Жақында Парламент депутаттары жоғарыдағы заңның кем-кетігін анықтап, түзетулер енгізу бойынша тағы бір мәрте талқыға салған. Өзекті мәселеде халықтың пікірі екіге жарылды. Біреулер бұралқы иттерді атып, көзін жою қажет десе, енді біреулер жануарларға жауапкершілікпен қарап, қоғамда заңның сақталуы керек деп есептейді.
Депутаттар тек осы жылдың тоғыз айында ел ішінде 42 мыңнан астам адамды ит қапқанын атап көрсетті. Әрине, бұл санның артында құзырлы органдар мен жергілікті әкімдіктер әрекетінің жеткіліксіздігі мен ең алдымен заңға өзгерістер енгізу жайы басы ашық күйде тұр. Дегенмен заң шеңберінде тиісті нәтижеге жете қою үшін де қаңғыбас жануарларды уақытша болса да ұстайтын арнайы орындардың жоғы да аян. Бұралқы иттер айналасындағы дау Ақмола облысында да өзектілігін жоймай, керісінше күн санап қоғамның ащы жанайқайын тудырып тұр. Жақында облыс орталығы – Көкшетауда көше бойында атып өлтірілген иттердің жайрап жатқаны жайлы жануарларды қорғаушылар мәселе көтерді. Жергілікті билік бұл іспен құқық қорғау органдары айналысып жатқанын, алдағы уақытта облыстың барлық ауданында жануарларды уақытша ұстау бекеттерін салу жоспарланғанын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның мәліметінше, 2022 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енгеннен кейін бұралқы иттер мен мысықтарды аулау толықтай тоқтатылған. Бұл қаңғыбас жануарлардың, әсіресе иттердің шамадан тыс көбеюіне жол ашқан. Тек биылдың өзінде бұралқы иттер санын реттеуге облыс бюджетінен 96,5 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері облыс аумағында 6 мыңнан астам бұралқы ит ауланған. Дегенмен ит талап ауруханада дәрігер көмегіне жүгінген тұрғындар саны да азаймай отыр. Тек соңғы 10 айдың ішінде облыс аумағында 1 750 адамды ит қапса, оның 409-ы Көкшетау қаласында тіркеліп отыр.
Әлеуметтік желіде Көкшетау қаласының бірнеше бөлігінде ит атып жатқаны туралы видеолар желдей ескен. Жануарлар жанашырларының мәліметінше, оларға осындай атыстан кейін итін таба алмай қалған қала тұрғындары хабарласқан. Жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері иттер өліп жатқандықтан, оқ ішінде у болды деп есептейді. Ал бұған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес тыйым салынған.
– Иттерді тіпті балалардың көзінше атып тастайды. Балалар өз иттерін құтқарып қалмақ болған. Бірақ ол өлді. Екінші бір ит оның қанын жалап, содан кейін сал болып қалды. Міне, екі аптадан бері күтудеміз. Иә, көшеде иттердің көбейіп кеткенін түсінеміз. Бірақ бөлінген қаражатқа ештеңе істелмеген, – дейді волонтер, жануарлар қорғаушысы Ангелина Мелетенко.
Дегенмен желіде мәселені талқыға салған халықтың пікірі екіге жарылған. Біреулер бұралқы иттерді ату керек десе, біреулер жануарларға адамгершілікпен қарау қажет деген пікірлерін білдірген.
– Әрине, мәселе аса өзекті. Облыста заң регламентінің сақталуы бойынша бірқатар шара қабылданып жатыр. Бүгінде иттер мен мысықтар ауланатыны рас. Соңғы шағымдар «Жайлау» шағынауданында болды. Аталған жағдайлар бойынша қазір тексеріс жұмыстары жүріп жатыр. Іске ішкі істер органдары да қосылды, – деп атап өтті Мұрат Балпан.
«Шанс на спасение» қоғамдық ұйымының жетекшісі Антон Малийдің айтуынша, жануарлар қорғаушылары полицияға арыз жазғанымен, іс сол күйі қозғалмаған.
– Олар «ветеринария ұйықтататын дәрі беріп атқан» деп істі жауып тастады. Тіпті, біз оқтарды жібергенімізбен, оған сараптама да жасалған жоқ. Куәгерлерден сұрап, камераларды да қараған жоқ. Осыдан кейін біз қылмысты жасырушылыққа прокуратура мен Полиция департаментіне арыз бердік. Полиция департаменті оны сотқа дейінгі істі бастау үшін Көкшетау қаласының Полиция басқармасына жолдады. Бірақ материалды кері қайтарып, қылмыстық құрамды сол күйі қараған жоқ, – дейді Антон.
Ақмола облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі Жайлау шағынауданында иттерді ату фактісі жөнінде түскен өтініш бойынша тексеріс жүргізілгенін хабарлады.
– Көкшетау қаласы ветеринарлық стансасымен шағынаудан тұрғындарынан және №21 орта мектептің директорынан түскен көптеген жазбаша өтініш бойынша азаматтардың өмірі мен денсаулығына, оның ішінде мектеп оқушыларының өміріне қауіп төндіретін бұралқы иттерді ұйықтату шаралары жүргізілгені анықталды. Сонымен бірге аталған шаралар бекітілген талаптарға сәйкес жүргізілгені Көкшетау қалалық ветеринарлық станса басшысының әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмағаны анықталды, – деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов бүгінде қаңғыбас жануарлар бойынша тендерді жеңіп алған жеткізушінің мемлекеттік тапсырысты жауып тастауына байланысты бұл мәселеге тек ветеринарлық станса жауап беретінін атап өтті.
– Қазір жыл соңына дейін аз ғана уақыт қалды. Кішкентай сомаға конкурс жариялағанымызбен, ешкім қатысқан жоқ. Бұл міндетті ветеринарлық стансаға жүктеуге мәжбүр болдық. Бірақ олар ит қапқан немесе шабуыл жасаған жағдайда арыз бойынша ғана шыға алады. Олармен учаскелік инспектор мен әкімдік қызметкері бірге барады, – деп түсіндірді Талғат Жүнісов.
Депутаттар күн тәртібінде тұрған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды тағы бір мәрте талқыға салды. Қызу пікірталас кезінде жануарларды аулағаннан кейін 15 күн ішінде иесі келіп алмаған жағдайда эвтаназиялауды енгізу туралы ұсыныс енгізілді. Бұл ұсынысты жақтаушылар тек осылайша ғана көше кезген бұралқы иттердің санын азайтуға болатынын айтады. Ал қарсы дауыс бергендер «Аулау, стерильдеу, екпе егу және кері қайтару» бағдарламасының өз міндетін орындауға қауқарлы деп санайтынын, сондықтан үй жануарларын тастап кеткендерге жоғары жауапкершілік енгізуді ұсынды.
– Олар эвтаназияны енгізгісі келіп отыр. Іс жүзінде заңмен заңның күшін жоймақ. КСРО кезінде де, тәуелсіз Қазақстанда да дәл солай иттерді ататын. Бірақ мәселе шешілген жоқ. Көшелерде бұралқы иттер осы «аулау, стерильдеу, екпе егу – босату» бағдарламасы бойынша сапалы жұмыс істеген жағдайда ғана болмайды. Екі жыл ішінде саны азаюы тиіс. Біріншіден, стерильденген иттер топқа қосылмайды. Олар қалада азайып келеді. Екіншіден, олар көбеймегендіктен, жаңа ұрпақ болмайды. Көшедегі бұралқы иттерді тұрақты түрде тамақтандырмаса, іс жүзінде бір-екі жыл ғана өмір сүреді. Негізінен, барлық тасталған ит алғашқы қысқа шыдай алмайды, – дейді волонтер Ангелина Мелетенко БАҚ өкілдеріне берген жауабында.
Волонтер көп күшік осындай қымбат стерильдеуге байланысты көшеге тасталады деп санайды. Өйткені Көкшетау қаласында бір күшікті итті стерильдеу 35 мың теңге тұрады. Мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді.
– Күшіктерді тастап кету мәселесін түпкілікті шешу үшін жеңілдікті стерильдеуге қаражат бөлінуі тиіс. Өйткені оны жүргізуге бәрінің мүмкіндігі жоқ қой. Тым болмағанда айына бір рет осындай акция жүргізілсе жөн болар еді. Дамыған елдерде де үй жануаларын лақтырып тастағаны үшін үлкен айыппұл салынады, – дейді Ангелина Мелетенко.
Облыс әкімінің орынбасары бұралқы иттер жағдайын тұрақтандыру үшін қала және аудан әкімдіктері жануарларды уақытша ұстау бекеттерін салу мәселесі қаралып жатқанын атап өтті.
– Біз бүгінде әрбір ауданда жануарларды уақытша ұстау бекеттерінің құрылысы бойынша шараларды қабылдауды ұсынып отырмыз. Типтік жобалар істелді. Бірақ ол қымбатқа түседі. Дегенмен алғашқы қадамдар жасауымыз қажет. Басқа амалымыз да жоқ, – деді Мұрат Балпан.
Осыған дейін Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин бұралқы иттер мәселесін шешудің бірнеше жолы туралы атап өткен еді. Оның айтуынша, біріншісі жоғарыда аталғандай аулау, стерильдеу және қоршаған ортаға қайта жіберу болса, екіншісі қайтарусыз аулаудың өзі екі түрге бөлінеді. Біріншісі өмір бойы ұстау болса, екіншісі – эвтаназия жасау. Сонымен бірге заңда бұралқы иттер санын азату және осымен байланысты қауіптер мәселесі де талқыға түсуде. Депутат та өз сөзінде бұралқы иттер тағдыры бойынша халықтың пікірі екіге жарылып отыр.
– Иттерді қайтарусыз аулауды қолдайтын адам көп. Олардың өз келтіретін дәйектері мен уәждері бар. Бірқатары иттерге екпе салып, стерильдеп, жібере салу қажет деп есептейді. Иелері бар иттерге келсек, 2021 жылғы заңда иелерінің жауапкершілігін реттейтін бап болғанымен, қазір бұл бап жұмыс істемейді. Қазір осы бапты қосу мәселесі қаралып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша елімізде 300 мыңнан астам бұралқы ит бар. Олардың бәрін бір мезетте аулап стерильдеу үшін 15 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет. Онымен қоса, жыл сайын екпе жүргізу қажет. Сондықтан біз мемлекеттік бюджетке қосымша жүктеме туғызбау мәселесін де ескеруіміз қажет, – дейді Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин.
Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық бақылау комитетінің Биоқауіпсіздік және ерекше қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Жанат Жамалбекова жыл сайын бұралқы иттердің 50-60 мың адамды қауып алатыны жөнінде қорқынышты статистиканы жеткізгенін атап кеткен жөн.
– Елде жыл сайын құтыруға қарсы 200 мыңнан астам екпе бөлінеді. Өкінішке қарай, бұралқы иттерден жапа шеккен адамдар саны ұлғайып келеді. Жыл сайын 50-60 мыңға дейін адамды ит қауып жатыр. Биылғы 10 ай ішінде ғана 44 мың адамды ит қапқан. Бұл, әрине, тек медициналық көмекке жүгінгендері ғана. Іс жүзінде бұдан әлдеқайда көп болуы да мүмкін, – дейді Жанат Жамалбекова.
P.S.
Түйткілді мәселе қоғамның да, Парламенттің де ұзақ уақыт талқысына түсті. Бірақ күні бүгінге дейін елде үй жануарларын стерильдеуге міндеттейтін заң да болмай шықты. Бірыңғай бекітілген жүйе жоқ. Асылтұқымды иттерді сататындардың қызметін реттейтін ереже де жоқ. Заң енгізілгенімен, жануарларды уақытша ұстайтын орынның өзін әзірлей алмай отырмыз. Сондықтан жоғарыдағы түйткілдерді шешу үшін біріншіден заң қағидаларын дереу арада жүйелеп, содан соң қорытынды шығару қажет сияқты.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы