Маңғыстау облысында ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына қаржылай көмек беріледі. Ақтауға барған Үкіметтік комиссия мүшелерінің штаб отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев осындай тапсырма берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Ақтау маңында болған ұшақ апатынан астаналық 11 жастағы Эльдар Жұмағат пен оның анасы Гауһар Шаймерденова қаза тапты. Ал бақилық болған қостанайлық әйелдің 28 жаста екені белгілі болды. Тағы үш жолаушы – Маңғыстау облысының тұрғындары. Бірі 45 жастағы ақтаулық әйел, қалғаны 35 және 38 жастағы ер адам. Олар Жаңаөзен қаласының тумасы.
Ұшақ апатынан тірі қалған 29 адам кеше жедел жәрдем көлігімен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Кеше түнде 8 ересек адам мен бір қыз бала Ресейден келген санитарлық ұшақпен еліне кетті. Қазір 20 науқасқа қажетті ем көрсетіліп жатыр. Соның жетеуі ауыр халде.
Жанар Сыдыққызы, облыстық көпбейінді аурухананың бөлім басшысы: - Қазіргі таңда біздің ауруханада жалпы жансақтау орталығында 7 науқас жатыр. Ал қалған науқастар бөлімшеге жайғастырылған. Ал балалар ауруханасында 1 бала, ол да жансақтау орталығында жатыр.
Аурухананың қабылдау бөлімінде дәрігерлерден хабар күткендердің арасында әзербайжан диаспорасының өкілдері де бар. Расим есімді мына азаматқа Бакуден адамдар хабарласып, ұшақ апатынан зардап шеккен жақындары туралы хабар біліп беруді сұраған.
– Маған сол жақтағы ауылдас тұрғындар хабарласты. Ақтау ауруханасында жатқандар туралы естіген ақпарды ол кісілерге хабарладым. Зардап шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсетуге дайынмын, – дейді қала тұрғыны Расим Гаджиев.
Өзін Халиса деп таныстырған әйел кешегі бортта болған жасөспірімді іздестіруге көмекке келіпті.
– 13 жастағы бала – менің отбасыма жақын адамның бірі. Оның ата-анасымен Әзербайжанда талай кездесіп, өте жақсы араластық. Апатты естіген бойда әкесі мен оның ағасы Ақтауға келді. Қазір баланы марқұмдардың арасынан табуға тырысып жатырмыз, – деді қала тұрғыны Халиса Худойкулова.
Әзербайжан лайнері құлаған жерде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Апат салдарын жоюға 306 маман, 101 техника тартылды. Қазір ұшақты бөлшектеу жұмыстары жүріп жатыр. Астанадағы командалық орталықта және Маңғыстау облысының Төтенше жағдай департаментінде жедел желі телефондары жұмыс істеп тұр. Кешелі бері оған бір мыңнан астам өтініш келіп түсті.