Кино – ұлттың дәстүрі мен болмысынан хабар беретін мәдени құбылыс. Бұл құбылыс елімізде жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Биыл шамамен 100-ге­ жуық отандық кино түсірілген.
Аншлаг – кино сапасының көрсеткіші емес
265
оқылды

Бұл – Ұлттық киноны қолдау орталығы мен коммерциялық фильмдердің жалпы саны. Киноны өнер деп бағаласақ та, бұл өнер алаңында кәсіби білімі жоқ режиссерлердің туындылары жарыққа шығып жатыр. Алайда қаржы көздеген коммерциялық фильмдердің кассалық көрсеткіші мемлекет қаржысына түскен фильмдерден әлдеқайда озық шығуда. Ұлттық киноны қолдау орталығы түсірген киноның басым бөлігі көрерменге жетпей, тек шетелдік фестивальдерге қатысып, жүлделерге ие болып жатыр. Бұған не себеп? Отандық киноға қатысты мәселелер туралы киносыншылар дөңгелек үстел барысында талқылап, ойталқы жүргізді.

ТІЛШІ: – Жыл сайын Ұлттық киноны қолдау орталығынан бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың қаржысына 20 шақты, коммерциялық киноны қосқанда жалпысы 70-80 фильм түсіріледі екен. Бірақ көп­шілік сол түсірілген кинодан бейхабар және тек шетелдік фестивальдерге қа­тыса­ды. Коммерциялық фильм ғана көр­ерменге ұсынылатын сияқты. Мұны қалай түсіндіруге болады?

Дана ӘМІРБЕКОВА:  – Жарнама – үлкен қару. Фильмнің көрерменге жетуіне мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдің бірі. Көп жағдайда фильмнің танымал болуы сапа­сына емес, жарнамасының жақсы болуына байланысты болып тұр. Ұлттық киноны қолдау орталығынан сценарийі­нен бастап көркемдік тәсіл­деріне дейін сапалы, техникалық жа­ғынан да озық шыққан фильмдер көрерменге жетпей отыр. Өйткені прокат мәселесі дұрыс жолға қойыл­ма­ған. Дистрибуциямен ешкім айналыс­пайды. Прокатқа мемле­кет тарапынан қаражат та бөлінбейді. Министрлік осыны қолына алған кезде қазақ киносы да түзеледі деп есептеймін. Бірінші мем­лекет тарапынан түсірілген фильмдерге қаржы бөлінсе, екінші шет­ел­дік А клас­ты фестивальдерде жүлде­гер атанған фильм­дердің жарнамасы жақсы болған­да сапалы фильмдер көрерменге жететін болады.

Баубек НӨГЕРБЕК: – Иә, келісемін. Ұлт­тық киноны қолдау орталығы түсір­ген жобаларда бюджет тек өндіріске бөліне­ді, оны прокатқа ұсыну мен жар­намалауға бөлек қомақты қаражат қажет. Мәселен, кейбір шетелдік фильмдердің жарнама­лық бюджеті сол фильмді түсіруге кеткен қаражатпен тең болады. Жарнама азды­ғы­нан біздің фильмдердің танымал­дылығы төмендей түседі. Екін­ші мәселе – кинотеатрлардың басым бөлігі жеке­меншік компаниялардың қолында, яғни олар үшін бұл бизнес көзі. Ал қазақ фильмдерінің ішінде ұлттық кино сана­тына кіретін туындыларды қалай қолдай аламыз? Бізде ұлттық тарих пен мәде­ниет­ке байланысты түсірілген фильмдерді көрерменге жеткізудің тиімді механизмі жоқ. Бұл көбіне кинотеатрларда фильм­дерді көрсетуде уақыттың дұрыс таңдал­мауы­нан туындайды. Түске дейін 11:00 не болмаса түстен кейін 15:00. Кинотеатрлар жеке меншік мекеме бол­ғандықтан, фильм көрсету уақытын өздері анықтайды, прайм-­таймды бөлмейді. Осыған байлан­ысты, кино туралы заңға отандық фильм­дерді прайм-тайм уақытында міндетті түрде көрсетуге тиіс деген өзгерістер енгізілсе, ұлттық фильм­дерді қолдауға оң ық­пал етеді.  Ұлттық киноны қолдау орта­лы­ғы түсірген фильм­дердің танымалдығын арттыру үшін бюджет бөлген кезде оның жарнамасына, кейінгі дистрибуциясына, кинотеатрлар­мен келісімдер жасауға да қаражат қарастыру қажет деп санаймын. 

Ержан ЖҰМАБЕК: – Биыл түсірілген отан­дық 100-ден аса фильмнің жарты­сынан көбі жеке студиялардың өз қар­жысына түсірілген. Ұлттық киноны қолдау орта­лығының бұл тізімдегі көрсеткіші өте аз. Бұл мәселе көптен бері қозғалып келе жа­тыр. Өкінішке қарай, Ұлттық киноны қолдау орталығы мемлекет тарапынан түскен фильмдерді тек питчинг арқылы жеке студияларға бөліп беріп, оператор функ­циясын ғана атқарып отыр. Дайын фильмдерді одан кейін қабылдайды. 

Ал­айда фильмнің ары қарай насихатталуы, көрерменге және фестивальдерге ұсын­ылуы, прокат мәселесі қамтылмай отыр. Ұлттық киноны қолдау орталығы бұл мә­се­лені фильмнің авторына, продюсеріне міндеттейді. Дегенмен бұл бөлімге арнайы жүйе, бөлінетін қаржы қарастырылмаған. Сондықтан бұл фильмдердің көбі көрер­менге жетпейді. Аталған орталық түсірген фильмдердің тақырыптық және көркемдік деңгейі де өзекті мәселе. Фильмнің тақыр­ыптары мен бағыттары орталықтың, көр­ерменнің тың сұранысына сай келуі керек. Егер көрермен қызықпайтын та­қыр­ып аясында түсірілсе, оған сұран­ыс­тың төмен болары анық. Фильм бағыты туралы Ұлт­тық киноны қолдау орталы­ғының пози­циясы айқын емес. Яғни, қан­ша пайызы авторлық, фестиваль­дік фильмдер, қанша пайызы халықтық, көрермендік, ком­мерциялық бағыттағы фильм­дер екен­дігінде анықтама жасал­майды. Бұл тұрғыда сәл түсінбеушіліктер бар секілді. Бірақ жыл сайын шығып жат­қан фильмдер тақырыптық, жанрлық, әралуандығы жағынан ерекшеленуде, көркемдік сапасы да артып келеді. Мә­селен, комедия ғана емес, бұрын-соңды түсіріле бермейтін триллер, экшн, драма жанрлары шығып жатыр. Жыл басында Диас Бертістің «Үкім» фильмі, Ерасыл Байболовтың «Біздің жігіттер. Афган» киносы, Рашид Сүлейменовтің «Операция Набаты» жанрлық тұрғысынан жаңа бастама көрсеткен кино секілді. 

Баубек НӨГЕРБЕК:  – Негізі, питчинг жең­ім­паздарының саны 15-17-ге дейін жетуі мүмкін. Кей фильмдер өндіріске сол жылы жіберілсе, кейбірі келесі жылға қа­лады. Соның нәтижесінде, Ұлттық кино­ны қолдау орталығы жылына шамамен 10-12 көркемсуретті фильм шығарады. Ал коммерциялық жобалар, әсіресе биыл өте көп болды. Қазақстан киносыншылар қауымдастығының мүшесі ретінде жүр­гізген есебіміз бойынша, биыл түсірілген отандық фильмдердің саны 90-нан асты. Жалпы, коммерциялық фильмдерді авторлық фильмдермен салыстыруға кел­мейді. Себебі қалың көрермен терең мағы­налы фильмдерді көруге аса қызығушылық танытпайды, әдетіне айналмаған, яғни бізде әлі ондай мәдениет қалыптаспады деп айтуға болады. Коммерциялық фильм­­дер көбіне ойын-сауық санатына жатады, ал киноны өнер ретінде бағалай­тын көр­ермен қатары аз.

ТІЛШІ: – Қазір киноны режиссерлер ғана түсіріп жатқан жоқ. Түсіретіндер көп. Ара­сында касса жинап, «миллиардер» атан­ған­дары да бар. Бұлай озық шығуы киноның жанрына не тақырыптың өзекті болуына бай­ла­н­ысты ма немесе көрермен талғамына ма? Киносыншы ретінде мынаны айтың­ызшы, биыл касса жинаған кино шын мәнін­де сол «миллиардтарға» лайық па? Және бү­гін­де жеке қолтаңбасы қалыптасқан режис­серлер бар ма?

Дана ӘМІРБЕКОВА: – Бүгінде Дариға Ба­дықова, Баян Алагөзова, Нұрлан Қоян­баев түсірген фильмдер неге соншалықты мил­лиардтар жинап жатыр дейсіз? Ол көр­кемдік ерекшелігіне, жоғары сапасына байланысты емес. Керісінше, өте төмен деңгейлі, халықтың талғамын түсіретін фильм­дер. Не себепті сонша қаржы жи­най­ды десеңіз, жарнамасы керемет жас­алған. Ол фильмді түсіріп жатқан кино­герлер емес, шоу-бизнес өкілдері. Және олардың о бастан миллиондаған ауди­тория­лары бар. Оларға жарнама жасау қи­ын емес. Олардың жанкүйерлері фи­льм­­ді тақырыбына, мазмұнына қызы­ғып көрмеуі де мүмкін. Бірақ авторын жақ­сы көргендіктен қолдайды. Кассаны жақсы жинайтыны рас, бірақ оны екінші рет қай­талап көруге бармайсыз. 

Баубек НӨГЕРБЕК: – Шынында, қазір кино түсіру қолжетімді болып қалды ғой. Кейбір фильмдер коммерциялық жағынан сәтті шығып жатыр. Бұлай болуына ав­торлардың танымалдығы әсер етеді. Нұр­тас Адамбайдың, Нұрлан Қоянбаевтың фильмдері кең танымалдыққа ие болды. Өйткені бұл уақытта көрерменге комедия керек болған шығар. 90-жылдары комедия бағытындағы фильмдер өте аз болды. Ки­но­ны қоғамның айнасы деп қарасақ, қазір келін, отбасы мәселелерін кино тақырыбы етіп алып жатыр. Мұны елімізде отбасы құн­дылықтары бірінші орында тұратыны­мен байланысты деп ойлаймын. Бірақ комедия қиын жанр екенін ұмытпау керек. Көрерменді күлдіру жылатудан қиын. Кезінде Шәкен Айманов түсірген коме­дия­лар әлі күнге дейін ұмытылмады, ал бүгін түсіріліп жатқан комедиялар бір сәтте жылт еткен жұлдыздай ғана. Өзіме ұнайтын кино деп нақты атай алмаймын. Комедияның да, триллердің де, драманың да мазмұны мен формасы сай жасалса, бұл – шеберліктің шыңы. Осындай сипатқа ие фильмдер ғана көңілден шығады. 

Ержан ЖҰМАБЕК: – Мен фильмнің бірден кең аудиторияға ие болып, касса жи­науын тақырыптың өзектілігіне байла­нысты деп айтар едім. Алайда продюсерлік жұмыстың маңыздылығы бірінші кезекте тұрады. Өкінішке қарай, фильмнің жар­намасы, маркетингі, насихатталуы жүйелі түрде ұтымды тұстарымен шығатын болса, әрине көптің қызығушылығын тудырады да, кассаның жаңа көрсеткішке жетуіне ықпал етеді. Айтайын дегенім, мұндай тәжірибелер бізге енді ғана келіп жатыр. Көр­кемдік деңгейі ерекше жұмыстар продюсерлік жұмыстың әл­сіздігінен көрерменге жету жолын таппай жатады. Қалай десек те, кассалық фильмнің бар­лығын өнер фильмі деп айтуға болмайды. Фильм түсіріп жүргеннің барлығы кәсіби режиссер емес екенін мойындау керек. Арасында басқа саладан келген өнер ма­мандары да бар. Бірақ қазіргі жас режис­серлер кино өнер­інде өзінің қолтаңбасын қалыптастырып келе жатыр. Олардың қа­тарында шетелде оқып келген Диас Бертіс, Дархан Төле­генов сынды жас режиссер­лердің есімі айтылады. 

Дана ӘМІРБЕКОВА: – Киноның екі бағыты бар: ойын-сауық және өнер. Бүгінгі ұсын­ылып жатқан шоу-бизнес өкілдерінің фильм­дері әлеуметтік желілердегі блогер­лердің жазбаларымен тең. Кино мен әлеу­меттік жазбаның деңгейі екі түрлі. Киноның өтімді болуы көп жағдайда көр­ер­­­мен­­нің талғамына да байланысты емес. Талғам келе-келе қалыптасады. Сондықтан біз бүгінгі көрерменге ренжи алмаймыз. Өйт­кені нағыз өнер кім көрінгенге түсін­ікті бола бермейді, кез келген көрермен интел­ектуалды тұрғыда оңай қабылдай бермейді. Сондықтан нағыз өнердің аудиториясы әрқашан аз болады. Шынайы туынды болса, көркемдік деңгейі өте сапалы болса, ондай фильмге көрермен аз барады. 

Қолтаңбасы қалыптасқан режиссерлер, әрине бар. Олар әлемді мойындатқан. Атап айтқанда, Дәрежан Өмірбаев, Әділ­хан Ержанов, Серік Апрымов. Олар кино­ға өнер ретінде қарайды, олардың қол­таңбасы, өзіндік стилі мен түсіру мәнері қалыптасқан. Олар әрқашан авторлық туындыларды түсіреді. Аудиториясы да көп бола бермейді. Өйткені жаңа айтқан­ымдай, шынайы өнерді кез келген көрер­мен интелектуалды тұрғыда қабылдауға дайын емес. Дәрежан Өмірбаев пен Серік Апрымовтың аудиториясының бір қызы­ғы, олар түсірген киноны Еуропа елдері сүйіп көреді. Парижде соңғы үш жылдың ішінде Дәрежан Өмірбаевтің екі ретрос­пективасы өтті. Ол туралы кітап жария­ланды, фильмдері әрқашан прокатқа шы­ғады. Тіпті осыдан екі жыл бұрын Парижде шығатын Le Monde журналында «Аватар» мен Дәрежан Өмірбаевтің «Ақын» фильмі салыстырып жазылған мақала жарияланған. Сол кезде еуропалық көрермен «Аватарға» бармай, «Ақын» фильміне көбірек билет алған екен. Осын­дай қолтаңбасы қалыптасқан режиссерлер біздің көрерменге қызық болмай тұр. 

ТІЛШІ: – Аншлагпен өтетін фильмнің барлығын сәтті, сапалы шыққан деп тұ­жырымдай беруімізге бола ма? Бірақ кейде прокатқа шыққан киноның сеанстары көр­ермен сұранысына қарай ұзартылып не қысқартылып жатады. Мәселен, «Міржа­қып. Оян қазақ!» сұраныстың көптігінен ұзартылса, «Соңғы үкім» сеанстары бірқатар кинотеатрдан алынып тасталды. Кино­сыншылар бұларды қалай бағалайды?

Баубек НӨГЕРБЕК: – Аншлагпен көр­сетілген барлық фильм табысты деуге болмайды, бір-екі аншлагпен өткен сеанс­тан кейін қызығушылық тоқтап қалуы да мүмкін. Қараша айында экранға шыққан «Нурикамал» көптің талқысына түсті. Бұл фильм коммерциялық тұрғыда да ре­жиссер Ернат Байұзақтың жасаған сәтті қадамы болды. «Міржақып. Оян қазақ!» алдымен сериал болып түсірілген, «Шекер» де веб-сериал форматында жа­р­­ық көрген. Сериалдар қызығу­шылықты тудырғанның арқасында жеке фильм болып экранға шықты. Дегенмен «Ше­кер­дің» табысы аса жоғары болмады. Биылғы жылдың қорытындысында, отандық фильм өте көп түсірілді. Оның басым көпшілігі – комедия. Бұған дейін қазақ киносының мазмұны тек тарихи киномен ғана шектеледі деген көзқарас қалыптасқан болса, ал қазір комедияның шеңберінен шыға алмай қалды деген түсінік бар. Десек те, қазір комедияға фэнтэзи элементтері ақырындап қосыл­ып жатыр, «ЗаманBack» пен «Асыққан сағат» соның дәлелі.

Дана ӘМІРБЕКОВА: – Аншлаг – кино сапа­сының көрсеткіші емес. Ол да жарнамаға тікелей байланысты. Екін­шіден, тақыр­ыпқа байланысты. Егер тақырып өзекті болса, егер дәл бүгінгі күні көрерменді қыз­ықтыратын, оны ойландыратын бол­са, көрермен соған әуес. Соңғы кезде ерекше касса жинаған фильмдердің ішінде ол әйел тақырыбы немесе зор­лық-зомбылық тақырыбы. «Нурикамалға» келсек өте көп пікірталас тудырған фильм. Бір жағынан фе­ми­нистер өте қарсылық танытты. Осындай өзекті та­қырыптар көрерменге қызық. Бірінші адам көреді, екінші адам ол туралы мақтаса, енді бірі кемшін тұсын жазады. Келесі көрермен өз көзі­мен көру­ге бара­ды. Соңғы шыққан фильм­дерде касса жинағандардың бірде-бірі өнер туын­дысы емес, бірде-бірі көр­кем­дік тәсілі тұрғыдан сапалы емес, деңгейі орташа туындылар. Ол жерден режис­сураны да байқамадым, актерлік ойын да әлсіз, техникалық тұрғыдан да ортаң­қол дең­гейінде орындалған. Тек өзекті, даулы тақырып болғандықтан көрермен қызы­ғушылығын оятып отыр. 

Дайындаған 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ