Елде жаңажылдық мереке қарсаңында әуе рейстері мен пойыздардың саны артпақ.
Жаңа жыл қарсаңында билет тапшылығы шешіле ме?
663
оқылды

Жаңа жыл қарсаңында тұрғындар билет таппай, әуре-сарсаңға түседі. Тапқан күннің өзінде қымбат. Мәселені шешу үшін әуе және теміржол компаниялары рейстердің санын ұлғайтатынын жариялады.

"Біз желтоқсан мен алдағы қаңтар айында Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында ішкі бағыттар бойынша рейстер санын арттырдық. Сондай-ақ Алматы-Мәскеу бағытына 12 қосымша рейс қосылды", – дейді авиакомпанияның PR және маркетинг бөлімінің басшысы Виктория Старожилова.

Қосымша рейстер қосылса да, билет тапшылығы мәселесі шешілмей отыр. Сұраныс көп. Билеттердің бағасы сұранысқа қарай қойылады. Әуе компаниясының өкілі осылай дейді. Әдетте арзан билеттер тез сатылып кетеді.

"Мереке күндері сұраныс артатындықтан, арзан тарифтер лезде сатылады. Алайда әуе компаниясының тарифтері 2020 жылдың шілдесінен бастап өзгерген жоқ", – дейді әуе компаниясының PR және маркетинг бөлімінің басшысы Виктория Старожилова.

Теміржол билеттерін алу әуе билеттеріне қарағанда оңайырақ. Көлік министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, олардың құнын мемлекет реттейді және мереке күндері тарифтер өзгеріссіз қалады.

"Мереке қарсаңында түрлі бағыттар бойынша жүретін қосымша пойыздар іске қосылады. Бұл пойыздар қосымша 43 мың жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді", – дейді ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі Ляззат Стамғазиева.

Тығырықтан шығудың бір жолы: қазір Алматыға бару үшін Қарағандыға дейін билет тапсаңыз, әрі қарай бару үшін Қарағандыда сол пойыздың ішінен басқа орын табуға болады. Теміржол қызметі осындай жаңашылдық енгізді. Бұл жолаушының діттеген жеріне уақытылы жетуіне мүмкіндік береді.