Ақтауда ұшақ апатынан қаза тапқандардың құрметіне Каспий теңізіне гүл шоқтары жіберілді.
"Біз сіздермен біргеміз": Теңізшілер аза тұтып, Каспий теңізіне гүл шоқтарын жіберді
133
оқылды

26 желтоқсанда Ақтау, Құрық және Баутино порттарында ұшақ апатынан қаза тапқандарды еске алып, оларға құрмет белгісі ретінде Каспий теңізіне аза тұтып, гүл шоқтарын жіберді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.

Теңізшілердің айтуынша, бұл – жалпыға ортақ қасірет.

"Бұл – жантүршігерлік ұшақ апатынан қаза тапқандардың барлығына құрмет белгісі болмақ. Бірнеше адам қаза тапты. Олардың қатарында балалар да бар. Бұл жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Қазір қаза тапқандардың жақындары оңай емес. Біз сіздермен біргеміз. Біз қамкөңіл жандардың қайғысына ортақпыз", – деді еске алу шарасына қатысушылар.

Құрық портындағы әзербайжандық "Zarifa Aliyeva" паромында да осындай рәсім өтті, онда кәсіпорын қызметкерлері, аудан әкімдігі және БАҚ өкілдері жиналды.

"Құрық Порт" ЖШС директоры Серік Ахметов ұшақ апатын бүкіл елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиға деп атады. Ол қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. Осындай іс-шара Баутино портында да өтіп, онда жиналған жұрт бір минут үнсіздікпен қаза тапқандарды еске алды. Оған аймақ тұрғындары, оның ішінде теңізшілер де зардап шеккендерге кез келген уақытта барлық қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. 

Естеріңізге салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшып шыққан жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайының маңында апатқа ұшырады. Ақтауда ұшақ апатынан ұшақтағы 67 адамның 29-ы аман қалды. Ұшақта Қазақстан азаматтары да болды. Өкінішке орай, олардың ешқайсысы аман қалмады.