Соңғы кездері су мамандары тарапынан «Есіл өзенінің тасқындарын орта ағысында басқару, ағынның бір бөлігін Торғай мен Арал теңізі бассейніне жіберу» жобасы қызу талқыланып жүр.
Теңіздің екінші тынысы ашыла ма?
450
оқылды

Жоба аясында көктемгі тасқын суды ұтымды пайдала отырып, тартылған теңіз табанын тіршілік нәрімен толтыру көзделген. Игі бастаманың өміршеңдігі, тиімділігі қандай? Жоба теңіздің екінші тынысын ашуға сеп бола ала ма?

Жалпы, соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі төрткүл дүниені толғандырып тұр. Соның ішінде Арал теңізінің аянышты тағдыры әлем назарынан тыс қалған емес. 

Байырғы атакәсібі – балық шаруашы­лығынан бұрынғыдай нәпақа таппағанымен, өңір жұртының да үміті үзілген жоқ. Әлі де «теңізім қайта оралар» деген сеніммен Арал тағдырына алаңдаушылық танытып келеді. 

Жыл сайын мемлекет, сондай-ақ әлемдік су шаруашылығы ұйымдарының ұйытқы болуымен Арал өңірінің экологиялық ахуалын еңсеруге бағытталған түрлі бірегей жобалар да жүргізіліп келеді. Бұл тұрғыда Кіші Аралды сақтап қалуға басымдық жоғары. Атқарылып жатқан істер сан алуан. Алайда теңіз табаны тіршілік нәріне толып, халықтың ырзық-несібесі артатын сәт әлі де сағымданып тұр. 

Биылғы жылы көптің көксегенін көктен де жауғызып көрдік. Әуелгіде жасанды жаң­быр жауғызу арқылы теңіз ұлтанын суға толтыруға бағытталған жоба дүйім жүрт­тың үмітіне дем бергендей болды. Бірақ талай жыл тоқырауға түскен теңіздің аянышты халі бір күнде қайта түрленіп кетпесі белгілі. Биыл «теңізге құйылған су мөлшері жыл­дағыдан жоғары болды» деп айтқанымызбен, бұл тамшы суға сусаған Арал табанының шөлін қандыра алмай тұр. 

Ендігі кезекте өңір халқы жоғарыда айтып өткендей, Есіл өзенінде туындаған тасқын судың ағынын Арал табанына жет­кізу жобасынан жемісті нәтиже күтеді. Жобаның басы-қасында жүрген су сала­сының мамандары игі бастама оң нәтиже беретініне нық сенім білдіріп отыр. 

«Жалпы, бұл жоба «Каспий-Арал» бассейнінің экожүйесін жаңғырту және су тасқынын басқару» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен қолға алынып отыр. Ірі холдингтің жанынан құрылған бұл қор экожүйелерге, экологияға, суға байланысты мәселелерге жиі көңіл бөліп келеді. Был­тырдан бастап осындай бағытта бірлесе жұмыс жасаудамыз. Негізінен, бұл бастама көктем кезінде Есілден пайда болатын ар­тық сулар, тасқын сулардың бір бөлігін басқарып, сусыз қалған аймақтарға жеткізу болып табылады. Соның негізінде артық суды Торғай өңіріне апару, ары қарай Арал теңізіне құю жоспарланып отыр. Оған мүмкіндіктер мол. Шынтуайтына келгенде, бүгінде еліміздің көптеген аймақтары тіршілік нәріне сусап отыр. Соның салдары­нан ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын ілгерілету ісі алға басар емес. Бұл тұрғыда Арал өңірінің ахуалы алаңдатарлық күйге жеткен. Соған орай әлемді алаңдатқан су тапшылығы мәселесін сәл де болса еңсеруге ниет танытып отыр­мыз», – деп түсіндірді бұл жайында «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу инсти­туты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас ғылыми қызметкері, техника ғылым­дары­ның докторы Оразхан Қарлыханов. 

Жоба жетекшісінің пайымына сүйенсек, аталмыш жобаның елге берер оң нәтижесі орасан. Бүгінде жобаның негізгі техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталған. Соның аясында Есіл өзенінің төменгі ағысында пайда болатын тасқынның 20-30, тіпті су мол болған жылдары 40 пайызға дейінгі мөлшерін алып, Торғай өзенінің тиісті саласына құйдыру мүмкіндігін қара­с­тырып жатыр екен. Оның айтуынша, тасқын суды Торғай өзенінің тиісті сала­лар­ына ешқандай сорғының көмегінсіз, канал арқылы жеткізу жолдары ойластыр­ыл­ған. Каналдың ұзындығы 40-50, ең терең жері 60-70 текше метр болады деген жоспар бар. 

«Ең басты мақсат – көктем кезінде Есіл өзенінен пайда болатын артық суларды Торғай өңірінің тиісті салаларына жеткізу. Одан әрі арық арқылы судың бір бөлігін алып кетуі, өтімділігі, тұрақты жұмыс істеуі толықтай бақылауға алынып, келесі бөлігін төменгі Есіл қаласының тұсынан Қаракөл сынды бірнеше салалары арқылы қауіпсіз деңгейде алу көзделіп отыр. Бұл суларды Торғай өңірінің Сарыөзен деген саласы ар­қылы Торғай қаласының жоғары жағын­дағы Сарықопа көлдер жүйесіне шоғырлан­дырамыз. Аталмыш көлдер жүйесі бүгінде 10 шақты бөлікке бөлінген көлдерден тұрады. Осы көлдердің бәрін біріктіріп, қажетті жеріне дамба соғып, биіктетіп, 5 млрд текше метр су сиятын тоған жасау ойымызда бар. Келесі кезекте суды Ырғыз өзеніне Нұра көлдер жүйесі арқылы жеткізу көзделіп отыр. Осы көлдер жүйесінен де су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл су қоймасының деңгейін алдыңғысынан 7-8 метрге биіктетіп, сол жиналған судың бір бөлігін Арал табанына құятын боламыз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Арал теңізінің құрғаған жерлеріне 1,5-1,8 млрд текше метр су алып келуге болады. Ал су мол болған жылдары 2-2,5 млрд текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік бар», – деп ойын сабақтады жоба жетекшісі. 

Сала маманының мәлімдеуінше, жоба толы­ғымен есептеліп, сараптамаға жібер­ілуге дайын тұр. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің оң қоры­тын­дысы алынған жағдайда Үкіметке ұсынып, жобаның сметалық құжаттамасын дайындау көзделіп отыр. 

Осы орайда айта кеткен абзал, жобаны жүзеге асыру қыруар қаржыны талап етіп отыр. Жоба жетекшісінің сөзіне сүйенсек, жоба-сметалық құжаттамасын дайындаудың өзі 300-500 млн теңгеге бағалануы мүмкін. Өйткені жоба аясында көптеген қон­дырғылар, құрылымдар, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қарастырылған. Жалпы, жобаны толықтай іске қосу үшін 350-400 млн АҚШ доллары шамасында қаражат қажет екен. Ал жобаны жүргізуге бастамашыл болып отырған аталмыш қордың өзі мұндай қаржыны бөлуге қау­қарсыз. Соған орай Үкімет тарапынан, халықаралық банктерден, БҰҰ-ның су саласымен айналысатын ұйымдары тарапынан қаржыландыру тетіктерін қарастыру көзделіп отырғанын алға тартты. 

Осы орайда Сыр өңірінің жергілікті эколог мамандарын сөзге тартып, жобаның мән-маңызын түсінуге талпындық. 

«Негізінен, Есіл өзені қар суымен ғана қоректенеді. Сондықтан оның суы мар­дымсыз деп ойлаймын. Осы орайда бір мысал келтіре кетейін, бұл суды жол бойы Сергеевка су қоймасына құюға тиіс. Ал Есілді Сергеевкадан ары бұру мүмкін емес, өте төмен. Егер біз жоба аясында Есілді бұр­ып алсақ, Петропавл облысының су проблемасы шығады. Сондай-ақ Ертіс пен Ресейдің Обь өзенінің мәселесі де төбе көрсетеді. Сондықтан да бұл өте күрделі мәселе деп айтар едім. Жобаны жүзеге асырмай тұрып, көршілес Ресейдің, өзіміздің Петропавл облысының да жағдайын жеті рет өлшеп, егжей-тегжейлі зерделеген дұрыс сияқты», – дейді бұл тұрғыда географ-эколог Оразхан Айдаров. 

Бұған дейін бірнеше өңірде жобаның тиімділігі мен жүзеге асыру жолдарын талқылаған қоғамдық қабылдаулар да өткізілген. Атап айтқанда, Торғай өңірі, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы, Сыр өңірінің Арал және Қызылорда қаласында келелі кеңестер ұйымдастырылған. Соған орай жобаны ұйымдастырушылар бәрі сәтті жүзеге асырылатынын айтып отыр. 

Қалай дегенде де, өңір халқы теңізі қайта тіріліп, атакәсібімен қауышатын күнді асыға күтіп жүр. Тек аталмыш жоба іс жүзінде оң нәтиже көрсетсе деген тілегі бар.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы