Бүгінде роботтар өмірімізге дендеп еніп, барлық салада құлтемірлердің көмегіне жүгінетін деңгейге жеттік.
Робототехника – бүгінгі заман талабы
177
оқылды

Ал сарапшылар алдағы 20 жылда адам істейтін жұмыстың тең жартысын роботтар атқаруы мүмкін дейді. Тіпті, өркениет кеш жететін ауылдарда да шопандар робот-дрондардың көмегімен мал бақса, диқандар егіндіктерін қадағалап отыр. Қысқасы, біздің заманымыз – робототехника заманы.  Ендеше бұл саланың мүмкіншілігі қандай, елімізде қалай дамып жатыр?

Еліміздегі ең алғаш робототехник ғалым

Академик Өмірбек Жолдас­беков туралы біреу білсе, біреу білмес. Ол еліміздің жоғарғы білім беру саласына, парламентария­сына, Ұлттық инженерлік акаде­миясының қалыптасып, оның дамуына ерен еңбегі сіңген ғалым ретінде танымал. Дегенмен де сан қырлы, сом тұлғалы мемлекет және қоғам қайраткерінің әлемге әйгілі болуында академиктің ғылым сала­сындағы соның ішін­дегі машина жасау және робототех­ника сала­ла-

р­ындағы еңбектерінің орны ерек­ше. Әрбір мемлекеттің экономи­калық дамуы сол мемле­кет­тің ма­ши­на жасау саласының дамуына тығыз байланысты болса, академик Жол­дасбеков – осы машиналар және механизмдер теориясын Қазақ­стан­да қалыптас­тырып да­мыт­­қан ғұлама ғалым, мехатроника және робототехника ғылымдары­ның негізін қалаушы.

Әлемде параллель роботтарды зерттеу халықаралық деңгейде жа­қында қолға алынып жатса, ака­де­мик Жолдасбеков параллель робот­тардың негізі болып табыла­тын жоғары класты механизмдерді зерттеуді өткен ғасырдың алпыс­ын­­шы жылдары М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-матема­­­тика факультетінде дәріс алып жүргенде IFToMM президенті ака­демик И.Артоболевскийдің ғы­лыми жетекшілігімен бастаған бола­тын. Осы ғылыми бастаманы Өмірбек Арыстанұлы қазақ еліне кеңінен таратып, қажымас және ек­пінді мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарымен ұштастыра оты­рып, өз шәкірттерімен бірге жазық және кеңістік жоғары класты ме­хан­измдер теорияларын құрды, жүздеген ғылым кандидаттары мен докторларын даярлады, отан­дық және шетелдік патенттер­мен қорғалған теңдесі жоқ парал­лель манипуляторлардың жаңа түр­лерін жасады. Яғни, академик Жолдас­беков еңбектері – парал­лель робот­тардың қайнар бұлағы. Бұл күндері Өмірбек ағаның ғылы­ми мектебі өзі көп жылдар бойы ректорлық қызмет атқарып, еңселі қабырғасын көтерген әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық универси­те­тін­де жал­ға­сын табуда. Универ­ситетте «Сан­дық технологиялар және робото­тех­ника» ғылыми-білім беру орта­лығы ашылып, «Ро­бо­тотехника жүйелері» маман­дығы бойынша бака­лавриат, магистратура, докто­р­антурада көптеген студент дәріс алуда.  

Елімізде қалай дамып келеді?

Робототехника Қазақстанда 2010 жылдан бас­тап білім беру ме­ке­­ме­леріне ен­гізіле бастады. 2019-2020 оқу жыл­ы­­нан бастап «Робото­тех­ника» 3-4-сыныптарға, 2020-2021 жылы 5-сыныпқа, 2022-2023 оқу жылы 2-cыныпқа еніп, оқытылуда.

Биыл тамыз айында еліміздегі мектептерде робототехника оқы­та­тын мыңнан аса кабинет ашыла­тыны туралы хабарланған еді. Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарының жаңа 2024-2025 оқу жылына дайындығын жүйелі тек­серу жұмыстарын аяқтап, осындай мәлімдеме жасаған болатын.  Мин­истр­ліктің жазуынша, робо­то­техника, химия, биология, фи­зика және STEAM-бағыттарға арналған 1 383 пәндік кабинет са­тып алу бойынша жұмыстар бел­сенді жүргізілуде.

Осы ретте «Дарын» респуб­ли­калық ғылыми-практикалық ор­та­лығының Медиа қолдау бөлімі­нің басшысы Ажар Рахлетоваға хабар­лас­қан болатынбыз.  Ол бұл сала­дағы соңғы жетістіктермен бөлісті.  

«Биыл 9 және 10 қаңтарында Қас­­­ке­лең қаласындағы SDU база­сында мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған Роботтар фестивалі өткізілді. Жарыстың ұйымдас­тыру­шылары – Қазақстан Респуб­лика­сы Оқу-ағарту министрлігінің «Дар­ын» республикалық ғылыми-прак­тикалық орталығы және USTEM Robotics қоғамдық қоры болды. Фестивальге робототехни­камен айналысатын 400 оқушы қатысты. Фестиваль FIRST халық­аралық ережелері бойынша үш санатта FLL Explore (6-10 жас), FLL Challenge (10-16 жас) және FTC (12-18 жас) өткізілді. Сондай-ақ биыл ақпан айының соңында Астана қаласында өтетін FIRST Robotics Орталық Азия чемпиона­тына қатысу құқығына ие болған 17 команда анықталды. Сонымен қатар Астанада робототехника бойын­ша Орталық Азиядағы ең ірі чемпионат өтті. Оған әлемнің 5 елінен 3 000-нан астам оқушы қатысты. Олар Қазақстанда және шетелдерде өткен іріктеу чемпио­нат­тарында үздік шығып, квота алған 200-ден астам команда бола­тын. Бұл әлемнің түрлі елдерінен келген балалар, тәлімгерлер мен ата-аналар қатысқан ауқымды чем­пионат болды. FIRST балалар­дың шынымен қызығушылығын оятады және біздің елімізге мектептен бас­тап, жас инженерлер мен жаңашыл­дардың мықты қау­ым­дастығын құруға көмектеседі. Жарыс қоры­тындысы бойынша, жеңімпаздар  американдық Хьюс­тон­ға жолдама ұтып алды.  

Тағы бір жаңалық, Қазақстан­ның атынан FIRST LEGO League Challenge халықаралық ашық чем­пионатына Батыс Қазақстан облысы Оқушылар сарайының тәр­­бие­ленушілері қатысқан бола­тын. Toro D’oro команда­сының құрамына 9-10-сынып оқу­шылары Төрехан Асхатұлы, Нәдір Мәжит, Райымбек Ғаб­дуллин, Адлет Сейтенов, Али­ислам Құрманға­лиев, Таир Назар, Әлихан Серік кірді. Олар 50 елден келген 108 команда арасында ел намысын қор­ғады. Жарыс АҚШ-тың жетек­ші жоғары оқу орны – Ву­стер политехникалық универси­тетінде өтті. Үш күнге созылған чемпионат­тың қорытын­дысы бойынша, ком­анда мүмкін бола­тын 550 ұпайдан 500 ұпай жинап, 10 ең күшті робот­тар ойыны рей­тингі­не енді. Тағы сондай қуаныш­ты жаңалық, Қы­тай­дың Гуанчжоу қаласында робо­тотехника бойын­ша China FTC Guangzhou Offseason Event халық­аралық чем­пион­аты өтті. Жарысқа 200-ден астам оқушы қатысты, оның ішінде Қазақ­станнан келген екі команда да үздік нәтижелер көр­сетті», – дейді Ажар Төлепбер­генқызы.

Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы

Биыл Грекияда робото­тех­никадан ең ірі чемпионат FIRST Global Challenge өткен болатын. Қазақстандық оқушылар бірнеше бағыт бойынша көш бастап қана қоймай, 190 елдің арасынан басты жүлдені жеңіп алып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Осылайша, Қазақстан құрамасы үшінші жыл қатарынан өзінің чемпиондық титулын дәлелдеп келеді. Коман­даның құрамына Алматы қала­сының ФМБ НЗМ-нің оқушы­лары: Ердәулет Түргенбаев, Әл­фия Байжақып, Нұржан Көк­еев, Дос­жан Дайран және Қадыл­бек Дастан енді. Жаттықтыру­шылары – Нұр­дәулет Досмағамбет пен Дулат Байтуленов. Grand Challenge Award номинациясы бойынша алтын медаль мен ойын­дардағы рекорд­тық ұпай санынан басқа, қазақ­стан­дық құраманың жүлде қоры жоғарғы төрешілер номинация­сында екі күміс ме­даль­мен то­лықты: А.Эйнштейн атындағы FIRST Global International Excellence және үздік инже­нерлік әзір­лемелер үшін Robots Skills Challenge. Бұдан басқа, әл-Хорезми атын­дағы Outstanding Supporter номи­нациясында күміс медальмен отандық USTEM FOUNDATION жас инженерлерге көрсеткен қол­дауы үшін марапат­талды.  Оның ал­дында Қазақстан 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурде жеңіске жеткен бола­тын. Ұлттық құрама Оқу-ағарту министрлігінің, «Дарын» РҒПО-ның, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен робототех­ни­кадан іріктеу кезеңдерінде құрыл­ды. Бұған дейін әлемнің бірде бір елі екі дүркін чемпион бола ал­ма­ған екен. Қазақ­стандық дарындар үшінші жыл қа­тарынан жеңіс тұ­ғырынан кө­рінді. Ал  команда құра­мы осы жыл­­дарда қайталанған емес, елі­міздің намысын қорғауға әр жа­рысқа үнемі жаңа ойыншы аттанып отыра­ды, олар сайыстың ұлттық кезеңінде іріктеледі. 

Осы ретте USTEM FOUNDATION қорының негізін қалаушы, басшысы Асылбек Мұрзахметов­пен байланысқан болатынбыз.

«Біз төрт жыл ішінде біз Қазақ­станда және жалпы Орталық Азия­да үлкен жұмыс жасадық. Елімізге FIRST: for Inspiration and Recognition of Science and Technology бағдарламасын әкелдік. Бұл – 192 ел қатысатын әлемдегі бірінші STEM бағдарламасы. Жұмыс барысында біз 20 000-ға жуық баланы қамтыдық. Біз үш бағытта жұмыс жүргіземіз: өз бағдарлама­ларымызды іске қосамыз, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға кө­мек­тесеміз, зертханалар, шеберха­налар ашып, мұғалімдерді, бо­ла­шақ жаттықтырушыларды оқы­­та­­мыз. Бірақ біздің жұмысы­мыздың негізі мен жүрегі – біз өткізетін іс-шаралар, Робото­техника бо­йынша жарыстар. Бүгінгі таңда біз 40-қа жуық жарыс өткіздік. Енді олар тіпті қалалар мен ауылдарда да өтетін болады. Астана мен Ал­матыда ірі іс-шара­ларды өзіміз өткізсек, ал өңірлерде өкілдеріміз бар. Мен білім сала­сын­да 10 жыл бол­дым. Қор құрыл­ғанға дейін түрлі мектептерде, соның ішінде Алматы қаласының НЗМ-де жұмыс істедім. Онда әріптесім екеуміз Қазақстанда ал­ғашқы STEM-зертханасын аштық. Қазақстан мемлекет ретінде STEM-білім беру­ді дамытуға көп көңіл бөледі. Робототехника кабинеттері, STEM – кез келген мектепте мін­детті болып тұр. Ал үлкен мәселе тек кадрларда. Егер біз мемлекет ретінде осы инфра­құрылымға кадрлар дайындап, барлық бала­лар­дың әділ қол жеткізуін қамтама­сыз ете алсақ, болашақта бұл үлкен оң нәтиже береді. Әдебиет, музыка, STEM пән­дері сияқты барлық дерлік мектеп пәндері үлкен өзге­ріс­терге ұшыр­айды. Мектептер де, мемлекет те бұған дайын болуы керек. Болашақ­тың білімі балалар­дың психоло­гиясына және біздің санамызды жаулап алатын жаңа технологиялар­ға бейімделуі керек. Кадрлық аш­тық пен қаржылан­дыруда қиын­дық­тар туындаған кезде мұны істеу қиын. Сондықтан білім беру мәсе­лелеріне тек мұғал­ім­дер мен мектеп директорлары ғана емес, сонымен қатар ата-ана­лар, бизнесмендер және әр адам өз деңгейінде қатысуы керек. Бар­лығы білімге мүмкін­дігінше инвес­тиция салуы керек», – дейді қор басшысы.

 

ТҮЙІН: 

Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінде әлемде өнер­кәсіптік, тұрмыстық, ойыншық роботтардан бастап, 1,8 миллион түрлі робот жұмыс істейді. Бұл ретте роботтардың ең көбі Оңтүстік Кореяда қолданылады, екінші орынды – Сингапур, үшінші орынды – Жапония, одан кейін АҚШ, Қытай иеленді. Ал Қазақстанда роботтар әлемдік нарықтың шамамен 0,25%-ын құрайды, бұл өте аз. Қазіргі жаһандану, инновациялық жаңару заманында роботтардың алатын орны өте ерекше. Себебі қазіргі заман – роботтардың кезеңі. Ақпарат алу, жәрдем беру, үй шаруасындағы қызметтердің 50 пайызын біз үшін роботтар жасайды. Демек, «білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік».

Наурызбек САРША