақты және пі­кір­ін еркін жеткізе алатын жан екені бел­гілі. Жақсы кітап оқу өмірде жеке тұлға бол­ып қалыптасуға ықпал етеді. Сондық­тан біз осы бағыттағы «Алтын қалам» се­кілді мәдени-ағартушылық бастамаларды әрқашан қолдаймыз, – деді А. Сұлтанов.

«Уран кеніші» атты туындысы үшін «Жыл­дың үздік прозасы» аталымына ие болған Бекен Ыбырайым байқаудан кейін әсерін бөлісіп, «Алтын қалам» жүлдесінің әде­биет әлеміндегі жаңа буынның қаламы­ның қарымды болуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше ықпал ететінін атап өтті. 

– Қазіргі жағдайда қоғамға қаламгер­лердің шығармашылығын ынталандырып, түрлі туындының сапасы мен деңгейін ірік­тейтін осындай байқаулар міндетті түр­де қажет. Байқаудың тағы бір ерекшелігі – көпшілікке есімі белгісіз жас жазу­шылардың  атын шығарып, оларға метар­иал­дық және моральдық қолдау көрсету­інде. Сондықтан біз «Алтын қалам» бай­қауының ұйымдастырушылары мен қол­даушыларына алғысымызды жеткізгіміз келеді, – деді Бекен Ыбырайым.

Байқау ұйымдастырушысы Кенже Жұманұлы әдебиет саласы қоғамда қазақ тілінің дамуына әсер етуші негізгі фактор екенін негізге ала отырып, мұндай жобалар алдағы уақытта жалғасуы маңызды екенін алға тартты.

– Мемлекет басшысы: «Кітап оқу – ру­хани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы іске жұмса­ғанымыз жөн», – деп көпшілікті кітап оқуға ынталандыру керек екенін, сондай-ақ ­қазақ тілін дамыту әрқашан мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала бере­тінін атап өткен еді.  «Алтын қалам» әдеби байқауы бұл бастаманы барынша қолдай­ды. Сондықтан биыл біз қазақтілді автор­лардың шығармаларын көпке таныстыру­ды жөн көрдік. Өнердің ішіндегі ең бір қа­дірлі де қасиеттісі – көркем әдебиет. Қа­зақ әдебиетінің тұғырын биіктете түсе­тін осындай ізгі шаралар көбейе берсін, – деді К.Жұманұлы.

«Алтын қалам» – байқауға ұсынылған туындыларға алдын ала тағайындалған қазылар емес, оқырман қауым өздері тіке­лей баға бере алатын Қазақстандағы ал­ғаш­қы әдеби жүлде. Үш айға созылған дауыс беру қорытындысына сай әр аталым бойынша алты шығарма таңдап алынып, оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жина­ған шығармалар және қазылар назарына ілінген туындылар сайыстың екінші кезең­іне өтеді. Ақтық іріктеу сатысында қазы­лар алқасы әрбір номинация бойынша жеңім­паздарды жасырын дауыс беру арқылы ан­ық­тайды. Сайыс барысында әдеби шы­ғар­малардың авторлары көрсе­тіл­мейді. Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бей­жай қарамайтын азаматтар бастамашы болған аталмыш әдеби бәйге 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Айта кетейік, жыл соң­ын­да байқауға қатысушы­лардың үздік әдеби шығармалары жеке жинақ түрінде басылып шығады.

А.БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы