Ол тұтас ақындар көшін жалғаған, күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып қайтарған, мықтылардың бәрімен қатар жүрген, қара үзіп алға шыққан, өлеңімен де, өмірімен де дараланған дарабоз еді.
Фариза кредосы: адамдықтан айныма
845
оқылды

Фариза патшалығын құрды. Өзі де биік еді, өлеңдерімен тіпті заңғарға айналды. Қоғам оның жасын жырларына қанықты, соқпағы бөлек сарынына сүйсінді. «Қазақ әдебиетіне келген бір топ шоғырдың ішінде оның үні бөлек естілетін» дейтін қатарластары ол туралы сыр шерткенде.  Ақын Ұлықбек Есдәулет Фариза ақын туралы: «Қазақ поэзиясында айрықша қолтаңбасымен дараланған Фариза Оңғарсынова – тұнық жырдың қайнарындай, ар-намыстың қайрағындай болған шығармашылығымен миллиондардың жүрегін жаулаған ақын» дейді.

Сол миллиондарды өлеңімен селт ет­кізген ақынның туғанына –  биыл 85 жыл. 25 желтоқсанда дүние есігін ашқан жыр падишасы Фариза туралы ақынның ең жақыны, жанашыры, немересі Анита Оңғарсыновамен сырластық. 

«Әжем бауырларын өзінен артық жақсы көрді, – деп бастады әңгімесін Анита.  – Өйткені он­ың екінші аты – мейірім еді. Кейін «Фа­риза» есімінің мағынасын іздеп көр­генімде «серт», «қарыз», «міндет» дегенді білдіретінін түсіндім. Ол кісінің өмірін осылай құруына есімінің де байланысы болған шығар деп ой түйемін», – дейді.

Анитаның әкесі мен анасы шаңырақ көтергенде келінді алғаш әжесі тұратын үйге алып келіпті. Бұл  1985 жыл болатын.  Әжесінің үйінде алғашқы немере де дүниеге келеді. Кіп-кішкентай бүлдіршінге «Анита» деп ат қойып, айдар таққан да қаламгердің өзі. 

«Мен әжем шаңырағында дүниеге келдім. Кішкентайымнан әжемнің қасында жаттым, сол кісінің қасынан бір елі қал­май­тынмын.  Әпкелерім «Ақ мама» деп айтқызып үйретті. Бірақ менің оған тілім келмей:  «Шах мама» деп атап кетіппін. Менен кейінгі бауырларым да маған қарап «Шах мама» десе, оған ашуланып, «мен ғана бұлай айтуым керек» деп бұртиып қалатынмын.  Мектеп табалдырығын  аттаған сәтім де есімде. Әжем менен: «Қай мектепке барғың келеді?» деп сұрады. Көкейінде орыс сыныбын таңдап кетеді деген қауіп тұрған болар. Сол кезде бірден: «Әже, мен қазақ сыныбына барамын» деп жауап бергенім есімде. Кейін жоғары сыныпта Астанаға көштік. Үйдің жанында қазақ мектебі болмаған соң орыс сыныбына баруға тура келді» дейді Анита балалық шағын тебірене еске алып. 

Ертегі әлеміне енген қыз

Анитаның ертегісі де, өлеңі де шах мамасымен байланысты. Сонау тіп-титтей кезінен әже ертегілерін естіп, әлдиіне бөленіп өскен бала сол бір суретке бергісіз әдемі кезеңдерді сағынады. Шах мамасы жанында, қазақ ертегілерінен бөлек, әлем классикасын да ойға түйіп өсті. 

«Балалық шағымды еске алсам, бір­інші әжемнің айтқан ертегілері ойға оралады. Көзілдірігін тағып алып, қолына қалам ұстап, стол үстінде жазу жазып от­ыратын  әжемнің бейнесі жадыма ор­ала­ды. Сабақтан келе салып, тықылдап, әжеме әңгіме айтатын едім. Мектептегі қызықтар, спектакль қоятынымыз, балалармен арадағы диалогтарды тоқтамай айтып беретінмін. Менің сөзімді қызық көре ме, әжем сөзімді бөлмей тыңдайтын. Қолында қойын дәптері болатын. Соған бір нәрселерді түртіп жазып отырады. Әжемнің ертегілері сан алуан түрлі бола­тын. Қазақ, түркі, әлем әдебиетінің аңыз-әңгімелерінен үзінді айтып береді. Ең сүйікті ертегілерімді жиі айтатын. «Алдар көсе», «Қожанасыр», «Асан мен Үсенді» қызығып тыңдайтын едім. Кей-кейде еркелетіп, өзім туралы ертегі бастайтын.

Сонда әжем: «Ерте-ерте ертеде, Анита дейтін ханшайым болыпты...» деп бастайтын еді. Қазір қарасам, дүниеде мені ерекше жақсы көрген әжем екен. Еркелігім, ерекшелігім болса, әжемнің арқасы», –  дейді немересі. 

Оқырманға, өлеңсүйер қауымға Фариза апай қатал, сұсты көрінетін-ді. Бұл біздің байламымыз. Ал жанына жақын жүрген жандардың бәрі қаламгердің өте мейірімді, мейірбан болғанын жиі айтады. Ал әже немереге тіптен жұмсақ болған секілді. 

«Әжемді қатал көретіндер бар. Тіпті, қатал көрінетіні де анық. Бірақ шын мәні­нде әжемнен жұмсақ кісі жоқ. Кісілерді алалап, бөлген емес. Шах мамамның интуициясы өзгеше, адамды бір көзқа­расынан танып қояды. Мүмкін, содан қатал көрінетін шығар. Бала кездегі мына нәрсе қатты есімде қалып қойыпты, үй телефонына әлдекім қоңырау шалып,  «Фариза апаны бола ма?» деп  сұрайтын. «Кім сұрап жатыр?» десеңіз, бәрі бірдей «інісі, сіңлісі» деп жауап беретін. Әжем елдің түкпір-түкпірінен қоңырау шалып, хабарласқандардың бәрін туғанындай көрді. Бауырындай бауырына басты. Мейіріммен қарады. Дүниенің бір шетінде бір адам қиналып жатса, әжем көмек қолын созуға ұмтылатын. Кейде балалық оймен «Неге бейтаныс адамдарға көмектесе бересіз?» деп те сұрайтынмын, сол кезде «Алладан қайтады маған» деп қана жауап беретін еді. Кейде сыртынан қарап отырып, әжемдегі соншама мол көл-көсір  мейірім қайдан табыла береді деп ойлайтын едім. Жақынына да бұлай қарамайды ғой дейтін едім»...

Анитаның айтуынша, әжелері бұларға ерекше тәрбие берген сияқты. Жауапкер­шілік, адалдық, әділдік, намыс, қайрат – бәрі-бәрі әже тәрбиесімен сіңген. «Біреудің ала жібін аттамау» – ең бірінші ұстанған қағидасы. Мінезінің ашықтығы, турашыл­дығы әжесінен аумайтынын айтады. 

«Адамзаттың бәрін сүй – бауырым деп»

«Менің әжем он ағайынды болған екен. Әжем – үйдің кенжесі. Үлкендерінің бәрі ерте қайтыс болған. Бірі жасөспірім шағында кетсе, енді бірі сәби кезінде шетінеген. Сол он баладан ағасы Махиз бен әжем ғана қалыпты. Ағасынан сегіз бала бар. Соның бірі менің әкемді бауырына басқан. Ағасынан туған бауырларының бәрі әжемді «папа» дейді екен. Олар да «апа» дегенге тілі келмей, «папа» деп кетіпті. Бауырларына «папа» болған мейірімді жан мен үшін өмірбақи «шах мамам» боп өтті» дейді Анита.

Өлең падишасы болған соң үйде ән-жыр, өлең оқылмай тұрмайтыны белгілі. Фариза Оңғарсынованың шаңырағы да береке-бірлігі тасыған, қонақжай шаңырақ болды. Елдегі ағайыннан бөлек, қалам­герлер де үйіне жиі бас сұғыпты. Оның бәрі немерелерінің көз алдында із боп сайрап жатыр.  

«Әжем үйде өлеңдерін көп оқи бер­мейтін. Шығармашылық кештері де жиі ұйымдастырылып тұрды. Біріне қатыссам, кейбіріне қатыса алмадым. Бір кеші Астана қаласында өтті. Ол кезде мен Алматыда тұратын едім. Мен ұяң болып өстім. Бір рет қана үйге келген қонақтар алдында бірінші рет әжеме арнап «Асыл әжем» әнін орындап бердім. Өлеңдерін мектеп кештерінде, әртүрлі мерекелік шарада жиі оқитынбыз. Мен ғана емес, сыныптас­тарым да әжем өлеңдерін жақсы көрді. Жатқа оқитындар да көп болды. Кейін әжем Астанаға кетті. Сосын әжеммен бір­ге мен де кеттім. Ол кезде 8-сыныпқа көшкен кезім еді», – дейді Анита.

Әжелерінің бүкіл мұрасына әкесі мен Алмагүл әпкесі ие болып отыр. «Айтәте» деп еркелететін әпкелері ақын шығарма­шылы­ғына жауапты жандардың бірі. Фариза апай қайтқалы түрлі іс-шара өт­кізіліп, шығармашылық кештер өткізіліп жатыр. Шах анасының мұрасы бүлінбей, өлең патшалығы салтанат құрып жатқанына Анита да дән риза. Қоғам ұмытпаса, ақын өлеңдерін жастар жақсы көрсе, немере үшін одан асқан бақыт бар ма?  

«Әжеме арнап Атырауда ескерткіш қойды. Көшелерге шах маманың есімі беріліп жатыр. Алматы мен Астана қала­ларын­да көше атаулары бар. Мұның өзі – зор қуаныш. Әже абыройы асқақтап тұрса, біз соған қуанамыз. Биыл Атырауда әжем атына көше беріледі деп еді. Жыл соңына дейін беріп қалар деп күтіп отырмыз. Мүмкін, биылғы мерейтой аясында өткізілетін жақсы іс-шараның бірі сол болар», – дейді немересі. 

Фариза туралы айтылар жыр да, сыр да көп

«Әжем қайтқаннан кейін ол кісі туралы шығармалар жазылып, естеліктер айтылып жатыр. Тіпті, спектакль де қойылды. Пьеса авторы – Роза Мұқанова. Спектакльді Алматыда көрдім. Маған ұнады десем де болады. Не ұнағанын кейін ой елегінен өткізіп көрдім. Спектакльдегі ең озық дүние  – актерлердің ойыны. Шах мамам – ешкімге ұқсамайтын, жан дүниесі бөлек, ерекше жаратылыс иесі. Ішіне бүккен құпиялары да болған шығар. Бірақ кішкентай немересі маған оның бәрін айта бермейді ғой. Көп дүниесін ішке бүкті, жүрегінде сақтады. Жақын достары көп болды ма деген ой келеді. Мен жақсы білетін адам Заманбек Нұрқаділов еді. Ол қайтыс болғанда әжем қатты қайғырған еді. Әбіш Кекілбаевпен де жақын араласты. Тіпті, өмірбойы жақсы дос болды деп ай­туға болады. Әжем құрметтеген, сыйлаған, айрық­ша қадірлеген жан көп. Оның бәрі әжем туралы жазбаларда айтылды, жазылды да. Ақын қыздардан гөрі ер-азаматтармен көбірек араласты. Тіке сөйлеп, тіке айтқанды жақсы көретін. Мүмкін, содан болар, ер-азаматтармен көбірек сыйласты» дейді Анита.

«Анита» деген есімді де әжесі таңда­ғанын айттық. Қазақтарда көп кездесе бермейтін есім. «Анита» сөзінің мағынасы туралы сұрағымызға, Анита мейірлене жауап берді.  

«Мұның өзі бір тарих. Әжемнің тұңғыш немересімін. Сондықтан маған бірінші А әрпінен, дауысты дыбыстан басталатын есімдер тізімін жасаған екен. Сол тізімнің ішінде Ариана, Андриана, Андромеда деген есімдер болған. Мен дүниеге келуім­нің алдында әжем айына бір шығатын «Лон­дон» деген журналға жазылған екен. Сол кезде мұқабада ағылшын жазушысы туралы жазылған екен. Есімі – Анита. Те­гін ұмытып тұрмын. Сонда әкемді шақырып алып, «Анита» деп қойсақ қалай қарайсың?» деп сұрапты. Әкем де әжеме көп қарсылық көрсете қоймайды ғой. Содан «Анита» аталып кеттім. Әкемнің де есімін әжем қойған. Әкемнің аты – Айвар. Оны да шетел әдебиетінен алғаны көрініп тұр. Шетел жазушысының кейіпкерінен алғанын айтатын» дейді.

Анита да, бауырлары да көркем әде­биетті жақсы көреді. Бұл әжелерінен жұққан қасиет болса керек. 

«Мен әдебиетті көп оқимын, әсіресе шетел әдебиетін. Бірақ сіңлім Әнел поэ­зия­ны керемет жақсы көреді. Арамызда бірақ қалам ұстап, әжем сияқты жаза­тындар жоқ. Қойын дәптері көп дедім ғой, соның бәрі қазір әкемде, Алмагүл әпкемде бар, сақтаулы тұр. Кейбір өлеңдері неміс, ағыл­шын тілдеріне аударылды. Балаларға арнап жазған шығармалары да кітап боп жарық көрді.  Әлі де шығып жатыр. Көп­томдығы жарияланды. Барлық кітабында әжемнің өмірі, ізі сайрап жатыр. Әжем ауырғанда үнемі жанында болдым. Өмірінің соңғы күндерін қасында өткіздім десем де болады.  Жиендері өмірге келгенде қат­ты қуанды. Әжемнің көңілін көтеру үшін жұмыста отырып, интернеттен түрлі анекдот іздеп, басып шығарып аламын да, үйге келіп оқып беретінмін. Оның көңіл күйі үйдегі бәрі­мізге әсер ететін. Егер әжемнің көңіл-қошы болмай тұрса, әкем бірінші мені жіберетін. 

Мейірімі бөлек әже болмысын жадымда сақтап қалдым. Әже – мен үшін ең биік шың. Ол поэзия падишасы ғана емес, біздің де жүрегіміздің патшасына айналды. Әбіш ата бір жазбасында: «Маған Құрман­ғазы өлең жазса, өзіне қай жағынан да жақын тұрған Махамбетше емес, бүгінгі Фар­изаша жазатын сияқты, ал егер Фариза аяқ астынан композитор боп кетсе, тап Құрманғазыша сілтейтін тәрізді боп көрінеді де тұрады. Егер суретші болсам, бұл екеуінің көзінде тебіренген терең мұң­нан ытқып шыққан мөлдір тамшы көз жасы мен ытырынған ызаның ойнақ­шыған шоқ ұшқынын қатар бейнелер едім. Бір-біріне қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын күйректік пен өткірліктің, нәзіктік пен жігердің, қасірет пен қайраттың мұндай үйлесімі рух болмысының ең тұңғиық драматизмін дәл ұстай алатын ұлы суреткерлерде кездессе керек» деп жазып еді. 

Менің әжем – нәзіктік пен тереңдіктің символы. Жанымда, жүрегімде, жадымда мәңгі сақталады. Фариза деген есім – серт, қарыз, міндет деген мағына білдіретіні тегін емес шығар. Біздің ендігі серт – Фариза есіміне дақ түсірмеу. 

Құрметім бөлек, жан бөлек, әже рухының алдында басымды иемін. Елі құрметтеген, оқырманы падиша тұтқан ақынның жаны жәннатта болсын деп тілеймін».

Анита мөлдіреп келіп қалған жас тамшысын жасырғандай, жүзін бізден бұрып алды. Біз қалың оқырманы жақсы білетін Фариза апай туралы тағы бір әдемі естелікті жадымызға түйіп, ерекше толқыныспен қайттық.

Әдебиет әлемінде орны бар, рухы бөлек Фариза ақынның жан әлемі, жыр әлемі мәңгілік. «Тұнық жырдың қайнарын­дай, ар-намыстың қайрағындай» Фариза жыр жалғаса бермек!

Гүлзина БЕКТАС,

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ