Ауыл шаруашылығының бүгінгі жай-күйі алаңдатарлық. Өкінішке қарай, есеп бөлек, іс жүзінде басқаша болып тұр. Бұл туралы Мәжілісте де, ел ішінде де айтылып жүр.
Атакәсіп – сарқылмайтын нәсіп
516
оқылды

Көшпелі қазақ тың игеру нау­қа­нының нәтижесінде отырықшы ел­ге айналған. Ол кезде негізгі егіс би­дай, мақта, күріш, қант қы­зыл­шасы еді. Уақыт өте келе бау-бақ­ша өнімдері өсіріле бастады. Мал шаруашылығы тұрақты дамыды. Бар­лық сала Үкімет бекіткен нақ­ты жоспарға сай жұмыс істеді. Ал қа­зір әркім өз бетінше кәсібін дөң­гелетіп жатыр. Мемлекеттік қол­дауға қыруар қаржы бөлін­ге­ні­мен, қарыштап дамып шарық­тап кеткен ауыл шаруашылығын көр­мей келеміз. Президенттің Үкі­­мет алдына қойған міндеттері аг­роөнеркәсіп секторына серпін береді деген сенімдеміз. Ауыл шаруашылығы экономиканың қозғаушы күші болуы үшін бә­се­кеге қабілетті салаға айналуы ке­рек. Ең алдымен ел ішінде азық-тү­лік қауіпсіздігін қамтамасыз ету­ге билік мүдделі болуға тиіс. Ал қа­зір Үкімет, министрлік, ат­қа­ру­шы билік пен бизнес арасында бай­ланыс байқалмайды. Сол се­беп­ті ауыл шаруашылығы шат­қаяқ­тап тұр. Бұлай жалғаса берсе, ауыл­дағы ағайынның тұрмысы қа­лай түзеледі? Кей әкімдер Пре­зи­денттің отандық инвесторларды қолдау тапсырмасын ысырып тас­тап, тек шетелдік инвес­тор­лар­ға жергілікті жұртшылықтың мал жайылымдық және егістік жер­ле­рін тартып алып беріп жатыр. Со­ның салдарынан адал еңбекпен ма­лын бағып, егін салып табыс тауып жүрген ауыл адамдары кә­сіп­сіз де, нәсіпсіз де қалуда. 

Қаржылай қолдау болмай, ауыл шаруашылығы оңбайды. Әлем­нің озық елдері агросекторға ба­сымдық берген. Қазба байлық жә­не өндіріс көздері жоқ жерде тек егін және мал шаруашылығы ар­­­­қылы аяққа тұруға болады. Фер­маларды жоспарлы түрде да­мыт­қан Кеңес өкіметі – осының бір мысалы. Әлі күнге сол үрдісті үз­бей келе жатқан Өзбекстан, Тә­жікстан сияқты көршілер де сол жүйенің бір дәлелі. Өйткені мал мен егінде береке бар. Кен – тау­сы­латын байлық. Ал атакәсіп – сар­қылмайтын нәсіп. Мемлекет бас­шысының бастамасымен бұ­ған дейін небәрі 500 млрд теңгенің төңірегінде бөлініп келген қаржы екі жылда екі есе ұлғайтылып, трил­­­­­лионнан асты. Оның ішінде 2,5%, 4%, 5% пайыздық несиелер бар. Бұл қаражат Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлігіне қарасты қар­жы­лық ұйымдар арқылы үлес­тірі­леді. Алайда Президент жалпы шаруа­­лар мен шаруашылықпен ай­налысқысы келетіндерге арнап бө­летін ақшасы агро олигарх­тар­дан әрі аса алмай жатқан сыңай­лы. Себебі солардың өнімі өсіп әрі өтіп, былайғы шаруалар қып-қы­зыл шығынға батып жатыр. Мы­салы, биыл министрліктің агро­сай­­ты дұрыс жұмыс істемей, қа­­­­­­ра­­­­­­пайым адамдар тиесілі суб­си­дия­сы мен арзан несие ала алмай қал­ған. Ал Президентке бәрі ке­ре­мет деген есептер беріліп тас­тал­ды. Керек десеңіз, тәп-тәуір кә­­деге жарай бастаған «Ауыл ама­­наты» жобасына арналған қар­жы да бөлінбей қалған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы мәселе кө­тер­ді. Ал  кешегі форумда Пре­зи­дент саланы қаржыландыруды же­тілдіруді тапсырды. Келер жы­лы 700 млрд теңге бөлінеді. Қа­зір­дің өзінде 3 есеге ұлғайтылған екен. Алайда мемлекеттік қолдау қар­жылық ұйымдар арқылы бері­ле­тіндіктен, жетер жеріне жет­пей­ді. Жеткен күннің өзінде ақыры дау­ға айналып, соттасумен тә­мам­далуда. Қыруар қаржы ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында кет­песін десек, агробанкті тез­де­тіп ашу керек. Шаруалар қара­жат­ты бір банктен алып, берешегін сол арқылы қайтарады. Қаржы­лан­дыру механизмі  бір жүйеге көшірілмей бәрі бекер. Президент саланы қаржыландырудың ақсап тұрғанын ескерді. Әлбетте, бұл құп­тарлық. Ендігі міндет – қара­пайым шаруаларды шырылдат­пай, мақсатты қаражатты дер ке­зінде бөлу және қолы жетпей жүр­гендерге беру.  

Диқандар биыл агросайттың сыл­­­бырлығынан егінге қажетті суб­­сидия мен тыңайтқыштарды да ала алмаған. Одан қалса, МӘМС төлемегендері үшін көп­ші­лігінің есепшоттары бұғатталған. Мұны шаруашылығын енді дөңгелетіп бастағандарға жасалған қысастық деп түсінеміз. Биыл астық өсіру­ші­лер еккендерін ортасымен, өт­кізе алмай еңбектері еш кетті. Жал­пы, жылда осы, біресе баға бе­­­­­кітілмейді, біресе өнім өткі­зіл­мей­ді, импорт қысып нарықтан ығыс­тырылады. Отандық кәсіп­кер­лер өз деңгейінде қолдау тауып жат­қан жоқ. Еліміз бойынша жы­лы­жайдың бір жылда 232 гектарға азаюы қауіпті емес пе? Мәселен, Түркістан облысында жылыжай кө­лемі 50 пайызға кеміп кеткен. Со­ның салдарынан қазірдің өзін­де қызанақ пен қияр бағасы төрт есе өсті.  Үкімет те, атқарушы би­лік те бұған мән бермесе де, Пре­зи­­­дент назарға алып, өнім өндіру­ші­лермен тығыз байланыста жұ­­­­­мыс істеуді тапсырды. Сол сияқ­­ты Қазақстанды эконо­ми­ка­сы­ның орнықты дамуына ықпал ете­тін нақты сектордың өркен­деуі­не қаржы бөліп, субсидия бе­ру­дің ашықтығын қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығын нарық­тық әдіс-тәсілдер арқылы нығайту үшін  стратегиялық тұрғыдан мем­­­лекеттік реттеуді ұсынды. Өкініш­ке қарай, агроөнеркәсіп саласын ма­ман еместер басқарып жат­қан­дай, дұрыс дамымай келеді. Мем­ле­кет басшысы ауыл шаруашы­лы­ғына ғалымдарды жұмыл­дыр­мақ­шы. Өте дұрыс. АҚШ, Қытай, Түркия, Жа­по­ния, Еуропа мемлекеттерінде ба­р­лық бағытта ғалымдар жұмыс іст­ейді. Соның арқасында жан-жақ­ты өсіп-өркендеп жатқан жайы бар. 

Президент әлемдік азық-түлік на­рығында бәсекеге төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беруге, оның ішінде тұқым шаруа­шы­лығын жандандыруға  страте­гия­лық міндеттің бірі деп қарауға ша­қырды. Картоп пен қант қы­зыл­шасы бойынша отандық тұ­қым­ның үлесі 10 пайызға да жет­пей­тінін сынға алып, Үкіметке ди­­­­қандарды елімізде өндірілген тұ­қыммен қамтамасыз етуге, ол үшін шетелдің озық техно­ло­гия­сын пайдаланып, көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға, ал жоғары са­палы элиталық тұқымның үлесі ке­мінде 15 пайызға жеткізуді жүк­теді. Бізде тұқым сапасы төмен. Ал элиталық сорттар өте қымбат. Оның өзі импорт. Тұқым сапасы тө­мен болғандықтан, шетке ши­кі­зат күйінде тонналап сатылып, елі­мізге жем мен ұн боп қайта са­тылып жатыр. Ал бір әкімдер отан­дық мақташыларды қолдап, мақ­та сапасын арттырудың ор­ны­на қорлап жатыр. Кеңес өкіме­ті­нің кезінде ақ алтынның бағасы ар­тық еді. Сапасыз десе де, Қы­тай, Аустралия Қазақстанның мақ­ташылары өсірген мақтаны әл­деқандай қылып сатып алып, кә­деге жаратып жатыр. Ал бізде мақ­та өңдеу дұрыс жолға қойыл­ма­ған. Бұрынғы зауыттың көбі жа­былып қалған. Тігін фабрика­лары да санаулы. Жіп иіретін өнер­кәсіп аз. Жалпы, «Мақта ту­ралы» заң қабылданбай бұл са­ла­дағы мәселелер оң шешімін тап­пайды. Жүгеріні тиімді, мақтаны тиім­сіз деу ақымақтық. Кеңес өкі­метінің кезінде осы далада жү­гері де, мақта да қатар өсірілген. Біз­ге жалпы құмды, шөлейтті жер­лерді игеру технологиясын Еги­пет­тегідей қолға алатын уақыт жетті. 

Елімізде баяғыдай мыңғырған мал жоқ. Есесіне транзит бар. Бор­­­­­дақылайтын ірі қара мен жыл­қы шеттен келеді. Өзімізде мил­лион­даған малдың бары рас бол­са, өнімі неге көл-көсір емес? Мә­селен, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі Қытайға ірі қара те­рі­сін экспорттамақшы. Министр­дің өзі тері илейтін зауыттар ашыл­са, 25 пайыз шығынын көте­ру­ге көмектесетінін айтқан. Экс­порт­қа кетіп жатқан мал терісі 13 мың тоннаның төңірегінде. Елі­міздің 11 өңірінде 27 кәсіпорын был­ғары илеумен айналысып жа­тыр екен. Нәтиже қайда? Неге біз­де мал терісі сырт киім, аяқ­киім, сөмке, белбеу шығарыл­май­ды? Өзіміз өсірген бидайды өзімге қуы­рып беріп жатыр. Қытай сияқ­ты бүкіл дүниежүзіне керектіні тігіп бермесек те, Түркия сияқты сырт киімнің нарығына шығу ке­рек қой. Ауылдарда мал терісі жүн қабылдайтын пункттер ашу қажет. Қай өңірде мал мен жан көп бол­са, сол жерде тері илеп әрі киім ті­гетін кәсіпорындар ашқан жөн. Жеңіл өнеркәсіп тұрғысынан Қыр­ғызстан мен Өзбекстаннан оза алмай жатқанымыз ақиқат қой. Тура сол сияқты біздің бидай­д­ың мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Үкімет 12 млн тонна бидайды экс­портқа шығарса, нанға ұн қал­майды. Бұл нан өнімдерінің қым­бат­тауына себеп болып келеді. Жа­былып қалған отандық диір­мен­дерді іске қосып, ішкі нарық­ты толық қамтамасыз етіп, содан ар­тылғанын ұн ретінде экспортқа шы­ғарсақ, сол тиімді әрі табыс­ты­рақ болады. Әйтпегенде, қазір би­дайдың жеуге арналғаны – 50, жем­ге арналғаны – 30 теңгеден ше­кара асырылып жатқаны қауіп­ті. Бидайдың барлығын дерлік экс­порттап, өзіміз қымбат нан жеп жатырмыз. Диірмендер саны едәуір азайып кеткен. Халық қа­шанғы арзан бидайдың нанын қым­бат сатып алып жеп жүр. 

Мемлекет басшысы ауыл ша­руа­шылығына жаңа техноло­гия­лар­ды белсенді түрде енгізу озық елдердің деңгейіне жетуге сеп­тігі тиетінін, биыл егіс алқап­тарына бұ­­рынғыдан екі есе көп тыңайт­қыш­­тың себілгенін,  ғы­лыми тұр­ғы­дан қажет тыңайт­қыш­­тың 41 пайызы екенін, өзі­мізде шығары­ла­тын тыңайт­­­қыштардың ауыл ша­руашылығын толық қам­та­ма­сыз етпейтінін айтты. Сон­дай-ақ бүгінде құны 4 миллиард доллар болатын ауқымды инвес­тициялық жо­балар жүзеге асы­ры­лып жат­қа­нын, нәтижесінде 7 мил­лион тон­на минералды тыңайт­қыш өнді­рі­летінін білдік. Мұның бәрі ал­­­­­дымен ішкі нарық­ты толық қам­тамасыз етіп, одан артылғанын экспортқа шығаруға жол ашады. «Не ексең, соны ора­сың» деген­дей, тұқым мен тыңайт­қыш сапа­сы­на мән беру керек. Алда әлі ор­ганикалық тыңайтқыш өнд­і­рі­сін дамыту міндеті тұр. Пре­зидент бұл тұста халықаралық тә­жірибеде қойдың жүнін суар­малы жерге тыңайтқыш ретінде пайда­лануға кеңес беріп отыр. Бізге енді суа­рыл­майтын жерлерді суландыру тех­нологиясын енгізу қажет. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен ауыл шаруашылығы тех­никасын жаңарту деңгейін жы­лына 8-10 пайызға дейін жеткізу жө­нінде міндет қойдым. Бұл мақ­сатқа 120 миллиард теңге бөлініп, отан­дық ауыл шаруашылығы тех­ни­каларын жылына 5 пайызбен жеңіл­детілген лизингке беру бағ­дарламасы басталды. Қазақстанда 8 ірі бірлескен кәсіпорын, соның ішінде «Клаас» неміс концерні мен ресейлік «Ростсельмаш» ком­па­ниясы табысты жұмыс істеп  жа­тыр. Биыл шамамен 160 мил­лиард теңгеге жуық қаржыға 4,5 мыңнан астам трактор мен астық жинайтын 815 комбайн (оның 107-сі «Клаас» компаниясына тиесілі) шығарылды. Үкімет еңбек өнім­­ділігін арттыруға, им­порт­та­ла­тын қосалқы бөлшектерді ло­кализациялап, ұсақ бөлшектерден құрастырылатын өндірісті қолдау­ға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса мән беруі керек», – деп техниканың қолжетімділігін арт­тыруды тапсырды. Себебі ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту қолға алынып жатыр. Ол үшін Қазақстанның  көлік-логистика мүмкіндіктері кеңейтілуде. 

Келісіп пішкен тон ешқашан кел­те болмайды. Жергілікті шаруа­лар мен атқарушы билік ара­сында байланыс жоқ. Ми­нистр­ліктің табалдырығын тоз­дырып шаршағандар Президент пен Парламентке шағымданады. Бұл – күшті Президент, ықпалды Пар­ламенттің көрінісі. Ауылдар өсіп-өркендесе, ауыл халқының қал-ахуалы жақсарады. Агро­са­ланы мамандар басқаруы керек. Жал­пы, барлық саланы өз ісінің ма­мандары басқарғаны жөн. Сон­да даму болады.

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі