Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң мен оған ілеспе түзетулерді және пошта туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ екі құжатты ратификациялады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова заң жобасы Президенттің «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократияландыру жөніндегі шаралар туралы» Қаулысы негізінде әзірленгенін айтты. Түзетулер артық әкімшілік реттеуді азайтуға мүмкіндік береді.
– Осылайша, мемлекеттік органның шешімдерді қабылдау және қабылдау процесін жеделдету, оның ішінде тиісті тәртіпті айқындайтын нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезінде өкілеттіктерін кеңейту арқылы аса маңызды қоғамдық қатынастарды жедел жүзеге асыру мүмкіндігі пайда болады. Денсаулық сақтау саласындағы артық әкімшілік реттеуді қысқартуға және денсаулық сақтау саласындағы рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған нормаларды дебюрократизациялауға жол ашылады, – деді министр.
Мемлекеттік органның арнайы құзыреттері мен өзге де нақтылайтын нормалары бұдан былай заңға тәуелді актілер деңгейінде белгіленетін болады және оларда мемлекеттік органдардың заңнамалық нормаларды іске асыру жөніндегі өкілеттіктері жазылатын болады.
Депутат Дәулет Мұқаев баяндамасында заң ережелерін іске асыру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қызмет саласын оңтайландыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Сонымен қатар депутаттар түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялады. Келісімге мемлекет басшылары 2022 жылы 11 қарашада Самарқанд қаласында қол қойған болатын. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев негізгі Келісімге 10 өзгеріс енгізу қарастырылғанын, оның бірі ұйымның атауы мен нысанын өзгертуге бағытталғанын атап өтті.
– Хаттаманың баптарында негізгі Келісімнің атауын «Түркі мемлекеттері ұйымын құру туралы Нахчыван келісімі» деп өзгерту, «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп аталатын толыққанды халықаралық ұйым құру көзделген. Сондай-ақ түркі интеграциясы шеңберіндегі ұйымдарды екі санатқа бөлу қарастырылады: сабақтас органдар ретінде ТҮРКСОЙ мен ТүркПА айқындалып, үлестес ұйымдар ретінде Түркі академиясы мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры көрсетілді, – деді Ә.Бақаев.
Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская хаттаманы ратификациялау Қазақстан Республикасы үшін бауырлас халықтармен өзара тиімді қарым-қатынастың және еліміздің түркі әлеміндегі көшбасшылық ұстанымын нығайтудың берік негізі болатынына назар аударды.
Бұдан соң депутаттар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелу баждарының сомаларын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов хаттамада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен кедендік баждар бойынша есеп айырысуды 2 жыл мерзіміне Ресей рублімен аудару жөніндегі өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Депутат Мархабат Жайымбетов өз баяндамасында уақытша механизм енгізудің себебі ретінде Ресей мен Беларусьпен АҚШ долларымен есеп айырысудан бас тартуды атап өтті. Уақытша өзгерістер енгізу ЕАЭО елдерінің бюджеттеріне кеден баждарын үздіксіз аударуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы отырыста «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң мен оған ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Заң Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленген.
– Түркістан қаласына ерекше мәртебе берудің негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары айқындалады, Түркістан қаласының аумағында тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қамтамасыз етіледі; орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Түркістан қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілеттіктерін қайтадан қарастырып, жаңа құзырет беріледі, – деді жұмыс тобының жетекшісі Темір Қырықбаев.
Ілеспе түзетулерде сәулет, құрылыс және қала құрылысы қызметін нормативтік реттеуге және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғауға бағытталған 1 кодекс пен 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Келесі кезекте депутаттар «Пошта туралы» заңға пошта байланысы нарығын дамытуға бағытталған парламенттік түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева цифрлық технологиялардың арқасында тиісті пин-код немесе куар-код болған кезде үшінші тұлғаларға поштаны қабылдап алу мүмкіндігі берілетінін айтты. Сонымен қатар бұл тауарды маркетплейстерден пошта бөлімшесіне және үйге жеткізуді жеңілдетеді.
– Жобада сәлемдемелерді қабылдау үшін поштаматтарды орналастыру және пайдалану тәртібі көзделеді. Пошта инфрақұрылымын сақтау бойынша нормалар қабылданды. Пошта филиалдары жабылған кезде оператор бұл туралы жергілікті атқарушы органдарға жабылғанға дейін 3 ай бұрын хабарлауға тиіс. Ұлттық пошта операторы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды, жеткізумен және сақтаумен айналыса алады, – деді депутат.
Сонымен қатар жеке тұлғаларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуға арналған «әлеуметтік әмиянға» құқықтық мәртебе беріледі.
Жалпы отырыс соңында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның биылғы жұмысын қорытындылап, 2024 жыл Парламент Мәжілісі үшін де нәтижелі болғанын атап өтті.
– Жыл басынан бері біз Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмаларын орындау үшін бірқатар маңызды заң қабылдадық. Әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған конституциялық нормалар биыл толық іске асырыла бастады. Қабылдаған заңдардың нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз, – деді Е.Қошанов.
Спикер осы сессия басталғалы палатаның қарауында 106 заң жобасы болғанын, оның ішінде 37 заңды қабылданып, 19-ына Президент қол қойғанын айтты. Қоғамның дертіне айналған түйткілді мәселелерді шешу үшін қабылданған заңдарға тоқталды. Оның ішінде ойын бизнесі, вейпке тыйым салу, есірткі қылмыстарымен күрес, тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы және басқа да заңдар бар.
– Келер жылы да осы қарқынды сақтауымыз қажет. Ең бастысы, халқымыздың әл-ауқатын арттыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы әрдайым басты назарда болуға тиіс. Жуырда біз өңірлерге іссапарға шығамыз. Басты мақсат – жергілікті жерлердегі сайлаушыларға қабылданған заңдардың мән-маңызын, істеліп жатқан жұмыстардың жай-жапсарын жеткізу. Сонымен бірге олардың өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанына көз жеткізіп қайтуымыз керек. Алыс ауылдарға, еңбек ұжымдарына барып, елді толғандырып жүрген проблемаларды біліп, әдеттегідей оларды Үкімет назарына жеткізуге тиіспіз, – деді Е.Қошанов.
Жалпы отырыста Мәжіліс аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа қабылдады.
Мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 13 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-каналында жарияланды.