Тарихи сананы қалыптастыруға ықпал ететін жинаққа Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы мемлекеттік архивтерінде құпия сақталып келген ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттар енгізілді. Олардың қатарында бұрын жарияланбаған 3000-нан астам құжат және фотосуреттер бар. Жинақ Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жалпы редакциясымен жарық көрді. Зерттеу жұмысы ғалым, тарих ғылымының докторы, академик Мәмбет Қойгелдиевтің ғылыми жетекшілігімен жүзеге асырылды. Сондай-ақ тарихи-құжаттық жинақтың қалың оқырманға жол тартуына 35 тарихшы-ғалым, археографтар, архившілер және Ұлттық ғылым академиясының академиктері Х.Әбжанов, З.Қабылдинов, тарих ғылымдарының докторлары Б.Жангуттин, Қ.Әлімғазинов, саяси ғылымдарының докторы Г.Нұрымбетова және тағы басқа ғалымдар үлес қосты.
Бір топ журналистің басын қосқан кездесуде ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев пен ХХ ғасыр Саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Гүлшат Нұрымбетова көптомдық жинақты таныстырып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Мәмбет Қойгелдиев «Алашорда ісі. 1920–1940 жж. Құжаттар мен материалдар» құпия қорларда сақталып келген материалдарды қамтитынын, бұл өткен тарихымыздың ақиқатын тануда маңызды орынға ие екенін жеткізді.
– Бүгінгі оқиғаның өзіндік тарихи маңызы бар. Өйткені 12 томнан тұратын жинақ – қоғамның бір ғасырға жуық уақыт бойы күткен тарихи шындығы. Әрбір шындық өз деңгейінде, өз орнымен айтылуға тиіс. Сонда ғана ол нағыз шындық болады. Шын мәнінде, Алаш қозғалысы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Аталған қозғалысқа қатысушылар тек зиялылардан ғана тұрмайды, одан бөлек ұлттың барлық әлеуметтік тобы атсалысты. Олардың мақсаты біреу ғана. Бұл – мемлекеттік тәуелсіздігімізге қол жеткізу, атамекен жерімізді болашақ ұрпаққа сақтап қалу еді. Біз ұстанымды дәлелдеу үшін осы идеяны негізге алдық. 12 томдық кітаптың ішкі құрылымы дәл осы идеяға қызмет етеді, – деді ол.
Бүгінге дейін елімізде Алаш қозғалысы тақырыбы бірнеше рет қозғалды. Оның бірі, 1991 жылы қараша айында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі комиссия құрып, Советтік реформа мәселесін қарады. Ал 2020 жылы 24 қарашада екінші мәрте комиссия құрылды. Зерттеу жобасында ғылыми жетекші қызметін атқарған Мәмбет Қойгелдиев екі комиссиялық құрамда да жұмыс істегенін, сондықтан бұл процестің қандай жолдан өткені туралы сауалға ашық жауап бере алатынын атап өтті.
– Бірінші комиссияның жұмысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесі қабылдаған қаулымен аяқталды. Қаулы сол кездері «Егемен Қазақстан» және «Казправда» газеттерінде жарияланды. Ең маңыздысы, бұл құжат – тарихи шындыққа жетудегі ең алғашқы қадам болды. Ал екінші комиссия қорытындысы немен аяқталды деген сұраққа келер болсақ, қазір елімізде репрессия мәселесіне арналған 70 томнан астам құжаттық материалдар жарық көрді. Жаңадан қолымызға тиіп отырған 12 томдық кітап – сол құжаттардың жалғасы әрі қорытындысы. Осы уақытқа дейін репрессия мәселесі өзге мемлекеттерде де қаралған. Мәселен, Германияда екі мәрте комиссия құрылды. Бірінші комиссияның нәтижесінде, 18 томнан тұратын қорытынды жасалынды, – деді ғалым.
Көптомдықтың алғашқы 11 томында саяси қуғын-сүргін процесі баяндалса, ең соңғы 12-томда қуғын-сүргін құрбандарының ақталуы мәселесі қамтылған. Дегенмен бұл зерттеу жұмысы толыққанды аяқталды деген сөз емес. Себебі қазіргі ғылыми айналымда құжаттардың саны өте көп. 2022-2023 жылдар аралығында Президент Архивіне Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінен, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының арнаулы мемлекеттік архивтерінен ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргінге қатысты 688 мыңнан астам құжат қабылданды.
– Бүгінгі жиын – тәуелсіз мемлекеттіліктің көрінісі. Жинақтың алғашқы 6 томы Алашорда ісін қамтыды. Бұл томдар Алашорда үкіметі мүшелері мен кандидаттардың, үкіметті қолдаған тұлғалардың тергеу материалдарына арналды. Біз 12 томдық кітапта қоғамдағы тәуелсіздік, дербес мемлекеттілік үшін атсалысқан әлеуметтік топтың барлығын қамтуға тырыстық. Мәселен, көптомдықта алғаш рет оппозиция мәселесі көтерілді. Осы уақытқа дейін Қазақстан тарихында оппозиция болмағаны туралы және коммунистік партия сынды пікір басымдық алып келді. Бұл жалған пікір. Қазақстанда Советтік реформалар мен коммунистік партияның билігіне байланысты өте күшті оппозиция болды. Біз кітаптың 7-8 томында оппозициялық топтардың қызметін көрсеттік. Одан тыс әртүрлі саладағы әлеуметтік топтардың оппозициялық қызметіне жеке том арнадық, – деді М.Қойгелдиев.
Зерттеу жұмысының тағы бір басты ерекшелігі – көптомдық жинақта әскери адамдардың, соның ішінде қазақ офицерлерінің оппозициялық қызметі туралы құжаттар берілген. Мәселен, 11-томда ұлт тарихындағы ең ірі Адай, Қарақұм, Созақ көтерілісінің құжаттары көрсетілген. Онымен қоса, жинақта әулеттерді қудалау тақырыбына байланысты қоғам назарына толыққанды жетпеген фактілер қамтылған.
– Қазақ қоғамы үшін ең өзекті тақырып – жер мәселесі. Кезінде патша заманында да, Кеңестік кезеңде жер үшін талас жүрді. Біз жер үшін күрескен әлеуметтік топтардың қызметін осы томда біріктірдік. Жинақта Әлиасқар Әлібеков, Жағыпар Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстанбаев сынды тұлғалардың оппозициялық қызметі туралы құжаттар берілді. Одан басқа әскери адамдар да оппозициялық ұстаным көрсетті. Көптомдықта бірнеше қазақ офицерлерінің оппозициялық қызметі туралы айтылған. Осы уақытқа дейін тарихнамада әулеттерді қудалау тақырыбы толық қарастырылмаған. Мысалы, Кенесары Қасымов, Абай Құнанбаев тұқымының қудалануына байланысты сюжеттер көптомдықта болды. Одан кейін репрессияға ұшыраған Алаш қайраткерлері отбасының қудалануы, әйелдердің АЛЖИР және тағы басқа лагерлерге жіберілуі еңбекте өз орнын тапты, – деді академик.
Бұл ретте Гүлшат Рамазанқызы көтеріліске қатысты құжаттарды жинау процесінің ғалымдар үшін оңайға соқпағанын атап өтті. Оның сөзінше, жинақтағы барлық құжаттың дені орыс тілінде берілгенімен, оның ішінде төте жазумен жазылған қазақ тіліндегі материалдар бар. Құжаттағы жазбалар қазіргі кириллицаға аударылған.
– Мәселен, Адай көтерілісі тақырыбы турасында 45-50 томға дейін құжаттар жинадық. Осыншама құжаттың ішінен қажетті материалдарды іріктеп алу ғалымдар үшін оңай болмады. Бір қарағанда кейбірі құжаттар жинағын шығару – қағаздарды біріктіріп, арасынан маңыздысын іріктеп алу деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл өте күрделі процесс екенін айтқымыз келеді. Құжаттар жүз жылға жуық уақыт бойы жабық жатты. Қағаздардың сыртқы күйі де қолымызға нашар күйінде түсті. Бірақ осыған қарамастан максималды түрде құжаттарды қалпына келтіріп, шынайы мағлұмат беруге тырыстық, – деді Г.Рамазанқызы.
Осы тұста журналистер тарапынан «Зерттеу жұмысымен айналысып, жинақты жариялау барысында әлдекімдердің тарапынан кедергілер болған жоқ па?» деген сауал қойылды. Өзіне бағытталған сұраққа жауап берген Мәмбет Қойгелдиев процесс кезінде сырттан ешқандай кедергі болмағанын жеткізді.
– 12 томдық жинақ – Тәуелсіздіктің жемісі. Жұмыс барысында ешкімнің тарапынан қысым болған жоқ. Жинақ – Ресей депутаттарына берген жауабы. Егер олардың күші, ерік-жігері жетсе, 12 томмен таныссын. Осы кітаптың арқасында империяның қазақ халқына жасаған жақсылығы мен қиянаты айтылды деп ойлаймын. Бұл дәлел. Бүгінге дейін Алаш қозғалысына байланысты алып-қашпа әңгіме көп. Біз шындыққа жанаспайтын мұндай әңгімеге нақты фактілер мен құжаттар арқылы жауап бергіміз келді. Жинақ қазақ тарихын білгісі келетіндер үшін нағыз қажет боларлық еңбек деуге негіз бар. Тарихи-құжаттық жинақ ХХ ғасырдағы тарихымызды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда 2022-2023-жылдар аралығында саяси қуғын-сүргінге қатысты 688 мыңнан астам құжат қабылданғанын атап өттік. Дегенмен олардың арасында әлі күнге дейін жарыққа шығуын күткен материалдар бар. Осы тұста архивте жатқан құжаттардың ішінде әлі де айтылмаған, «айтуға болмайтын» құжаттар қалды ма деген сұрақ туындайды.
– «Айтуға болмайтын» тарихи шындық болмайды. Біздің архивімізде Қазақстан тарихына және оны тануға байланысты «жариялауға болмайтын» құжаттар жоқ. Бірақ шындықты тура түсінуге «көмектеспейтін» құжаттар кездеседі. Халықты адастыратын мұндай құжаттар архивте де бар. Мысалы, тергеу материалдарының біразы – тергеушілердің фантазиясы. Олардың арасында тергеуге түскен халыққа мәжбүрлі түрде қол қойдыру арқылы тарихы бұрмаланған құжаттар бар. Өкініштісі, осындай құжаттарды ресейлік құжаттық жинақтар жариялағанын байқаймын. Бұл шындыққа жасалған қиянат деп қабылдаймын, – деп сөзін түйіндеді тарих ғылымының докторы, академик М.Қойгелдиев.
Көптомдық жинақты жарыққа шығаруда ғалымдардың алға қойған басты мақсаты – Алаш қозғалысын ұлт-азаттық қозғалыс ретінде қарастыру. Жинақ аз уақыттың ішінде жарық көргенімен, бұл ондаған жылға созылатын еңбек екенін атап өткен жөн. Бұл туралы Гүлшат Рамазанқызы «Мақсатымызға жеттік деген ойдамыз. Әр томға бір-екі жыл қажет. Біз ынтамыз мен бастамашылықтың арқасында жинақты бір жарым жылдың ішінде аяқтадық», – деді. Кездесу соңында 35 жыл бойы Алаш қозғалысы тақырыбын зерттеумен айналысып келе жатқан Мәмбет Қойгелдиев көптомдықты аз уақыт аралығында даярлау үшін қаржы қажет екенін, ал бұл мәселені шешуге Мемлекеттік кеңесші Ерлан Тынымбайұлы ықылас танытқанын айтып, алғысын білдірді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы