Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың денсаулығын оңалту бағытында облыс орталығында да баянды бастамалар жемісін беруде. Міне, сол жобалардың бірегейі – Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығы.
2008 жылы облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығы болып құрылған мекеме бастапқыда бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдаса, 2023 жылы «Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығы» болып ашылады.
Жаңа ғимаратқа қоныс аударған орталық заманауи құрылғылармен жабдықталып, қызмет алушыларға қолайлы бола түскен.
– Бұрын мұнда тек мүмкіндігі шектеулі азаматтар ем қабылдаған. Алайда биыл орталықта зейнеткерлердің де денсаулығын оңалтуға ұсыныс жасап, басқарма тарапынан қолдау тапты. Нәтижесінде, бүгінде орталықта зейнетке шыққан тұрғындар ем алуда.
Орталықта 80 пайызы еңбек терапиясы болса,10 пайызы психо және 10 пайызы – медицина терапиясы. Одан бөлек, жан-жақты терапиялар жұмыс істеуде.
Мұнда екі невропотолог, екі терапевт, бір ортопед дәрігер қызмет көрсетеді. Келген емделушілерге диагнозына қарай тағылымдар парағына нұсқама беріліп, медбике мамандарымызға дейін жан салып қызмет көрсетуде.
Осындай заманауи қондырғылармен жабдықталған орталық ашып берген ел Үкіметіне, облыс пен қала басшыларына айтар алғысым шексіз, – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Жамбыл облыстық әлеуметтік оңалту орталығы» КММ директоры Қарлығаш Бибазарова.
Орталықта бір мезетте 150-ге жуық адам ем қабылдайтын болса, мұндағы ем-дом шараларын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ең әуелі постыдағы медбике Шынаркүл Абдиева науқастардың екі мезгіл қан қысымын тексеріп тұратын болса, 3-қабаттағы емдеу бөлмелері қалтқысыз жұмыс істеуде. Мәселен, парафинмен емдеу бөлмесінде қызмет алушылардың тізе буындарына жылы парафин қойылып жатса, «ЛФК» емдік денешынықтыру бөлмесінде 6 құрылғы орнатылған. Иық, тізе, шынтақ, аяқ аппараттарымен қоса, механо, экзоскелет аппараттары инсульт алған азаматтарға жәрдемін беруде.
Электрмен емдеу бөлмесінде магниттік терапия қызмет көрсетуде. Мұндағы аппараттар бұлшық еттеріндегі регенеративті процестерді арқа және буын ауруларына қарсы қарқындылығын төмендетеді.
ВТL – 6000 – SWT TOPLINE соққы толқыны аппараты болса, сүйек және дәнекер тіндерге бағытталған соққы тербелістерін жібереді.
Ультрадыбыстық және электротерапияға арналған аппарат бұлшық ет жүйке тіндеріндегі арқа және буын ауруларының ауырсынуын төмендетеді.
Омыртқаның дикомпрессиясы – бұл тартқыш терапия. Арқа мен мойынның ауырсынуын жеңілдету үшін омыртқаға механикалық тарту қолданылады.
BTL – 5000 Combi аралас терапия қондырғысының да тигізер пайдасы мол. Бұл аппарат лор, мұрынның ауруы, тонзимит, отит, аллергиялық ренит сынды ауруларға таптырмас ем.
Жарықпен емдеу кабинетінде «Биоптрон Дарсенваль» заманауи қондырғысы қойылған. Теплон құрылғысы табанды қыздырса, бурмалин матрас қан айналымын жақсартады. Суықты алады.
Физио емдеу бөлмесінде Нұргүл Рахым есімді білімді де, білгір маман қызмет көрсетуде. Мұнда тыныс алу жүйесінің ауруларына, гинекологияға, офтальмологияға, омырқа және буын ауруларына, ішек дерттеріне дауа дарытылуда. Нұргүл маманның басты ерекшелігі – барлық құрылғының тілін жетік біледі.
Сумен емдеу бөлмесінде 4 камералы ванна, гидромассаж, суасты ваннасы, циркулярлы душ сынды қызмет түрлері көрсетіледі.
Социолог мамандардың да еңбегі қандай мақтауға да лайық. Мұнда Гүлмира Бекқұлова, Әсия Мошликулова, Әсел Мүсірәтәлі сынды мамандар арыз-шағымдарды қараумен қатар, келушілерге де сапалы қызмет көрсетуде.
Инемен емдеу бөлмесінде иглотерапевт дәрігер Люк Надежда науқастардың дене нүктелеріне ине қою арқылы емдейді. Ал тұрмыстық бағдарлау бөлмесінде бассейн, спорт зал, психолог кабинеті, табиғи материалдармен жұмыс істеу шеберханасы, кәде-сый, этно бұйымдар, мүсін, тігін, кесте, ағаш күйдіру шеберханалары қызмет алушыларды еңбекке баулуда.
Орталықтың этно шеберханасында таза қойдың жүнінен кеудеше, аяқ-киім, бас киім және сөмкелер тігілуде. Мұнда терапия нұсқаушысы Жансая Жұманалиқызы қызмет алушыларға білгенін үйретуде.
Бұдан бөлек, психолог, шаштараз, маникюр кабинеттері де емделіп жатқан мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келгенше демеу болуда.
Міне, осындай заманауи орталық науқастарға қамқорлық пен мейірімді сездіруде. Мұнда арбаға таңылған жандарды байқап жүрегің сыздайды. Соларға демеу болып жүрген жандарды көріп қуанасың. Көңілі қаяу, көздерінде мұң мен жүздерінде шері бар осындай мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдан келген көмегі мен емін аямай жатқан орталық мамандарына дән ризашылық кеудеңде ұялайды.
Мұнда сонымен қатар нұсқаушы Елмира Жұмақасқызының өз қолынан шыққан арнайы қазақы дәстүрмен дайындалған бөлмесі бар. Онда қазақы үй тұскиіз оюмен көмкерілген. Онда қобыз, домбыра, қамшы ілінген. Қазақы шапан да бар. Қобызды осында ем алған Оразбай Кешубаев қария естелікке қалдырған екен.
Орталықта 1 500 адамға арналған асхана да бар. Онда емделушілер төрт мезгіл тамақтанып, жеміс-жидек, ағарғаннан да тыс қалмауда.
Мұнда сондай-ақ тұз шахтасы қызмет көрсетеді. Дәрігер Әтіркүл Нұрмұханбетованың айтуынша, тұзды шахта тыныс жолдарын жақсартып, жүйке жүйесін тыныштандырады екен.
15 жыл өмірін орталыққа арнаған Әтіркүл маман мұнда емделуші мүмкіндігі шектеулі екі жанның көңіл жарастырып, олардың некесін ұжым болып қидырып, қуаныштарын еселегендерін айтады. Бұдан бөлек, емделушілерге Айша бибі, Тектұрмас кесенелеріне саяхат ұйымдастырылып тұратындығын да маман тілге тиек етті.
Мұның бәрі, әрине білікті басшы Қарлығаш Жалғасқызының ұжымды ұйыстыра білген еңбегі мен іскерлігі екені анық.
Айта кетейік, бұл орталық – республика көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін бірегей мекеме. Ашылғанына ұзақ болмауына байланысты өзге өңірлерден ағылып жатқан науқастардың қарасы әзірге аз. Десе де, мұндай заманауи орталық ем алушыларға түрлі мүмкіндік ұсынады. Сондықтан Жамбыл жеріндегі емдеу мекемесінің алыс аймақтардағы науқастардың да алғысын арқалайтын күні алда.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы