Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алудың заманауи психологиялық бағыттары: теориясы мен практикасы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Зомбылық түбі – қорлық
128
оқылды

Кейінгі кездері қоғамдық резонанс тудырған маңызды мәселені арқау еткен жиынға қазақстандық және шетелдік белгілі психологтер, ғалымдар, сарап­шылар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Конференцияда көптің көкейіне сауал туғызған отбасылық зорлық-зомбылықтың өзекті мәселелері, оның шығу себептері мен салдары, сондай-ақ үрей тудырған фактілерді алдын алудың әдістері талқыланды. Халықаралық жиынның шымылдығын ашқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универ­ситетінің ректоры,  Президент жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Гүлмира Қанай биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтетін психология ка­фе­дра­сының іс-шараны университет қабырғасында өткізуінің өзіндік маңызы бар екенін жеткізді. 

Жиын барысында  Парламент депутаты Айна Мусралимова құттықтау сөзінде халыққа психологиялық көмек көрсету сапасын арттыру және психологтердің қызметін реттеу үшін заңнамалық база құру мәселесіне, оның ішінде ҚазҰҚПУ психология кафедрасы ғалымдарының қатысуымен жүргізіліп отырған жұмыстарға баса назар аударды. 

Былтыр жыл соңында «Психологиялық қызметке көмектесу мен дамытуға» бас­ымдық беру мәселесін көтерген «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының мұрындық болуымен өткен жиында халықаралық сарапшылар мен жетекші ғалымдар бү­гінгінің өзекті ахуалына қатысты пікірін білдірді. Олардың қатарында Суат Кылы­чарслан (Түркия), Котра Кришна Мохан (Қазақстан), Татьяна Листопад (Эстония) және тағы басқа шетелдік өкілдер бар. Эстониялық Татьяна Листопад өз сөзінде Еуропадағы отбасылық зорлық-зомбы­лықты болдырмау бағдарламаларын іске асыру туралы тәжірибесін бөліссе, Түркия мемлекетінің өкілі Суат Кылычарслан отбасы психологиясы саласындағы көпжылдық зерттеулеріне сүйене отырып, отбасылық зорлық-зомбылықпен күресудің заманауи бағыттарын ұсынды.

Одан өзге, Ұлттық ғылым акаде­миясы­ның академигі Зарема Шәукенова оқу ордасынан тәлім алған студенттерді білім нәрімен сусындатып, университеттің дамуы­на жылдар бойы сүбелі үлес қосып келе жатқан психология ка­фе­драсы ұжым­ын мерейтойымен құттықтады. Ол кафе­др­а­ның жартыға­сыр­лық жолы – оқыту­шылар мен ғалым­дард­ың еселі еңбегінің жемісі екенін атап өтті. 

– Бүгінде «Психология» саласы – қоғам үшін аса маңызды және өзекті мамандық. Әсіресе, білікті мамандарды даярлау қазір ерекше рөлге ие. Былтыр «АMANAT» пар­тиясы халыққа психологиялық көмек көрсетудің тиімді институтын құру мәселесіне ерекше назар аударды. Жыл бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті психология кафедрасының қолдауымен осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Ал университет қабырға­сында өтіп жатқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Эстония, Қырғызстан және Түркиядан келген спи­­кер­лер қатысып отыр. Жоғарыда атал­ған мамандардың бала тәрбиесі мен ата-аналармен жұмыс істеу саласында тәжірибесі мол. Олар жиында өз тәжірибе­лерімен бөлісіп, пікір алмасуда. Онымен қоса, конференцияға студенттер де қатысты. Бұл іс-шара білім алушылар үшін пайдалы ақпаратқа толы әрі болашақта іс жүзінде қолдануға қажетті тәжірибе береді, – деді  Ұлттық ғылым академиясы­ның академигі, профессор Зарема Каукенқызы.

Жарты ғасыр уақыт аралығында кафе­дра­ның еліміздегі отбасы психо­логиясын дамытуға іс жүзінде елеулі үлес қосқанын айтқан университет профессоры, психология ғылымдарының докторы Хорлан Шерьязданқызы оқу ордасының бірқатар жетістігін де тізіп өтті.

– Психология кафедрасында қызмет етіп келе жатқаныма 45 жыл уақыт өтті. Иә, бұл кафедрада менің бүкіл өмірім өтті. Психология мамандығы универ­ситеттің білім беру жүйесіне 1997 жылы қосылды. Сол уақыттан бері біз мемле­кетіміз үшін жоғары білікті психолог мамандарын даяр­лауды бастадық. Пси­хология маман­дарының өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін арттыруға, еліміз үшін жоғары дәрежелі мамандарды даярлауға өз үлесімізді қостық. Мен психология ка­фе­драсының 50 жыл ішінде үлкен жетістіктерге жеткенін ерекше атап өткім келеді. Осы уақыт ара­­лығында біздің кафедра  маңызды істер атқарды. Біз көптеген мемлекеттік жобаға қатысып, оларды білім беру жүйесіне енгіздік. Мұн­дай жетістіктеріміз – кафедраның кәсіби шеберлігі мен ұжымдық еңбегінің нәтижесі деп білемін, – деді Хорлан Тоқтамысқызы.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған іс-шара отбасылық зорлық-зом­былық мәселесін теориялық тұрғыдан тал­қылап қана қоймай, мәселені шешудің заманауи әдістерін тәжірибелік деңгейде қарастыруға бағытталған. Сондықтан конференция халықаралық тәжірибе алмасу мен қауіпсіз орта құру үшін маңызды платформа саналады. Естеріңізге салсақ, биыл 16 маусымда әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жаңа заң күшіне енген  еді. Ресми құжаттың заң жүзінде іске асырылуы – отбасы институтын нығайту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы маңызды қадам.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы