Бұл орталықты құру туралы меморандумға осы жылдың қыркүйек айында қол қойылған болатын.
Сәтбаев университеті мен Оңтүстік Кореяның компаниясы ғылыми-зерттеу орталығын іске қосуда
893
оқылды

Қазақстандық ғалымдар мен Кореяның Өнеркәсіптік технологиялар институты (KITECH) бірлесіп, сирек және өте сирек кездесетін жер металдарын тереңдете қайта өңдеу технологияларын әзірлеуге келісті.

Бүгін Алматыда Сәтбаев университеті Металлургия және байыту институтының ғалымдары мен Кореяның Өнеркәсіптік технологиялар институтының (Korea Institute of Industrial Technology) басшылары кездесіп, осы жобаны жүзеге асырудың жоспарын кезең-кезеңімен құрды.

Қазақстан сирек металдар қорына өте бай болғанымен, шикізаттың басым бөлігі тереңдете қайта өңдеусіз экспортталады. Бұл қосымша құнның құлауына және елдің технологиялық әрі инновациялық даму деңгейінің төмендеуіне әкеледі.

Сирек және өте сирек кездесетін жер металдары саласындағы технологиялық ынтымақтастық қарым-қатынас орталығы Қазақстанда пайдалы қазбаларды тереңдете қайта өңдеу бойынша инновациялық шешімдерді әзірлеудің негізгі алаңына айналады. Бұл сирек кездесетін жер металдарын өнеркәсіптік негізде өңдеуге мүмкіндік береді. Аталған жоба   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайту жөніндегі тапсырмасын іске асырудың маңызды кезеңі. Ал Орталықты іске қосу технологияларды трансферттеуді және әлемдік сирек металдар нарығында сұранысқа ие болатын қосымша құны жоғары өнім шығаруды қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Кореялық делегация болашақ Орталықтың өндірістік қуаттарын аралады. Сапар барысында кореялық делегация семинар өткізіп, қажетті жабдықтарды орналастыруға арналған ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының жай-күйіне жоғары баға берді. Семинар барысында екі жақ тараптар болашақ Орталықтың құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме нәтижелеріне бірлесе баға берді. Сондай-ақ жобаны іске асырудың одан әрі қадамдары көрсетілген ортақ хаттамаға қол қойылды.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан сирек және өте сирек кездесетін жер металдарынан жасалған өнімдердің қосымша құнын арттырып, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жоғары білікті кадрларды даярлауға жағдай жасайды. Сондай-ақ қазақстандық және кореялық ғалымдардың ынтымақтастық қарым-қатынасы Қазақстанның сирек және өте сирек кездесетін жер металдарын өндіру саласындағы позициясын нығайтып, қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Корея делегациясын KORAM және KITECH директоры Пак Кён Тхэ мырза басқарды. Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки, Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев, Сәтбаев университетінің Ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев және Металлургия және байыту институтының бас директоры Бағдаулет Кенжалиев қатысты.