Шынында, заң ережелері адамды шектеуге емес, қорғауға қызмет етуі керек. Әрбір бұзылған заң – мемлекеттік институттарға көрсетілген қоқан-лоқыдан бөлек, азаматтардың ары мен намысын аяққа таптаумен тең екенін ұмытпағанымыз жөн. Осыны анық түсіну қоғамдағы өзара құрметтің өзегін қалыптастырады. Ал әрбір азамат заң ережелерін құрметтеген сайын көршісіне, әріптесіне, айналасын қоршаған адамдарға деген ықылас-пейілін паш ете түседі. Мысалы, көлік жүргізу ережесін берік ұстану арқылы біз өзімізді ғана емес күрежолдың бойындағы көптеген адамның өмірін сақтап қаламыз. Кез келген мөлшерде берілген парадан бас тарту арқылы дамуға тікелей ықпал ететін мемлекеттік жүйенің адалдығына қолдау көрсетеміз.
Заң үстем болмай әділдік орнамайды. Оны тіпті қоғамды біріктіріп ұстап тұрған ұстын ретінде түсіндіруге болады. Азаматтары заңға сенуден қалып, ережелері орындалмай жатқан елдің құрдымға кетуі оңай. Ондай елді кірпіші біртіндеп мүжіле бастаған үйге ұқсату керек. Бұл – қоғамға да қатысты теңеу. Біздің әрқайсысымыз «ештеңе етпейді» деген оймен заң бұза берсек, әділдіктің өзегін шірітеміз. Сондай-ақ заңды берік ұстану ұлттық қауіпсіздікке тікелей ықпал етеді. Егер балаларыңыз құқығы қорғалатын дамыған мемлекетте өмір сүргенін қаласаңыз, өзіңізден бастаңыз. Бұған дейін тарихи талай қиын кезеңнен өткен Қазақстанның келешегі қандай болатыны бүгінгі бізге тікелей байланысты.
Еліміздің құқыққорғаушылары күнделікті заң ережелерінің бұзылуынан туындаған салдарға куә болуда. Тіпті, ережелерді бұзудан, немқұрайдылықтан немесе парақорлықтан көптеген адамның өмірі құрдымға кетіп жатқанын көруде. Сол үшін әрбір азаматтың жасаған дұрыс қадамы тағдырларды түзеуге септігін тигізеді.
Ол үшін әркім өзінің құқықтары мен міндеттерін айшықтаған Конституцияны оқып, заңды жетік меңгеруге тиіс. Сол арқылы өзгелерге үлгі болып, ешкім жоқ жердің өзінде заңды берік ұстанады. Қоғамдағы заңбұзушылықтарды жасырмай айтып, ашықтықты, жариялылықты талап ететін қоғамдық бастамаларға белсенді қатысады. Міне, осындай негізгі екі-үш бағыттың өзі адамның қандай екенін анық көрсетеді.
Өзгелердің лауазымына, діни не жаратылыс туралы ұстанымына қарамастан құрмет білдіру – заң мен тәртіптің берік орнағанының белгісі. Оны қалыптастыруға әркімнің қосар үлесі бар. Керек десеңіз, күнделікті тәртіпті ұстанудың өзі заңның берік орнауына ықпал етеді. Оның тұғырын бекіту арқылы әрбір адамның бақытты өмір сүруіне қолайлы қоғам қалыптастырамыз.
Еліміз бүгінде қуатты, құқықтық мемлекет құрудың даңғыл жолына түсті. Бұл жол оңай емес. Оны әрбір азаматтың саналы жасаған қадамымен басып өте аламыз. Сондықтан құқық қорғаушы ретінде айтарым – заңды берік ұстанып жасалған қадам болашағымызды жарқын, келешегімізді кемел ете түседі.
Виктор ТЕН,
Талдықорған қалалық құқыққорғау
орталығының басшысы