Ардың жолы – арпалыс

«Сіз маған ізгілікке қалай сенсеңіз, зұлымдыққа да солай сеніңіз депсіз. Құрбым-ау, олардың өмірде бар екенін мойындау сенім емес қой. Сенім деген сол – екеудің біреуінің адам үшін қымбат екенін, артық екенін мойындау. Достоевский: «Сенім жоқ жерде ізгілік те жоқ», – дейді.

Сонда бұл қандай сенім? Ізгіліктің болмыста бар екеніне ғана сену ме? Жоқ, бұл – ізгіліктің жеңісіне деген сенім. Ізгілікке сенім артпаған адам ешқашан да жақсылық жасай алмайды». 

Бұл – әйгілі «Парасат майданынан» үзінді. Студент кезде талай рет жата-жастана оқыған, ерекше жақсы көрген шығармамыз. Ауық-ауық қайта оралатынымыз тағы бар. Неге жақсы көрдік, неге қай­талап оқи бергенімізді біл­меймін, бір түсінгеніміз – бұл шығармадан кейін адам ізгі­лікті, жақсылықты аңсап тұ­рады екен. Онсыз да өмір күрес қой, сол күресті кім қалай өт­кереді, кім зұлымды жеңеді, кім өмірде тек ізгі ойларын паш етеді, сол жеңіске жететіні ақиқат. 

«Парасат майданы» сахнада қо­йылады» дегенде дүдәмал күй кеш­­­ке­німіз рас. Ол шығармада мұң бар, өзекті өртейтін өкініш бар, ішкі психо­ло­гиялық арпалыс бар. Адам санасындағы ар­палыс. Екіұдай күй кешесің. Адамның екіге жа­рылуы ма әлде?! Қалай десек те, психо­логиялық драманы сахнаға шығару – кім-кімге де оңай соқпасы анық. Сондай оймен, сондай көзқараспен барған едік. 

Шын мәнінде, жазушы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» атты повесі – көрер­менге жақсылық пен жамандықтың ара­­­жігін көрсететін шығарма. Адам болмы­сының күрделілігін терең ұғындыратын повесті сахнаға алып шығуға жүрек дауа­ламасы анық. Бірақ біз ойлағандай емес, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көр­кемдік жетекшісі, режиссер Гүлсина Мир­ғалиева бұл тақырыпқа батыл қадам басыпты. 

Қойылымда «Парасат майданының» ғана емес, «Оң қолдың» да штрихтары кө­рініс тапты. Драмалық тақырыпты көрер­менге ұсынудың мақсатын театрдың көр­кемдік жетекшісі Гүлсина Мирғалиева клас­сикалық тақырыптың жеңіл бол­майтынымен түсіндірді. 

– Театрымыздың жылдық жоспа­рымызда қанша спектакль болу керек екені жыл басында бекітіледі. Соған сәйкес республикалық бюджет бөлінеді. Биыл сәуір айында театрдың көркемдік жетекшісі қызметіне келгенімде, 2024 жылға жасалған жоспарда «Парасат майданы» да қойылуы керек болған. Сондықтан ұлттық театр актерлері іштей осы қойылымға да дайын­далып жүрді. Оны Фархат Молдағалиев қоюы керек еді. Бірақ Фархат Молдағалиев денсаулық жағдайына байланысты бас тартты. Сондықтан мен көркемдік жетекші әрі режиссер ретінде қойылымды сахналауға жауапкершілік алдым. Бұл қиын тақырып, әрине. Бірақ классика ешқашан жеңіл болмайды ғой. Ал комедияны көбірек көріп үйреніп қалған көрерменге қойылым ауыр болуы мүмкін. Егер кей көрерменге ұнамаған тұсы болса, ренішім жоқ. Өйткені әр адам қойылымнан өзіне керегін іздейді. «Парасат майданында» әңгіменің жобасы бар, бірақ біз оны тағы да кеңейттік. Қойылымға кіріспес бұрын Тө­лен ағамен сөйлескенімізде, «Қалай болар екен? «Парасат майданы» бір бөлек, «Оң қол» бір бөлек» дегендей күмән білдір­ді. Бірақ қойылымнан кейін риза болғанына өздеріңіз куәсіздер, – деді Г.Мирғалиева.

Терең философиялық туынды көп­шілікке ұсынылғаннан кейін көрерменнің жақсы бағасын алып жатыр. Адамның ізгілік пен адамгершілікке ұмтылуы шы­ғармада маңызды орынға ие болса, сахна­лық үлгіде де осы идеядан ауытқымай, моральдық құндылықтардың жоғалып бара жатқанын көрсетеді. Журналист Еркін Мұхамеджанов премьераны соңғы жыл­дары өзі көрген қойылымдар ішінде озық тұрған дүние екенін айтып, жоғары бағалады. 

«...Шақыру билеті келгенде ойланып қалғанмын. Қалай қоймақ, қиын шығарма. Кейіпкері аз, ішкі психологиялық монолог. Қиын, тым қиын. Қойыртпақ бірдеңе жа­сап, оны көріп өзімнен өзім ұялып, іштен тынып, тағы да лоқ­сып келмеймін бе деген күдік болды. Бірақ «Абай» телеар­насына барғалы баяғы саясат пен саясаткерлерімнен гөрі өнер мен мәдениет адамдарын жолдас тұта бастағам. Күдік болса да көңіл­жық­пастық жеңді, оның үстіне өзім аударып-төңкеріп оқыған Төлен Әбдік ағайдың мемлекеттік сыйлық алған ең үздік шығар­масы «Парасат майданы» деп тұр. Бардық, көрдік. Риза болдық. Қиыннан қиыстырған және онысы өте сәтті шыққан. «Парасат майданы» жалғыз емес, автордың «Оң қол» әңгімесімен синтездепті. Бір сахнада екі шығарма қатар өрілген, өте шебер шен­­­дестірілген. Екі дүние көріп отырғандайсың, бірақ біртұтас! Шеберлік. «Оң қол» – «Тозақ оттары жымыңдайды» – «Ақиқат», соңынан «Парасат майданы», осы тәртіп­пен оқы­саңыз түсінуге, сезінуге өте қо­лайлы. Өте ауыр да өте озық шығармалар шоғыры. 

Төлен Әбдіктің творчествосы мыйға салмақ салады, кейіпкерлері кейде өзімен бірге азап та шектіреді. Міне, премьерадан соң тып-тыныш жата салмай, ой тұң­ғиығына батып тағы отырмыз. Зұлымдық пен мейірім, жақсылық пен жамандық, қиянат пен адамгершілік, рухани ластық һәм тазалық. Адам бойында, қоғам бо­йында үнемі жүріп жататын арпалыс», – деп жазды Е.Мұхамеджанов. 

Қоғамда адамның кейпі көп. Не адам­гершілікті, не білімді бойға дарытпағандар өздерін жоғары санап, кеуде соғады. Ақылды да, білімді де адам бар. Еркін Мұхамеджанов адам бойындағы осы ізгі қасиеттерді саралай айтып, мұның бәрі «Парасат майданының» ішінде жатқанын тілге тиек етеді.

Екі шығарма біріктірілген қойылымда эпизодтық кейіпкерлерді қоса санағанда он екі актер өнер көрсетті. Психологиялық драма 1 сағат 40 минутқа созылып, көрер­менді терең ойға батырады. Күрделі қойы­лымның алғашқы күні аншлагпен өтті. Яғни, ой салар жақсы дүние қай кезде де ешкімді бейжай қалдырмайтынын дәлел­деді. Мұндай жақсы дүниеге Абылай Мау­данов та көзқарасын білдірді. Қойылымға бүгінгі заманның зарын қосқанын айтып, таңданысын жеткізді.

«Көңілде алаң болғаны да жасырын емес. Бірақ спектакль өте тамаша болды. Бір повест («Парасат майданы»), бір әңгімені («Оң қол») үйлесімді сыйдырыпты. Ішіне бүгінгі заманның зарын да қосыпты. Қоюшы режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирға­лие­ваның тапқырлығына тәнтімін. Өмір барда «Парасат майданы» тоқтамайды. Өйткені идеялар күресі – мәңгілік. Тек сол майданда кім жеңеді? Ең үлкен сұрақ та осы. Труппа залды уысында шыр­мап ұстап отырды. Тіпті, ұзақ паузаларда дем алмай қалды десек болады. 

Актерлік құрам: Нұркен Өтеуіл – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Алтынай Нөгербек – ҚР Еңбек сіңірген қай­рат­кері, Гүлбаршын Қылышбай – ҚР Еңбек сі­­ңірген қайраткері, Жанар Қа­сымова, Марғұлан На­менов, Еңлік Айымғазы, Ди­нара Егу­баева, Нұрсұлтан Есен, Заң­ғар Әбенов, Руслан Әлішев, Асхат Сұлтан, Нұрбек Съезхан, Нұр­хан Қосанов, Дастан Әлімов, Ай­көркем Тұранова, Гаухар Исмайлқызы», – деді ол.

«Парасат майданы» – адам­ның рухани биігіне жету жо­лындағы күресін бейне­лейтін, көрерменді ойландыратын, өмір­дің шынайы мәнін іздеуге жетелейтін туынды. Қойылым барысында көрер­мен рухани құндылықтар мен материал­дық әлемнің қайшылықтарын, адам бол­мы­­сының күрделі мәселелерін терең сезінді. 

Қаламгер Төлен Әбдік бұл қойылымды көру үшін ең алдымен «Парасат майданын» оқу керек екенін айтқан еді. 

Расында да, «Парасат майданына» повесті оқып барыңыз. Сонда сіз «бейтаныс әлемге» оңай сүңгіп кетеріңіз анық. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ