Алайда онсызда тіршілігі қайнаған қалада көлік саны мен өндіріс орындарының көбеюі жасыл желекке де өз әсерін тигізіп отыр. Кейінгі уақытта мамандар да қаладағы қураған ағаштардың жағдайына алаңдап отыр. Себебі резистограф арқылы жүргізілген зерттеулер ағаштардың құрып бара жатқанын, соның әсерінен түрлі аурулар мен зиянкестер тарағанын көрсеткен. Аталған ақпаратты «ЭкоАлматы» ЖШС мекемесі де растайды. Дегенмен қазіргі кезеңде бұл мәселе тиісті мекеме мамандарының назарынан тыс қалған жоқ. Оның бір көрінісі, көшпелі отырыс нәтижесінде қала көшелеріндегі ескі ағаштардың орнына ірі көшеттер отырғызу туралы шешім қабылданған. Мамандардың сөзінше, жаңадан отырғызылатын ағаштардың биіктігі төрт метрден кем болмайды. «Жасыл комиссия» мүшесі Омар Нұрхайдаров «Ағаштардың діңі шіри бастаған. Ал діңіне дейін шіріп кеткен мұндай ағаштар дауыл тұрса құлауы мүмкін. Сондықтан қураған ағаштарды кесіп тастап, орнына жаңа көшеттерді отырғызу қажет», – дейді.
Біз экологиялық маңызы бар мәселеге қатысты Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, энтомолог Нұржан Мұхамадиевпен байланысқа шығып, қазіргі жағдай туралы өзінен толығырақ сұрап білген едік. Энтомолог қалада ірі көшеттер отырғызу ісін қолдайтынын, себебі бұл тиімді әдіс екенін айтады.
– Қаламызда кәрі ағаштар мен құлағалы тұрған тал көп. Ағаштардың жағдайын анықтайтын ғылыми мекемелер, ботаникалық институттар, «ЭкоАлматы» мекемесі және Өсімдік қорғау және карантин зерттеу институты жұмыс істейді. Биыл резистограф атты құралмен зерттеу жұмысы жүргізілді. Арнайы аппараттың көмегімен ағаштың діңіндегі өзегін алу арқылы оның жай-күйін анықтауға болады. Біз ағаштың жағдайын білу үшін ағаш жасын анықтауға арналған бұрғы (возрастной бурав) құралын қолданамыз. Құрылғының көмегімен ағаштың өзегін алып, сосын фитопатологиялық зертханаға жібереміз. Бұл әдіс ағашта бактерия немесе зиянкестердің бар-жоғын анықтауға көмектеседі. Бұрынғы ереже бойынша бір ағаштың орнына екі жарым немесе үш метрге дейінгі он көшет отырғызылатын. Қазіргі ұсыныс бойынша жер көлеміне бірнеше көшетті отырғызу мүмкін болмағандықтан, орнына 5-6 метрге дейінгі көшеттер отырғызылады. Жас көшеттер үлкен көшетке айналғанша біршама уақыт керек. Сондықтан біз ірі көшет отырғызу әдісін қолдаймыз. Дегенмен ірі көшеттер күтіп-баптау жұмыстарын көбірек қажет етеді. Ірі көшет үлкен ағашқа айналуы үшін әртүрлі органикалық және минералды тыңайтқыштар мен реттеуші препараттарды қолданған абзал, – деді энтомолог.
Нұржан Мұхамадиев қаладағы жасыл желектің өсуіне ықпал етуші тағы бір маңызды факторды атап өтті. Оның айтуынша, қаладағы ағаштардың өмір сүру ұзақтығы қысқа болып келеді. Бұл процеске қала экологиясының әсері басымырақ. Мәселен, диаметрі 30 сантиметрден асатын шыршаның инелерінде анық емес дақтар, күннің әсерінен күйген белгілер бар. Онымен қоса, тамыр маңындағы қоректену аумағы да азайып, қабығына механикалық зақым келген. Энтомологтың сөзінше, мұндай ағаштар санитарлық жағдай бойынша әлсіз деп есептеледі. Одан өзге қаланың орталық көшелерінде өсіп тұрған қылқан жапырақты ағаштарға 50-70 жыл болғанымен, олар әлі де кәрі деуге келмейді.
– Әрине, қаладағы талдардың орман ағаштарына қарағанда өмір сүру мерзімі қысқа болып келеді. Өйткені олар ауадағы әртүрлі ауыр металдар мен көліктен шыққан көк түтінді бойына қабылдайды. Сондықтан олардың өсу процесі баяулайды. Кейде ағаштардың тамыры қазылады, топырағы жеткіліксіз болады немесе тыңайтқыш жетіспеуі мүмкін. Бүгінде қалада көлік саны көбейіп жатыр. Қураған ағаштар визуалды түрде сау болып тұрса да, оның діңіндегі шіріктері түрлі қауіп-қатерге әкелуі мүмкін. Тіпті, жауын-шашын, қатты жел соққан кездері жасыл ағаштардың өзі құлап жатқан жағдайлар кездеседі. Қаладағы ағаштарға арнайы зерттеу, мониторинг жұмыстарын жүргізіп, кәрі ағаштарды жаңа көшеттерге ауыстырған жөн. Қураған ағаштар адамзатқа, түрлі техникаларға зақым келтірмес үшін мәселені уақытында алдын алу маңызды, – деді Нұржан Мұхамадиев.
«ЭкоАлматы» ЖШС мамандары сквердегі кейбір шыршалар толығымен қурап қалғанын, ең алдымен сол ағаштарды кесу жұмыстары қарастырылғанын жеткізді. Қазіргі кезеңде көшеттер қала климатына бейімделген жергілікті тәлімбақта өсіріліп жатыр. Ал жаңадан отырғызылатын көшеттер шетелден тасымалдана ма әлде өз елімізден бе?
– Қаланы көгалдандыруда, әрине тұқым бақтары жеткіліксіз. Сондықтан ағаштар көбіне шет мемлекеттерден тасымалданады. Жеке аулалар үшін ағаштар негізінен Еуропадан келеді. Алматы қаласының жағдайы бойынша айтар болсақ, көшеттер көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекетінен келеді. Дегенмен өз елімізде де көшеттер бар, бірақ олар кейде талапқа сай келмей жатады немесе жеткіліксіз болуы мүмкін, – деді Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, энтомолог Н.Мұхамадиев.
Естеріңізде болса, былтыр жаз айларында алматылықтар қалада ағаш қандаласы қаптағанын айтып дабыл қаққан еді. Паразиттің көбеюіне ескі, дұрыс күтім жасалмаған ағаштардың да әсері бар. Мамандар уақытылы тазалық жұмыстары жүргізілмеген, ластанған орындар мен қураған ағаштар – қандаланың шоғырлануына негізгі себеп екенін ескертеді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы