ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті отандық ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, 2024 жылы ел бойынша 40 sim-box құрылғысын тәркіледі, – деп хабарлайды Аikyn.kz polisia.kz сілтеме жасай отырып.
– Жалпы, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ел бойынша 40 sim-box құрылғысы тәркіленді, алаяқтарға көмек көрсеткені үшін 20 адам ұсталды. Жеті деректе ұсталғандар ТМД тұрғындары болып шықты. 2025 жылдың басынан бастап Қарағанды облысында үш sim-box құрылғысы тәркіленіп, екі күдікті адам ұсталды. Sim-box құрылғыларымен жасалатын заңсыз әрекеттерді тоқтату жұмыстары жалғасуда. Бұл мәселе ведомствоның тұрақты бақылауында, – деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Ел аумағында алаяқтық жасау кезінде пайдаланылатын sim-box құрылғыларын заңсыз қолданудың жолын кесу бойынша жұмыс жалғасып келеді. Түрлі мессенджерлер арқылы қазақстандықтарға қоңырау шалу үшін интернет-алаяқтар sim-box құрылғыларын пайдаланады. Бұл қылмыскерлерге әлемнің кез келген бөлігінде жүріп, отандық ұялы байланыс операторларына қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Тек жабдықтың елде болуы және жергілікті ұялы байланыс трафигін пайдалануы жеткілікті.