Мәжілісте елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту туралы Үкімет сағаты өтті. Отырысқа вице-спикер Альберт Рау жетекшілік етіп, саланың жай-күйі туралы Көлік министрі Марат Қарабаев баян­дады.
Көлік-логистикалық әлеуетті дамыту өзекті
163
оқылды

Отырысты ашқан Альберт Рау Мемлекет басшысы алдағы үш жылда жалпы ішкі өнім құрылымындағы көлік-логистика саласының үлесін кемінде 9 пайызға дейін ұлғайту, саланы елдің экономикалық дамуының қозғаушы күштерінің біріне айналдыру міндетін қойғанын атап өтті.  

Марат Қарабаев батыс пен шығыс арасындағы жүк айналымы 216 млн тонна, ал солтүстік-оңтүстік бойынша 206 млн тоннаны құрайтынын, ақша айналымы 1 трлн АҚШ долларынан асатынын айтты. Аталған жүк көлемінің 93 пайыздан астамы су көлігімен, 4 пайызы теміржолмен тасымалданады.

– Қазір қарқынды дамып келе жатқан 2 өзекті транзиттік дәліз бар. Біріншісі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Оның өткізу қабілеті 6 млн тоннаны құрайды. Дәліздегі тасымал көлемі соңғы 4 жылда 800 мың тоннадан 4,1 млн тоннаға дейін көбейді. Осы уақыт ішінде жүктерді жеткізу мерзімі 58-60 күннен 13-15 күнге дейін қысқарды. Екіншісі – Солтүстік–Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі. Жүк көлемінің негізгі үлесі Ресейде қалыптасып, Парсы шығанағындағы елдерге тасымалдауға арналған. Жалпы, өткізу қабілеті жылына 10 млн тоннаны құрайды, – деді М.Қарабаев.

Ел аумағында 13 халықаралық дәліз жұмыс істеп тұр, оның бесеуі теміржол және сегізі автомобиль жолдарына тиесілі. Осы бағыттар арқылы былтыр 32 млн тонна транзиттік жүк тасымалданған. Министр 2030 жылға қарай тасымалдау көлемін 74 млн тоннаға жеткізіп, 2,3 есеге арттыру міндеті тұрғанын айтты. 

– Биыл 1 401 шақырым жол жөндеуден өтті. Тасымалдарды үзбеу және магистралді теміржолдардың қуаттылығын арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оның 2 800 шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды, – деді Көлік министрі.

Министрлік жолаушылар тасымалын дамыту бойынша да жұмыстарды жалғастыруда. Марат Қарабаевтың айтуынша, 2030 жылға қарай транзиттік жолаушылар санын 1 млн 500 мыңға, әуежайлардың жүк тасымалдау қуатын жылына 730 мың тоннаға дейін және ұшақтар паркін 119 бірлікке толықтыру есебінен тасымалдау қуатын 2,2 есеге арттыру жоспарланған.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов қосымша баяндамасында Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолын сапалы түрде реконструкциялауды тапсырғанын еске салды. Оның сөзінше, жергілікті жолдардың тек 31 мың шақырымына (44 пайыз) асфальт-бетон жабыны төселген. Ал қалған 39 мың шақырымына (56 пайыз) қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселген.

– «Қалбатау – Майқапшағай» тасжолын жөндеу 2019 жылдан бері бес жылға жуық уақыт жүргізіліп келеді. Бірақ жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Ұзындығы 412 шақырым болатын республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автожолы ең үлкен мәселе болып отыр. Осы учаскені жөндеу жұмыстарын аяқтауды жеделдету керек. Министрлік осы мәселелерді шешу жөнінде шаралар қабылдауы қажет, – деді Н.Сабильянов.

Сондай-ақ депутат әуекөлігі саласында әуежай жабдықтарының, техникалық құралдары мен инфрақұрылымының ескіруі, авиаотын құнының жоғары болуы, тиімсіз жоспарлау және ұшақтардың жетіспеушілігі мәселелері бар екеніне назар аударды. 

Жиынға қатысушылар баяндамашыларды тыңдаған соң тақырыпты талқылап, нақтылау сұрақтарын қойды. Депутаттардан бөлек «Қазақстандық жүк теміржол тасымалдаушылары қауымдастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы» ЗТБ бас директоры Рания Сараева, «Қазақстанның азаматтық авиация қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Ерлан Оспанов сөз сөйледі. 

Депутаттар «Жезқазған–Бейнеу» және «Бейнеу–Түркіменстан шекарасы» бағыттарының қазіргі жүктемесі мен тиімділігі, елден өтетін транзитті жүк көліктері мен айналма жол, рұқсат бланкілерін беру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, тасымалдаушыларға арналған экологиялық стандарттар және әуе тасымалындағы кедергілер, автомобиль және теміржол бойында интернеттің қолжетімді болуы, сондай-ақ жол бойындағы антенналық діңгек құрылымдарының құрылысы, көлік инфрақұрылымын жаңарту шаралары және басқа да мәселелерді көтерді. 

 Жиын соңында Альберт Рау көлік-логистикалық әлеуетті дамыту Қазақстан экономикасы үшін жылдар бойғы басым бағыттың бірі болып отырғанын ерекше атап өтті.

– Осы жылдар ішінде мемлекет тарапынан бұл салаға қыруар қаржы бөлінді. Қазақстан–Қытай шекарасында бізде іс жүзінде ешқандай өткел болған жоқ, порттар дамымады. Мұның барлығы мемлекеттен миллиардтаған инвестицияны қажет етті. Олар ел экономикасы үшін қызмет етуі қажет екенін бүгін депутаттар баса айтты. Сонымен қатар біз енді кез келген жағдайда мемлекеттік бюджетке жүгінбей, көлік-логистика саласына жеке инвестиция салудың барлық мүмкіндігін қарастыруымыз керек, – деп түйіндеді сөзін Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Ол Үкімет сағатында мазмұнды пікірталас болғанын, депутаттардың барлық сұрағы мен ұсыныстары Үкіметке жолданатынын айтты.

Кәмила ЕРКІН