Қашықтан оқы, студент!
Қашықтан оқы, студент!
512
оқылды
Елімізде барлығы 128 ЖОО мен 700-ден астам колледж бар. Коронавирус пандемиясы салдарынан 16 наурыздан бастап жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтан оқытуға мәжбүр. Қа­зақ­станда ғана емес, әлемдегі білім ахуалы осындай. Алайда оған керек-жарақ дайын ба, интернет жыл­дамдығы сай ма? 12 наурыз күні Білім және ғылым министрі жасаған мә­лімдемеден соң, студенттер сарсаң күйге түсті. Себебі қа­шықтан оқу үшін интернет жүйткіп жұмыс істеуі қажет. Оған еліміздің шет аудандарын­­да мүмкіндік жоқ. Бұл – бұ­рыннан белгілі жайт. Бұдан бөлек, олар үйге қайт деген соң билет алудың қамына кіріскен. Кешеден бері «Қазақстан темір жолынан» бастап, aviata.kz сайтына дейін «сыр» берді. Бір уақытта бірнеше мың адамның кіруі серверге соққы болды. Ендеше бір универде кем дегенде 10 мың студент бар. Тапсырма алу үшін оқу орны сайтына сан мыңдаған ізденуші кіреді. Интернеттен бұрын, университет сервері алдағы «тасқынға» дайын ба? Ал ин­тернеті жоқ ауылға кеткен сту­денттің жайы не болмақ? Аталған жиында бас мұғалім «Еліміздегі университеттер үлкен қалаларда орналас­қан­дықтан, барлық жерде техни­калық және интернет жылдам­дығы жағынан мүмкіндік бар» деді. Одан бөлек, 68 мектепте мүлдем интернет жоғын, бірақ тиісті жұмыс жүргізіліп жатқа­нын айтты. Демек, 68 мектеп деген сөз – 60-тан астам ауыл­дың интернеті жоқ дегені. Сонда ЖОО орнынан үйіне қайтқан студент орындаған тапсырмасын қалай жібереді? Осы турасында универси­теттердің біразына қоңырау шалдық. Еліміздегі 102 оқу орны «Платонус» жүйесі арқылы қа­шықтан оқыта алады. Оған қоса аталған жүйеде 300 колледж бар. Қалған жоғары білім беретін ұйымдарда «Универ» жүйесі жұмыс істейді. Мұнда силабус арқылы студент тапсырмасын алып, қайта жібере алады. Күн­делікті бағасын көріп, керегін табады. ҚазҰПУ-дың академиялық мәселелер департаментінің директоры Еділ Мақаштың айтуынша, университет қашық­тан оқыту үшін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аграрлық университет «Плато­нус» жүйесін қолданады. Оқу орны бұл жүйені 10 жыл бойы кәдеге жаратып келеді. Студент «Платонус» арқылы тапсырма алып, силабусқа жүктелген мә­ліметті оқи алады. Оқытушылар тапсырмасын тексеріп, күнде­лікті сабақтағыдай балл қояды. Департамент директорынан интернет жұмысы төмен шет аудандарда тұратын студентке қандай шара қолданатынын сұрадық. Оның сөзінше, интер­неті әлсіз, алыс ауылда тұратын студентке жатақханада қалған ыңғайлы. Бірақ ол жатақханада тұрса да, қашықтан білім алады. Университет мамандары қазір қай студенттің қайда тұратынын анықтап, жеке-жеке сұрастырып жатыр екен. Интернеті жоқ ауылға барғанша, жатақханада жатып сабақ оқығанды жөн көретіндер бар. Facebook-те студент ойы екіге жарылғанын көзіміз шалып қалды. Нұрлыхан Жұмахан есім­ді желі қолданушысы 17 нау­рызда ауылға қайту ойда барын, алайда онда желі ұстамайтынын жазған. Wi-Fi желісі жоқ жерде қандай білім болсын дегенді айтады. Енді «сабаққа қалай қа­тысамын?» деп өзіне сұрақ қо­йып отыр. Алматыда қала бере­йін десе, ақшасы таусылған. Жазбасының соңында каран­тинді пайдаланып, ауылға кету жоспары мүмкін екенін тұспал­даған. Пікір қалдырған студент­тер де ауылға кетуді ұйғарғанын жазған. Оның үстіне Instagram желісінде «біздегі онлайн қайбір онлайн дейсің, сабақ бітті ғой студенттерге» деген сөзден «аяқ алып жүре алмайсың». Міне, елдегі қашықтан оқуға деген сенімнің сиқы. Ал интернет мәселесіне келсек, informburo.kz-тің мәлі­ме­тінше, 117 қала мен 3 324 ауылда кеңжолақты интернет бар. Арасында алуан түрі – 2G, 3G мен 4G-і бар. Цифрлы да­му, инновациялар және аэроға­рыш өнеркәсібі министрі 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды талшықты-оптикалық интернет желісіне қосатынын айтып уәде берген. Қош, министр уәдесінде тұрса, онлайн оқуда «мін» болмас. Одан бұрын оқушылар каникулдан қайтып келгенше, коронавирустың беті қайтсын деп тілейік. Өйткені еліміздегі оқушы саны ЖОО мен колледж­дегі студент санынан көп екені белгілі. Оның үстіне ауылды жерде қашықтан оқыту дегенге миығынан күлетіндер табылады. Ал Білім министрі бұған дайын екенін атап өткен. Жоғарыдағы баспасөз мәс­ли­хатында «Біз қашықтан оқыту режиміне дайынбыз» деді. Bilim Media Group деген ақылы ресурс барын нұсқап, олар өзінің 40 мың дәрісін тегін беріп отыр­ғанын жеткізді. Басқа ресурстар да көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Тиісті әдістемелік нұс­қауды әзірлеп, мектептерге жі­беріп жатқанын қосты. Тек бізде емес, әлем онлайн режимге көшті. Италия, Ис­пания, Германия және тағы басқа елдерде білім жүйесі қашықтан оқытуға көктемнің басында ауысты. Қытай оқшау­лану амалын ерте бастады. Түр­кия да білім жүйесіне байла­ныс­ты қарар қабылдады. 16 наурыз­дан бастап орта білім мекемелері 1 аптаға, жоғары оқу орындары 3 аптаға каникулға шықты. 23 наурыздан бастап мектеп оқу­шылары қашықтан білім алады. Қалай десек те, сақтану – өз еркіңде. Бірақ білім алу, жаңаны үйрену – міндет. Сондықтан оқимын, үйренемін дегенге кедергі аз. Интернеті жоқ жерде қашықтан оқу дегеніміз – білім­нен қалыс қалу емес. Цифрлы даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі діт­теген межесіне жетсе, Білім және ғылым министрінің «ты­ны­сы» ашылар еді.    width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ