2024 жылғы 27 қараша мен 11 желтоқсан аралығында DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы халық арасында "2024 жылы Қазақстанда болған ең айтулы оқиғалар" деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Бұл жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен және PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізіп отыр, деп жазады Aikyn.kz.
Demoscope бюросының дәстүрлі қорытынды сауалнамасы 2024 жылғы ең айтулы оқиғаларына арналды. Зерттеудің негізгі тақырыптары: азаматтардың бірыңғай уақыт белдеуіне көшуін қабылдауы және әлеуметтік маңызы бар өмір салаларын бағалау.
2024 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Алайда бұл шешімге қатысты пікірталас әлі күнге дейін толастаған жоқ. DEMOSCOPE сауалнамасының мәліметі бойынша, азаматтардың басым бөлігі (53,1%) бұл шешімді қолдамайды. Респонденттердің 22,1%-і оны құптаса, 15,5%-і бұл мәселеге бейтарап қарайды, ал 7,4%-і мүлдем бейхабар.
"Азаматтардың бұл реформа туралы ойын анықтайтын негізгі индикатор – респонденттердің тұратын өңірі. Қазақстанның барлық дерлік облысында бұл шешімді қолдамайтын азаматтардың үлесі басым екені байқалады. Әсіресе, уақыт бір сағат артқа жылжыған өңірлерде наразылық айқын көрінеді", – деп жазылған хабарламада.
Шығыс және орталық өңірлердің тұрғындарының басым бөлігі (74,6%) – Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау облыстары – бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы екенін білдірді. Алматы (68,4%) және Астана (55,7%) тұрғындарының көбі де бұл бастаманы құптамайды.
Оңтүстік өңір – Шымкент, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысының 47,8% тұрғындары бұл бастамаға қарсы. Солтүстік өңір – Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облысында қарсы болғандардың үлесі – 45,3%.
Бірыңғай уақытқа көшуді қолдағандардың үлесі аздап басым болған жалғыз өңір – Қазақстанның батыс аймағы (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары): 31,8%-і бірыңғай уақытқа көшуді құп көрсе, 30,6%-і оған қарсы.
2024 жылғы резонанс тудырған оқиғаны анықтау үшін Demoscope сауалнамасына қатысушылардан ең айтулы екі-үш оқиғаны атауды сұрады. Олар: су тасқыны (10,8%), АЭС құрылысына арналған референдум (10,4%) және Талғардағы Шерзат Болаттың қазасы (7,8%).
Сондай-ақ резонанс тудырған оқиғалар рейтиңінде төмендегі оқиғалар да бар:
- бірыңғай уақыт белдеуіне көшу (7,6%);
- жер сілкінісі (6,4%);
- Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін Бишімбаевқа шыққан үкім және отбасыдағы зорлық-зомбылық туралы заңға енгізілген өзгерістер (4,4%);
- теңгенің девальвациясы (3,1%);
- Париж Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың өнері (2,6%);
- халықаралық іс-шаралар, мемлекеттік сапарлар (2,3%);
- Астанада өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойыны (2%).
2024 жылдың тағы бір маңызды индикаторы – азаматтарды ең көп мазалайтын мәселелер. Demoscope мәліметі бойынша, қазақстандықтарды ең көп алаңдататын мәселелер: төмен жалақы мен табыс деңгейі (37,6%), ең қажетті тауар бағасының өсуі (28,3%), жемқорлық (26,8%). Тағы ескеретін жайт, Demoscope-тың бұған дейінгі сауалнамалары бойынша, табыстың төмен болуы мен жемқорлық білікті кадрлардың шетелге кетуінің негізгі себебі және отандық спорттың дамуына кедергі келтіреді.
Сонымен қатар, негізгі әлеуметтік проблемалар қатарында:
- Зейнетақының, жәрдемақының, шәкіртақының деңгейі – 20,6%;
- Қоршаған ортаның ластануы – 19,3%;
- Білім беру жүйесінің жағдайы – 16,2%;
- денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы – 16,1%;
- қымбат тұрғын үй мен оның нашар жағдайы – 13,1%;
- жұмыс орнының тапшылығы және жұмыспен қамтудағы қиындықтар – 12,7%;
- көлік инфрақұрылымының нашарлығы (жолдар, тротуарлар және т.б.) – 9,3%.
Demoscope сауалнамасы қазақстандықтар өмірдің негізгі салаларына да көңілі толмайтынын анықтады. Ең көп сынға қалғандары: экология (54%), экономика (46,5%) және азаматтардың өмір сүру деңгейі (43,3%).
Сонымен қатар келесі салаларға да теріс баға берілді: жұмыспен қамту (32,9%), денсаулық сақтау (31,4%), құқық тәртібі мен қауіпсіздік (26,6%), білім беру (26,3%), саяси және азаматтық еркіндік (20%).
Қоғам бағасының нашарлауы Demoscope сауалнамасының екі жылдық нәтижесін салыстырғанда анық білінеді. 2023 жылғы желтоқсанда да қазақстандықтар өмірдің маңызды салаларын бағалаған болатын. Динамикадағы деректер барлық бағыттар бойынша орташа 8%-ке нашарлағанын көрсетеді.
Ең көп сынға ұшырайтын сала – экономикалық жағдай. Егер 2023 жылы 33,4% оның нашарлағанын айтса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 46,5%-ке дейін өсті.
Бір қызығы, өмір сүру жағдайының нашарлағанына қарамастан, қазақстандықтардың көбі (58%) оптимизмін сақтап, 2025 жыл биылға қарағанда жақсы өтеді деп сенеді. Сонымен қатар, 14%-ы жаңа жыл шамамен осындай болады деп есептесе, 6,3%-ы 2025 жыл қиын болады деп күтеді, ал 21,7%-ы болжам жасауға қиналады.
Demoscope зерттеуі мемлекеттік шешімдерді қазақстандықтардың көп бөлігі қолдамайтыны әлеуметтің көңілі толмайтынын көрсетеді. Бұл факторлар болашақта наразылық көңіл-күйінің артуына және әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.