Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша Нүкеновтер отбасының мүддесін қорғаған адвокат Жанна Уразбахова жаңа мәліметтер жариялады. Ол бұл туралы Instagram желісіндегі өз парақшасында жазды.
Адвокат Жанна Уразбахова әлеуметтік желіде Салтанат Нүкенованың өлімі болған түні оқиға орнына барған такси жүргізушісінің әңгімесін жария етті.
Оның айтуынша, Астанаға Жоғарғы сотқа барған кезде, 2024 жылы шілде айында такси жүргізушісімен кездесіп, сөйлескен.
Такси жүргізушісі 2023 жылғы 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні гастробарға шақырылған. Ол барғанында көшеде ер адаммен бірге қыздың тұрғанын көрген.
"Қыз таксиге отырмақ болған. Бірақ оның жанында тұрған ер адам оның шынтағынан ұстап алып, көлікке отыруына мүмкіндік бермеді. Таксист олардың арасында жанжал туындағанын біліп, араласқысы келген. Алайда сол кезде ер адам есікті ашып, оны балағаттаған. Ол оның әйелі екенін, ешқайда кетпейтінін айтқан. Тіпті, ер адам: "Бұл менің мейрамханам, менің кім екенімді білесің бе?" деп айқайлаған.
Таксист шыдай алмай, көліктен түспек болғанымен, гастробар күзетшісі оған араша түскен. Ол жүргізушінің кетіп қалуын өтініп, бұл жігіт олардың бастығы екенін, төбелес шығарудың қажеті жоқ екенін түсіндірген", – деп жазды Жанна Уразбахова.
Уразбахованың айтуынша, такси жүргізушісі кетіп қалған, содан болған жайт туралы әріптестерінің чатына хабарлаған.
"Таңертең сағат 7-8 шамасында оған тағы да гастробардан қоңырау түскен. Бірақ 15 минут күткеннен кейін ол кетіп қалған. Ал бейнебақылау камераларынан осы кезде не болып жатқанын біз білеміз. Сондықтан "Салтанат кетіп қалуы керек еді, өзі қалды" дейтіндер, біле жүріңіздер, ол кеткісі келген, бірақ кете алмаған. Бір жаққа қашып кетуге мүмкіндігі болмаған", – деп жазды Уразбахова.
Еске салайық, Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы қасақана өлтірмегені дәлелденіп, сот үкімімен ол 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.