Aikyn.kz смартфонды бірнеше секундта толық қуаттайтын тостердің жұмыс істеу қағидаттарын newatlas.com сайтындағы мақалаға сүйеніп, түсіндіреді.
iPhone-ды тостер тәрізді Swippitt қорабына салып, екі секунд ішінде толық зарядталған батареямен жұмысыңызды жалғастырасыз. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Swippitt
Дәстүрлі CES 2025 көрмесінде ең көп талқыланатын өнімдердің бірі супер смарт TV да, өте әдемі жаңа буын электромобиль де емес. Ол күнделікті қолданысқа қажет – қарапайым құрылғы. Жаңа Swippitt IPS – смартфондарға арналған жылдам зарядтау тостері. Енді екі сағат бойы iPhone-ды электр розеткасына немесе сымсыз қондырмаға байлап қоюды ұмытып, оны тостер тәрізді Swippitt қорабына салып, бірнеше секунд ішінде толық зарядталған батареямен жұмысыңызды жалғастыра беріңіз.
Екі секундтық зарядтауға сену қиын болуы мүмкін. Бүгінгі адамдарды таңғалдыру қиын екенін білеміз. Бірақ бұл тостер – бүгін сізді таңғалдыра алады. Енді бірнеше күннен кейін оған да үйренеміз, «неге 2 секунд күтемін, 1 секундта зарядтайтын тостер қашан шығады?» деп реніш те айтатын боламыз. Бірақ оның бәрі ертең.
Ал бүгінгі Swippitt кейбір мегавольттық керемет зарядтағышпен қуаттау уақытының сағаттарға созылатынын секундтарға дейін қысқарта алады.Құрылғының жұмыс дизайны өте қарапайым. Компания озық цифрлық және қарапайым механикалық технологияларды жылдам және ыңғайлы батарея алмастыру экожүйесіне біріктірген. Бұл ақылды әрі қарапайым шешімді Instant Power System (IPS) деп атаған.
Қуаттау құрылғысы асханадағы кәдімгі тостерге ұқсас. Swippitt Hub бір уақытта бес бөлек 3 500 мАч батареяларды сақтайтын және зарядтайтын көп батареялы қондырма түрінде жасалған. Swippitt компаниясының меншікті бағдарламалық жасақтамасы бес батареяны оңтайлы зарядтау мен оларды ауыстыру қызметін басқарады.
Батареялардың өзі смартфонда орнатылған зауыттық аккумуляторлар емес, бірақ қорғаныс қаптар немесе қосымша батареялар түрінде қызмет ететін Swippitt Link қосалқы батареялары. Олар телефонның қызмет ету мерзімін екі есе арттырады.
Сонымен, қуаты таусылған телефоныңызды Hub ұяшығына саласыз. Зарядтау тостері телефонның қабы түрінде орнатылған батареяны алып тастап, оны ішкі конвейер жүйесі арқылы толығымен зарядталған батареяға ауыстырып береді. Осылайша, телефонға жаңа батареяны 2 секундта орнатып, қуаты таусылған батареяны тостер автоматты түрде зарядтай бастайды. Тостерде толық зарядталған 5 аккумулятор сақталатын ұяшық бар, яғни, бірнеше секундта 5 адам өздерінің смартфондарына жаңа батарея орнатып ала алады.
Зарядтау тостері бір смартфон батареясын ауыстырғаннан соң, төрт секундтан кейін келесі телефонның батареясын ауыстыруға дайын тұрады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Swippitt
Батареяны ауыстыру процесі небәрі екі секундты алады, сондықтан телефонды үйде қалдырудың немесе зарядтағыштың қасында отырудың қажеті жоқ. Қуаты таусылған батареяны жаңасымен ауыстырып, өз жұмыстарыңызды жалғастыра бересіз. Өте ыңғайлы.
Бес батарея сыятын бір құрылғы бірнеше телефон үшін пайдалануға әрқашан дайын. Бұл оны үйде, жұмыста пайдалануға ыңғайлы етеді. Зарядтау тостері бір смартфон батареясын ауыстырғаннан соң, төрт секундтан кейін келесі телефонның батареясын ауыстыруға дайын тұрады.
Жедел қуат жүйесі (IPS) батареяның қызмет ету мерзімі, жүйені басқару, телефонның орналасқан жері және т.б. туралы ақпаратты да қамтиды. Ол сондай-ақ батареяны пайдалану үлгілері туралы мағлұмат береді, жүйенің қуатталған батареяларды бөтен адамдарға рұқсатсыз бермейтін опциясы да бар.
Link батарея корпустары қазірше тек iPhone 14, 15 және 16 үлгілерімен үйлесімді. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Swippitt
IPS смартфонның батареясының қызмет ету мерзімін басқарудың ақылды әдісі сияқты көрінгенімен, оның кемшіліктері де жоқ емес. Біріншіден, Link батарея корпустары қазірше тек iPhone 14, 15 және 16 үлгілерімен үйлесімді. Swippitt 2025 жылдың соңына қарай Android құрылғыларымен және iPhone-ның басқа модельдерімен үйлесімділікті қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Екіншіден, әрқайсысы 125 доллар болатын бес бөлек Link батарея корпусын және 450 долларға Hub тостерін сатып алу қымбат екені анық. Көп адамдар бұндай шығынның орнына телефонды баяу болса да ескі әдіспен зарядтауды таңдауы мүмкін.
Үшіншіден, смартфонның қабында орнатылған батареяның салмағы өзі ауыр телефонды тағы қанша грамға өсетіні де белгісіз. Телефон тағы 50-100 грамға ауырлауы мүмкін.
Жақын арада Swippitt құрылғылары ашық нарықта сатыла бастайды, сонда тұтынушының нені таңдайтыны белгілі болады. Қызығушылық танытқандар компанияның веб-сайтындағы хабарландыруларға жазылып, құрылғыларды 30% жеңілдікпен сатып ала алады. Тостерлерді жеткізу 2025 жылдың маусымында басталады деп жоспарланған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.